Қазақстан • 07 Наурыз, 2019

«Хат қоржын» (07.03.2018)

5073 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (07.03.2018)

...қуанышын бөліседі

Кәсіпкер жаңа ғимаратты сыйға тартты

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасы аясында Ақпәтер ауылының төл перзенттері – Хасановтар әулеті игі істі жүзеге асырды.

Туған ауылында өз кәсібін дөңгелентіп отырған Самат Хасанов фельд­шерлік-акушерлік пункт салып, жаңа ғимаратты ауылдастарына сыйға тартты. Кәсіпкер өз қаражатынан 16 млн теңге қаржы жұмсап, құрылыс жұмыс­тарын былтырғы жылы қолға алған еді. Міне, нәтижелі аяқталған құры­лыс нысаны ақпәтерлік ағайынның игілігіне қызмет жасауға толық даяр.

Жақсы істің жанашыры Самат Хасанов жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт кілтін Қазталов аудандық ауруханасының директоры Алмас Жүнісбековке табыс етті.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай нысанның салынып, елге тарту жасалуы ауданымызда үшінші мәрте жүзеге асып отыр. Бүгінгі заманға сай салынған фельдшерлік-акушерлік пункт ақпәтерліктердің игілігіне қызмет жасап, туған ауы­лына жанашырлық танытқан Саматтай азаматтың үлгілі ісі жалғасын табары сөзсіз.

Қайрат ЖАҚЫП 

Батыс Қазақстан облысы

...кеңес береді

Бедеулік мәселесі ойландырады

Біз өзіміз қызмет жасайтын жоғары оқу орны жанынан арнайы орталық құрып, бір буындағы қатар құрбыларымыздың репро­дуктивтік денсаулығын сақтауға қатысты мәселелерді ойластырып отырмыз. Оның форматтары мен жолдары туралы айтсақ, бірінші кезекте профилактикалық сипаттағы шараларды жүргізуді қолға алған жайымыз бар. Орталық құрамындағы акушер-гинеколог және уролог-мамандар олармен әңгімелер, тақырыптық басқосулар өткізіп келеді. Тәжірибеде кездескен жайт – ұлтымыздың ұл-қыздары бұл жөнінде мамандарға жолығудан, арнайы барып тексерілуден өтуден, олардың кеңесін алудан бой тасалай береді. Бұрын өмірге сәби әкелу мүмкіндігі болмаған дерт, яғни бедеулік қыз-келіншектерге қатысты айтылса, қазіргі кезде жігіттер арасында да белсіздік белгілері жиі байқалып жүр. Мұны жасырудың ешқандай қажеті жоқ. 

Бір сөзбен айтқанда, Жастар жылында олардың өмірі мен тыныс-тіршілігіне қатысты бірде-бір мәселе шет қалмауы керек. Бұл ретте мен биылғы жыл – жастардың өз денсаулықтарын күтуі үшін өздері қам жасайтын жыл болуын қалаймын.

Айбек НӘЖЕНОВ,

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті жанындағы әлеуметтік-психологиялық қолдау бөлімінің жетекшісі

АҚТӨБЕ 

...ой қозғайды

Жасыңа жетпей қартайма!

Жасы 75-тен асқан Әбекең ғаламторға үңiлiп отырған күйi:

– Менiң кемпiрiм он жылдан берi қарыс жерге аттап басқысы келмейдi... – деп, ас бөлмеге қарағыштап алды да сөйлей жөнелді. – Мiне, қара, Кей Д’Арси деген ағылшын кейуана 67 жасқа келгенде әртiс болыпты. Алдымен өз елiнде киноларға түсiп, онан кейiн Америкаға барып, Голливудтан бiр-ақ шығыпты. 85 жасында Дорис Лонг деген бiреу белiне белбеу байлап тiк құз жартасқа өрмелеп шығып, қайта түсудi кәсiпке айналдырыпты. Ал АҚШ-та Мэри Мозес деген кейуана 76 жасында қолына қылқалам алып сурет сала бастапты. Айта берсең, мысал көп. Бiздiң ағайындар қартайдым деп, ыңқыл-сыңқылымен әуре болып жүргенде, өзгелердiң иненiң көзiнен оқ өткiзген өлермен iсi көп.

– Қойыңыз ақсақал, қай-қайдағыны көлденең тартып. Ежелден-ақ қазақ әйелi одан да зорын атқарған. Қартайса да қары талмаған, бәрi де қазақтан. Мысалы, Домалақ ана көзi жұмылғанша әулеттi басқарып, ел ұранына айналған. Күй анасы Дина Нұрпейiсова 75 жа­сында Мәскеуде өткен Бүкiлодақтық байқауда, 1944 жылы 83 жасында Ташкенттегi Орталық Азия онкүндiгінде күйiн күмбiрлетіп көрермендердi аяғынан тiк тұрғызыпты, – деп мен де ақсақалға «айбат шектiм».

– Сен кешегiнi айтпа, бүгiнгiнi айт. Қазiр бiреуге «кешегi» деп ауыз ашсаң, мұрнын тыржитып шыға келетiн болды ғой. Мен де сондай болдым.

– Әбеке, сiз де қызық екенсiз... Ата-бабасы ғасырлар бойы көшпелi болған қазаққа қанында жоқ, зордың күшiмен болатын кәсiптi қалай күшпен дарытпақсыз? Қанымызда далалық саф, мәрт қасиет бар. Сон­дық­тан кез келген кәсiп пен қасиеттi бiз бойымызға дарыта бер­меймiз. Бiлдiңiз бе? 

– Сен, кежегеден керi тартпағын! Бұл қазақ аспанға да ұшқан, жердiң астына да түскен. Маған салсаң, жасыңа жетпей қар­тайма! Өзiңдi әманда сергек сезiн! Сонда қарттық та сенен қашық жүредi.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ

Қостанай

...жақсылығын жеткізеді

Кітап арқылы да баюға болады

 Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел болашағы жастардың білім алуына, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің озық тәжірибелерін оқу үрдісіне енгізу бағытында атқарылуға тиіс «100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру жұмыстары жан-жақты пысықталған болатын.

Аталмыш жоба жастарға тың серпін беретін басым бағыттардың бірі және бірегейіне айналып отыр. Аталмыш жоба әлемдегі таңдаулы оқулықтарды қазақ тіліне аударып, оқу үрдісіне енгізді. Сөйтіп, ең бастысы біраз гуманитарлық бағыттағы оқулықтар қолымызға тиді.

Бұл кітаптардың ішінде бізге жақын философия, дінтану, экономика бағытындағы оқулықтар бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптары болып отыр. Атап айтар болсақ, әсіресе «Қазіргі психология тарихы», «Әлеуметтік психология», «Әлеуметтану теориясы, «Тіл біліміне кіріспе», «Құдайтану баяны», «Менеджмент», «Кәсіпкерлік», «Төртінші индустриялық революция» сияқты оқулықтар өз басыма қатты ұнады. Сондай-ақ осы оқулықтардың ішінде «Медиа этика» кітабы авторы Ли Энн Пэк. Бұл кітап еңбекке жарнама, жаңалықтар, қоғамдық қатынастар саласында жұмыс жасайтын мамандарға таптырмас құрал болып отыр. 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы