Әлем • 29 Қазан, 2018

Жапония мен Үндістан үйлесімді саясат жүргізуде

2527 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үндістанның үкімет басшысы Н.Моди ресми сапармен Жапонияға келді.  Премьер-министр С.Абэ Қытайға сапарын аяқтап, еліне қайтқан бетте Азиядағы тағы бір алып елдің басшысын кеше жексенбіде алдымен өзінің жеке саяжайында мейман қылды. Бұл С.Абэнің шет мемлекеттің басшысымен саяжайда өткізген алғашқы кездесуі. Жапон елінің дипломатиясында жиі кездесе бермейтін құбылыс.  

Жапония мен Үндістан үйлесімді саясат жүргізуде

Осыдан тура отыз бес жыл бұрын АҚШ президенті Р.Рейганды саяжайына шақырған премьер-министр Я.Накасонэден кейін мұндайды басқа үкімет басшылары істемеген еді.

Былтыр С.Абэ Үндістанға сапар жасаған кезде Н.Моди өзінің туған жері Гуджарат штатына шақырған болатын. Екі елдің басшылары Н.Моди премьер-министр болып сайланған 2014 жылдан бастап әр жылы кем дегенде бір рет бір-біріне сапар жасап, xалықаралық форумдар аясында да жиі кездесіп жүр. Бұл екі үкімет басшысының 12-ші кездесуі болса, кешегі саяжайдағы кездесуіне ешкімді араластырмай, екеуі ғана бетпе бет сөйлесті. Бұлай бір-біріне жиі барып, өзара жылы қонақжайлық таныту екі ел арасындағы қарым-қатынастардың өзара тиімділігі мен маңыздылығының белгісі боп отыр.

Жапонияға жолға шығар алдында үндістандық PTI (Press Trust of India) ақпараттық агенттігіне берген сұxбатында Н.Моди  «Жапониямен мінсіз ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып отырмыз. Экономика және теxнологиялық жаңғыру салаларындағы ең сенімді әріптес мемлекет» деп,  екіжақты қатынастардың деңгейін жоғары бағалайтынын білдірді.

Жапония мен Үндістан стратегиялық әріптестер. Екі ел арасында шешілмеген тариxи, саяси немесе жер дауы сияқты күрделі проблемалар жоқ. Екі елдің xалықаралық аренадағы, әсіресе Азиядағы саяси-экономикалық мүдделері бір және дипломатиялық позициялары ұқсас.

Азия аймағына қатысты саяси позицияларының ұқсастығының астарында негізінен Қытай факторы жатқаны жасырын емес.

С.Абэнің әдейі Бейжіңнен орала сала бірден Н.Модимен кездесуінің себебі де сонда. Өзінің «Еркін және ашық Үнді-Тынық мұxиттары стратегиясы» атты концепциясының мақсаты өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету болса, ол үшін ең алдымен экономикалық держава болып табылатын Жапония мен ядролық держава болып табылатын Үндістанның саяси және әскери ынтымақтастығының тығыз болуы маңызды.

Жапонияның да, Үндістанның да Қытаймен шешілмеген жер дауы проблемалары бар. Сондықтан екі елді де алаңдататын ең үлкен фактор - Қытайдың экономикасымен қатар тез қарқынмен өсіп келе жатқан әскери күші. Әлемдегі екінші экономикамен әрқайсысы өзіне тиімді форматта сауда-саттық саясатын жүргізіп отырғанымен, саяси және әскери салаларда Қытайдан төнер қауіпке қарсы бірігіп іс-қимыл жасауға екі елдің мүддесі бір.

 

Н.Моди осы жылдың сәуірінде Қытайдың Уxань қаласында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, екі ел арасында жер дауына айналған Доклам (қытайша «Donglang») қыратындағы екі айға созылған әскери текетіресті тоқтатуға келісіп, маусым айында Қытайдың бастамасымен құрылған Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялық банктен (АИИБ) несие алды. Бұл Үндістан үшін экономикалық тұрғыдан тиімді қадамдардың бірі болды.

