Қазақстан • 21 Қараша, 2018

«Хат қоржын»

723 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

....ұсыныс жасайды

Еңбек Еріне көше атауы берілсе

Зейнет жасынан асқаннан кейін, күш-қайраты қайта тасыған, сөйтіп 1966 жылы 70 жасқа қараған шағында Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген Өтеміс Қалниязовтың есімі аға буын өкілдеріне жақсы таныс. Ерен еңбек иесі өз заманында жыл сайын әр 100 биеден 100 құлыннан алып өсірген. Өтекеңнің мемлекетке өткізген жас құнандарының әрқайсысының салмағы 345 килограмнан айналған. Сондай-ақ ол бәйгеге қосатын сәйгүлік баптап өсірудің де майталманы еді. 

Ө.Қалниязов 1981 жылы 84 жасында дүниеден өтті. Бүгінгі егемен елімізде де жылқы өсірумен айналысуға ниет білдірушілер аз емес. Әрине, бұл қуанарлық іс. Осы орайда хат жолдаудағы басты мақсатым – еліміз рухани жаңғыру аясында жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан тұста еңбегімен ер атанған, өмірінің соңына дейін құрығы қолынан түспеген Өтеміс Қалниязовтай тарландарымыздың есімдерін ұлықтай білгеніміз жөн деп санаймын. Бұл үшін аудан орталығы Шұбарқұдықтағы бір көшеге оның есімі берілсе – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болмақ. Сондай-ақ мұндай игілікті де, ізгі істер жастар арасындағы еңбек тәрбиесіне де өз ықпалын тигізе алатыны анық. 

Бақытжан ЕСЕНҚҰЛОВ, 

еңбек ардагері

Ақтөбе облысы,

Темір ауданы,

Шұбарқұдық ауылы

...қуанышын бөліседі

Мүмкіндігі шектеулілер байқауы

Семейдегі Мәдениет сарайында мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, өнерге деген құштарлықтарын арттыру, қоғамға кіріктіру тәжірибесін тарату мақсатында «Екі жұлдыз» шығармашылық байқауы өткізілді. Байқауға биыл облыстың 7 ауданынан, қаланың қоғамдық бірлестіктері, сонымен қоса Семей қаласының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нен барлығы 22 талапкерлер қатысуға өтініш білдірді. 

Іс-шара соңында жас ерекшеліктеріне қарай әр санат бойынша жеңімпаз жұптар анықталды. Семейлік Аяжан Дәулетқызы мен Дарын Айтқазин, зайсандық Дархан Қасейінов бас жүлдені иеленді. Шар, Көкпекті, Зайсаннан келген қатысушылар 1-орынды жеңіп алса, 2-орынды Аягөз, Жарма аудандары өзара бөлісті. Семей, Үржар, Көкпектіден қатысқан өнерпаздар 3-орынға ие болды. Шара соңында жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен диплом табысталып, мерекелік дастарқан ұйымдастырылды.

Райхан БАЙТІЛЕУОВА,

орталықтың әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы

Семей

...сүйсініс білдіреді

Түлектердің тартуы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» жобасы аясында Шетпедегі Б.Жұмалиев атындағы орта мектептің 50 жылдығы мен ауданның 90 жылдығына орай мектептің түлектері қайырымды іс жасады. 

Мектептің 1968-2008 жылғы түлектері өздері оқыған оқу ордасының іші-сыртына жаңалықтар енгізді. Атап айтар болсақ, мектеп түлегі Айдос Ақжанов 1,5 млн теңгеге мектептің сыртқы келбетін сырлап жөндесе, мектептің 1973 жылғы тағы бір түлегі Әлия Сармурзина мектептің алдына оқушылар үшін ыңғайлы болсын деп төсеніштер төсеп, орындықтар қойып берді. Сондай-ақ мектептің 1996-2002 жылғы түлектері 30 метрге жуық құны 700 мың теңге болатын «Б.Жұмалиев атындағы орта мектебі» деген әсем жазуын жазып берді. Ал мектептің сыртқы қоршауын Дулан Жоланбеков сыйға тартты. Жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген мектептің тоқ жүйесін 1992-1993 жылғы түлектері Шаңытбай Қосай мен Алтынбек Сәрсенбаев электр жүйесін толықтай жаңартып, 1 млн теңге көлемінде қолұшын созды.

Ал 1990 жылғы түлегі, кәсіпкер Айдос Түйебаев мектептің спорт залына 500 мың теңге көлемінде қаражатпен көмектесті. Мектептің жылу құбырлары да ескі еді. Бұл мәселе де түбегейлі шешілді. Өйткені жылуды түгелдей жаңартып берген 1984 жылғы түлегі, ауыл тұрғындары Марс Үбінаев пен Жарас Озғанов көмектесіп қолдады. 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы

...мақтан тұтады

Марапаттауға лайық азамат

Мемлекет басшысының білім саласына қатысты басым бағыттарын іске асыруда көпке үлгі көрсетіп жүрген жандардың бірі Ақылбай Қаймолдинов. Өз ісін біліктілікпен орындап жүрген ол бүгінде Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылындағы №1 орта мектептің директоры.

Ақылбай Асмақұлы сапалы білім, саналы тәрбиесімен шәкірттерін биікке жетелеген, ел сенімін ақтаған ардақты ұстаз. Үнемі өзін өзі жетілдіріп, білімін заман талабына сай толықтырып, ұжымға үлгі-өнеге көрсетіп жүреді. Әсіресе, оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге үйрету әдістемесін тереңнен қаузап, әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелерді кеңінен қолдануы оның біліктілігін айқын көрсетеді. Кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында түрлі кеңестерге, семинарларға, байқауларға қатысып, тәжірибе алмасып тұратынын да ерекше атап өткен жөн. Білім беруде ұлттық дәстүрді, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, туған жерге қатысты құндылықтарды кеңінен қолданып келеді. Осындай ерен еңбектің нәтижесінде шәкірттері үнемі аудандық, облыстық және республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар сайысында топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп жүр. Соның арқасында ұстаздың да еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға лайық деп танылды. Соның ішінде халықаралық педагогика және инновациялық технологиялар, ғылым академиясы, республикалық «Білім және ғылым» шығармашылық бірлестігі және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің алғыс хаттарына ие болды.

Гүлсара МҰҚАНОВА,

№1 Подстепный мектебінің мұғалімі

Батыс Қазақстан облысы,

Теректі ауданы