Әлем • 14 Қаңтар, 2019

Қазақстандық балалар әлемдік рейтингте тоғызыншы орынға тұрақтады

500 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Британдық Vouchercloud порталы Нобель лауреаттарының саны, ел тұрғындарының орташа IQ көрсеткіші және мектеп үлгерімінің критерийлеріне сәйкес әлемнің ең ақылды елдерінің рейтингін шығарды.

Қазақстандық балалар әлемдік рейтингте тоғызыншы орынға тұрақтады

Әлемдегі ең ақылды 25 мемлекеттің тізімінде Жапония көш бастап тұр. Күншығыс елінің бірінші орынға ие болуы үш критерий бойынша бағаланған. Жапония мектеп үлгерімі бойынша бесінші орын, Нобель сыйлығы және халқының орташа IQ деңгейі бойынша алтыншы орында.

Рейтингтің бірінші бестігіне Швейцария, Қытай, АҚШ және Нидерланды кіреді. Ресей – алтыншы, Бельгия – жетінші, Ұлыбритания сегізінші орынға табан тіреген. АҚШ Нобель сыйлығының лауреаттары (368 дам) есебінен төртінші орында тұр. Ал  IQ бойынша 28-орынды алса, оқудағы жетістіктерімен 13-орынға жайғасқан.

Forbes журналисі Дункан Мэдден рейтингті зерттей келе, халықтың IQ деңгейі бойынша көш бастап тұрған азиялық мемлекеттердің болашағы жарқын екенін айтқан. Сингапур Нобель сыйлығының лауреаттары бойынша 73-орында, ал IQ мен мектептегі оқу жетістіктерін бағалағанда бірінші орынды иеленген.

Қазақстан негізгі рейтингке кірмегенімен оқушылардың жетістігі бойынша Ұлыбритания, Израиль, Швейцария елдерін басып озып, тоғызыншы орынға тұрақтаған. Рейтинг авторлары Қазақстаннан мұндай нәтиже күтпегенін айтқан.

«Ресейдің көршісі Қазақстан әлемдегі ең ақылды балалары бар мемлекеттердің ішінде оныншы орында тұр. Мүмкін көз алдымызда жаңа интеллектуалды держава құрылып жатқан болар?», делінген порталдағы ақпаратта.