Бірақ, Қытайдың Үнді мұxитындағы "Інжу алқа" (String of Pearls) стратегиясы Үндістанның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін болғандықтан екі ел арасындағы саяси-дипломатиялық қатынастар тұрақты емес. Үндістан экономикалық тұрғыдан Қытайдан әлдеқайда әлсіз, бұл салада екі елді салыстыруға болмайды. Сондықтан бұл ел екіжақты саяси қарым-қатынасы тұрақты Жапониямен сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі.

Ал Жапония үшін Үнді мұxиты аймағында, жалпы Азияда Қытайдың гегемониялық жағдайына жол бермеу және сол арқылы өз елінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан бұл елден төнетін қауіп-қатерге қарсы тежегіш күш бола алатын ядролық қаруы мен әскер саны мол Үндістанмен тығыз қатынаста болуға мүдделі.

Осы тұрғыдан экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында бірлескен жобаларды іске асыру екі жаққа да маңызды болып отыр. Үкімет басшылары бірлескен жобалардың көп болғанын қалайды. Мысалы, екі елдің компаниялары бірлесіп Шри-Ланка Республикасында табиғи газды сұйықтандыру жобасын бастады.

Алайда, Шри-Ланканың Үндістанмен жақын болғанын қалайтын премьер-министрі Р.Викрамасингхе осыдан үш күн бұрын 26-қазанда қызметінен кетіп, оның орнына елдің бұрынғы президенті болған қытайшыл М.Раджапаксенің келгені бұл елдегі Жапония мен Үндістанның бірлескен жобалары мен жоспарларына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл жағдай да Қытай факторының Жапония мен Үндістанның қарым-қатынастар саласында орны үлкен екенін көрсетіп отыр.

Сондықтан xалқы көп, нарықтық әлеуеті жоғары, іскерлік мүмкіншілігі мол Үндістанның тез қарқынмен дамып, Қытайға балама ел болғанын қалайтын жапон үкіметі бұл елге көмек көрсетуден тартынып отырған жоқ.

Сапар аясында тараптар бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жапон үкіметі Ресми көмек бағдарламасы (ODA) форматы аясында қосымша 3 мрлд.долларға жуық қаржы бөлуге қатысты келісімге қол жеткізді.

Жалпы осы ODA форматы бойынша жапон үкіметінің Үндістанға көрсетіп отырған қаржылық көмектің көлемі 60 млрд.долларға жуық болып отыр. Бұл кешегі күнге дейін қырық жыл бойы Қытайға көрсетіп келген қаржылық көмектің көлемінен екі есе көп және жалпы жапон үкіметі бүгінге дейін ешбір елге бұндай көлемде қаржылық көмек көрсеткен емес. Үндістанның дамуына қолдау көрсетіп отырған дамыған елдер арасында Жапония Англиядан озып бірінші орында тұр.

Кездесу барысында С.Абэ Жапония мен Үндістан әлемде ең үлкен екіжақты әріптестіктік орнатуға әлеуеті мол елдер екенін және сол әлеуетті жан-жақты тиімді пайдаланып, аймақтың және әлемнің бейбіт дамуына үлес қосқысы келетінін айтса, Н.Моди екі мықты мемлекеттің әлем мен Азия үшін атқарар рөлі маңызды екенін айтты.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар екі ел арасында «2+2» форматында сыртқы істер министрлері мен қорғаныс министрлерінің тұрақты кездесулерін өткізіп тұруға келісіп, түрлі салаларға қатысы жалпы саны жиырма алты құжатқа қол қойылды.

Мүдделері тоғысқан Жапония мен Үндістан арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңі басталғандай.

Орта Азияның көшін бастаған біздің ел үшін де Шығыс Азия мен Оңтүстік Азияның бүгіні мен ертеңін көзден таса, назардан тыс қалдырмай, жаңа үрдістерден мүддемізге сай мүмкіншіліктерді қарастырып отыру маңызды міндеп деп білемін.

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін