Таным • 22 Маусым, 2020

Қайсар тұлға, қажырлы қайраткер

1610 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Кабинетінде жеке қалған Ерекең күндегі әдетінше жұмыс аяғында үстел үстіндегі күнтізбе бетін аударып қараса, тамыз айы да жақындап қалыпты. Осыдан он бір жыл бұрын Ерекең өзі туып-өскен Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған екен. Иә, уақытта өлшем жоқ деген осы.

Қайсар тұлға, қажырлы қайраткер

Есіне Мәскеудегі Тимирязев атын­дағы ауылшаруашылық академиясын қызыл дипломмен бітіргеннен кейінгі еңбек жолын бастаған Солтүстік Қазақ­стан облысындағы  «Марьевский» сов­­хозы түсті. Оның алдында аудан басшылары Ерекеңнің Мәскеудегі Тимирязев ака­демия­сын бітірген қызыл дипломын көріп, оны шаруашылықтың бас агрономы етіп тағайындады. Ал егін орағы кезінде совхоздың директоры басқа жұ­мысқа ауысып кетуіне байланысты аудан басшылығы Еркін Нұржанұлына директордың міндетін қоса ат­қаруды тапсырды. Дәл сол кезде Ерекең бар-жоғы 25 жаста болатын. Ол бірден ша­руашылық жұ­­мысына қызу араласып, өзінің білімі мен біліктілігін көп­шілікке таныта білді. Егін орағы табыс­ты аяқталып, шаруашылық жұ­мысын қорытындылаған облыс және аудан басшылары Еркін Әуелбековті совхоз директоры етіп бекітті.

Директорлық қызметке кі­рісісімен Ере­кең халықтың әлеу­меттік тұрмысын жақсар­туды қолға алды. Тың игеру жылдары жаңа салынған үйлер сол кезде одақтас республикалардан келген басқа ұлт өкілдеріне бірінші кезекте беріліп, өзіміздің қазақтар шетқақпай қалатын. Сол жағдайды байқаған Ерекең, ауыл­­дастарымен ақылдаса келе асарлық әдіс­ке көпшілікті жұ­мыл­дыра білді. Бүкіл ауыл болып, сенбі, жексенбідегі бос уа­қыт­тарын үй тұрғызуға арнап, лай илеп, саман құйған жігіттерге өзі бас болып жүрген соң, қалған жұрт та тыс қалмай, ұйымшылықтың арқасында бір мау­сымда баспаналарын жақсартып алды.

Еркін Әуелбековтің лауазы­мының тез өсуі аға ұрпақ өкіл­де­рінің көз ал­дын­да өтті. Оған бірден-бір себеп, оның өзі жетекшілік ете­тін ша­руашылық тұрғындарының әлеу­меттік тұрмыстарын көтере білуі, өнім өндірудің қосымша көздері іздестіріліп, еңбек адам­дарының күш-жігері сондай ұрымтал тұс­тарға жұмылдыра бі­луінде еді. Өткен ғасырдың ал­пысыншы жыл­дары кадрларды таңдаудағы қо­­ғамда қалыптасқан талап бо­йынша ұйымдастыру қабілеті бар, қай қызметте болсын өзін жақсы қырынан көрсете білген адамдарға әрдайым жол ашық болатын. Ерекең Сол­түстік Қазақстан облы­сында істеген қысқа уақытта өзін сондай қы­рынан көрсете білді. Қа­ра­пайым халықтың арасында қызу еңбекте қайнап пісті. Болмысындағы алғыр мінез де, жан-жақты іскер­лік те, өжеттілік пен ерлік те, міне, осы тұста бой көрсетіп, жас Ер­кіннің азаматтық тұл­ғасын ерекшелендіре түсті.

Бар-жоғы сегіз жылға жетер-жетпес уақытта Ерекең осы об­лыстағы лауазымды қыз­мет­тер­дің бәрін жемісті атқарып шық­ты. 1961 жылы ол Сол­түс­тік Қазақстан облысы атқару коми­теті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, содан соң Ерекең об­лыстық пар­тия комитетінің екінші хат­шы­лығына жоғарылатылды, көп ұза­май облыстық атқару ко­митетінің төрағасы болып бе­кітілді. Осыншама лауазымды қызметтерді мінсіз атқарып,  салауатты да салиқалы қалпынан айнымайтын Ерекеңнің тұлға­сынан парасат-пайымы және байыпты іскерлігі сезіліп тұратын. Облыс жұртшылығы Еркін Әуелбековті осындай қырынан тани білді. Қабылдауға келгендер ақыл-кеңес сұрайды. Он­дай жандар қашанда риза көңілмен алғысын айтып шыға­тын. Осындай құрметке ие болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермес бақыт және ол әкесі Нұр­жанның қанымен, анасы Қа­лиманың ақ сүтімен дарыған өнегелі тәрбиеден болатын. Еркін Нұржанұлының бас­шы­лықтағы табандылығы мен дарындылығы, адамдармен тез тіл табысып, оларды ортақ іске жұмылдыра білуі жө­ніндегі іскерлігі республика бас­шылығына да жетті. Орда бұзатын отыз жасқа жаңа толған Еркін Әуелбековті сол жылдары Қазақ КСР Ми­нистр­­лер Кеңесінің төрағасы болған Мәсімхан Бей­себаевтың ұсынысымен Ауыл шаруашылығы министрі­нің бірін­ші орынбаса­ры­ етіп тағайын­да­ды. Осын­дай жауапкершілігі зор республикалық көлемдегі қызметті атқаруға Еркін Нұр­жан­ұлы тас түйін дайын еді.  Өзіне де, басқаларға да қатаң та­лап қоя білетін Әуелбеков бұл жұмысты үйіріп әкетті.

Тың игеру жылдары, әсіресе солтүстік облыстардағы кадр сая­сатының өрескел бұрмалануы, келімсектердің лауазымды қыз­метт­ерге оңды-солды жаппай та­ғайындалуы кезінде, оның тегеу­рінді іс-әрекеті мен азамат­тық жігер таныта білуі екінің бірі­нің қолынан келе бермейтін батылдық болатын. Өзінің бас­тығы, министр Моторикамен иық қағыстыра жүріп, Ер-аға қиқар мінезді министрді өз дегеніне көндіре білді. Оның бір дәлелі министр еңбек демалысына кеткен кезде, министрдің міндетін атқара жүріп, министрліктегі жетек­ші екі басқарманың бас­шы­­лығына қазақ кадрларын тағайындады.

Еркін Әуелбековтің министр­ліктегі кадр саясатына батыл араласуы министр Моторикаға ұнай қойған жоқ. Ашық тартысқа бармаса да араларына бір сызаттың түскені байқалып тұрды. Е.Әуел­беков болса теориялық үздік білімін санаулы жылдарда озат тәжірибемен ұштастырып, білік­тілігін іс жүзінде реформатор екенін дәлелдеп үлгерді. Және қай жерде жүрсе де, қандай басшылық қызметте болса да өмір бойы ұстаз болып қызмет жасаған  Нұржан әкесінің өсиет етіп айтып кеткен: «Балам, қолың­да билік бола қалса, қара­пайым адамдарға қамқоршы бо­ла біл, ұлтыңның намысын еш­кімге таптатпайтын бол» деген  нақылын ешқашан естен шығармайтын. Сондықтан да болар, Ерекең Қазақстанның дамуы мен ұлтының өсіп-өркендеуіне үлес қосуды өмірлік мақсат етіп қойса, министр Моторика консерваторлық көзқарастан арыла алмайтын және қазақ мамандарына менсінбей қарайтын. Еркін Нұржанұлы министрлікке келген бетте осыны бірден байқаған бола­тын. Ал министр Моторика ашық айқасқа баруда Еркін Нұр­жан­ұлының білімпаздығы мен қиыннан қиыстырып сөйлей­тін шешендігінен сескенетін еді. Сондықтан ол  Д.Қонаевпен  кездескен сайын Әуелбековке қам­қоршы болғансып, оны өсіру керек екендігін жиі-жиі Димекеңе ай­тып жүретін.  Екі басшының ара­сындағы тартыстың тамыр жаюын қаламаған Дінмұхамед Ахметұлы болашағынан үлкен үміт күттіретін Еркін Әуелбековті Моторикаға жығып бермей, оны Қазақ КСР Астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі етіп жоғарылатып жіберді.

Тың игеру жылдары Қазақ­станның ауыл шаруашы­лығы мен өнеркәсібі зор қарқынмен дами бастады. Осыған орай Қа­зақ­станға бет бұрып Ресей мен бас­қа республикалардан ағылған кадрларда есеп болмады. Әсіресе солтүстік облыстардағы жағдай еш сын көтермейтін халге жетті. Мұндай келеңсіз көрініс сол жыл­­­дардағы республиканың бі­рін­ші басшысы Димаш аға Қо­­­наев­тың назарынан тыс қал­мады. Көкшетау облыстық партия коми­тетіне бірінші басшыны тағайындау кезінде, Дінмұ­хамед Ахметұлы жас та болса басшылық қызметтің түрлі са­ты­сында ысылып үлгерген Әуел­­­бековке ұсыныс жасады. Ұзақ жылдардан бері Көкшетау об­лысында бірінші басшының басқа ұлттан болуына байланысты, жергілікті кадрлардың үнемі назардан тыс қалатынын, жас қазақ мамандарын өсіріп, шаруашылықтың түрлі салаларына орналастыру керектігін, оларға қолдан келгенше жағдай жасау қажеттілігін ескертті. Шы­­­нында, Е.Әуелбеков осы об­лыс­қа келгенше Көкшетау облысында лауазымды қызмет­тегі қа­зақ кадрларының үлес сал­мағы жоқтың қасы еді. Олар­дың бірен-сараны ғана совхоз-кол­хоздардағы партия комитет­терінің хатшылығынан аспайтын.

Бірінші басшылық қызметте жүріп, Еркін Нұржанұлы об­лыс­тың экономикасы мен ауыл шаруашылығын респуб­ли­­ка­дағы алдыңғы қатарлы  аймақ­тардың қатарына қосты, ұлт­тық кадрлардың білім алып, қыз­меттерінің өсуіне үне­мі қамқорлық жасап отырды. Ди­қандар арасынан үздік жетіс­тіктерге жеткен қазақ жігіттеріне Социалистік Еңбек Ері атағын алуы­на септігін тигізді. Көп­теген аупарткомның бірінші хат­шылығы мен  аудандық ат­қару комитеттері төрағалығына жер­гілікті кадрлар тартылды.

Ер-ағаның осындай адал еңбе­гін облысқа демалуға ара-тұра келетін Леонид Ильич Брежнев те, республиканы ұзақ жылдар басқар­ған Дінмұхамед Қонаев та бай­қады, соған орай олар әділ бағасын берді де. Қырық беске келген шағында Еркін Әуел­бековке ұзақ жылғы жемісті ең­бегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осындай жаста мұн­дай атаққа республикадағы обком хатшыларының бірде-бірі  жет­пеген еді.

Қазақ «әркімнің өзі шығар биігі бар» деп бекер айтпаған. Бұл нақылдың Әуелбековке тікелей қатысты екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Ерекеңе Еңбек Ері атағы берілісімен, әсіресе Ал­матыда оның артынан пыш-пыш сөз айтушылар көбейді. Қазақтың «жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер» дегені шындыққа айналды.

Қонаев төңірегінде жүргендер жай сөйлеп емес, шайқап сөйлей бастады, «елуге жетпей Еңбек Ері атағын алған Әуелбеков ен­ді бір екі жылдан соң екінші жұл­­дыз алса, өзіңді тағыңнан кетіреді» дегенді Димекеңе жет­кі­зуге асықты, соған бар күштері мен қулық-сұмдықтарын салып бақты. Ақыры  сөз тасушылар өз ойлағандарына жетті.

Әуелбеков алдымен артта қалған Торғай облысын көтеру­ге жіберілсе, екі жыл толар-тол­мас­тан соң «Қызылорда облы­сының экономикасы мен әлеу­мет­тік саласын көтеру үшін» де­ген ұсыныспен Сыр өңіріне жі­беріл­ді.

Қиындықтан қаймықпайтын Әуелбеков үшін мұндай «та­ғайын­дау» оның жігерін жасы­та алмады. Қайта ол екі облыс­та да проб­лемаларды шешу­дің жолдарын тауып, оны бү­кіл республикаға жария етті. Мысал ретінде, Қазақстан Ком­пар­тиясы ХVI съезінде сөй­леген сөзінде Әуелбеков деле­гат­тар назарын Қызылорда об­лысының не себепті үнемі артта қалып келгенін, оған респуб­лика басшылығы тарапынан жет­кілікті көңіл бөлінбегенін, уақыт талабына сай халқының басым бөлігін қазақтар құрайтын аймаққа ерекше назар аудару қажеттігін ашына жеткізді.

Елдің экономикасы мен саяси жүйесін Горбачевше реформалау барысында КСРО халық депутаттар съезіне баламалы кандидаттарды ұсыну басталды. Неге екені белгісіз, Кеңес елінің жоғарғы органына жұмыс десе ішкен асын тастай салуға дағдыланған, үнемі ізденісте жүретін және әрдайым нәтижеге жетуді мақсат тұтатын Е.Әуелбеков Алматыда жасалған сценарий бойынша Қызылорда облысынан КСРО халық депутаты болып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің аймақтық даму комитеті төрағасының орынбасары қызметіне сайланды.

Мен өзім 1989-1991 жылдар аралығында Қазақ радиосының Мәскеудегі КСРО Жоғарғы   Кеңе­сінде парламент тілшісі бол­ған кезде, комитет отырысында оның мүшелері елдің, халықтың көкейкесті мәселелерін шешумен емес, саяси ойынға беріліп, әркім өз көрпесін өзіне қарай тартумен айналысатынын байқадым. Қарақан бастарының қамдары үшін ғана тірлік жасау­дың әрекеттеріне көңілі толмай жүрген Ер-ағаны талай кездес­тірдім.

Бір жолыққанда «мынан­дай күйімізбен елден айырылып, халықты тентіретіп жібере­тін шығармыз» деп ішіндегі күйі­гін жа­сырмап еді. Шынында да көп­шілікті ұшқыр ойымен, өт­кір сөзімен, қонымды ұсыныс­та­рымен өзіне қаратып алатын асыл ағаның осындай күйзеліс жағдайда жүргенін көру бізге әрі өкінішті, әрі ауыр еді.

Жалпы, Еркін Әуелбеков бүкіл болмысымен әділетсіздік пен заң­ды аяққа басатындар­мен аяусыз күресетін қайрат­кер,­ бірбеткей басшы еді. 1986 жыл­­дың көктемінде Бай­қоңыр әскери  бөлімшесінің кінәсі­нен Сырдарияның төменгі сағасын­дағы облыс халқының жартысына жуығы тұратын Қармақшы, Қазалы және Арал аудандары мен Байқоңыр қаласын уландыру қаупі төнді.

Осы жағдайға байланысты Е.Әуелбеков СОКП Орталық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы М.Горбачевке шығып, мән-жайды түсіндірді. Дереу Мәскеуден  «Главкосмос» басшысы генерал-лейтенант, екінші космонавт Герман Титов бастаған комиссия келді. Аталған мәселе облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, Еркін Нұр­жанұлы космодром басшысы генерал-лейтенант Юрий Ад­веркеевич Жуковты  аяу­сыз сынады. Мұндай қылмысты аяқсыз қалдыруға болмайтынын, заң бойынша осыған жауапты космодром басшысы Жуков партиядан шығарылып, сотқа берілетінін мәлімдеді.

«Сасқан үйрек артымен сүң­гиді» дегендей, генерал Жуков өлермен жағдайға түсіп, Әуел­беков­т­ен кешірім сұраумен бол­­ды. Бұдан былай жергілікті билік органдары мен тұрғындар мүд­десіне қол сұқпайтынын, аймақтың экологиялық талаптарын қатаң сақтайтынын, тағы аңдарды ен­дігәрі атуға бармай­тынын айтып, ант-су ішті. Осы­лайша жөн-жо­сықсыз кеткен космодром басшысын Еркін Нұржанұлы сабасына түсірді.       

Мәскеуден егемен еліне кел­­­ген Ер-ағаны мұнда ешкім күтпеп еді. Сондықтан біраз уақыт­қа дейін Ерекең жұмыссыз жүрді. Алай­да билік басында отырғандар Е.Әуелбековті ұзақ уақыт бойы қызметсіз қалдыруға дәттері шыдамады. Оның үстіне республикалық газеттерде «есімі бүкіл елге белгі­лі   мемлекет қай­раткері Еркін Әуелбеков не себепті жұмыссыз отыр, бұл дегеніңіз тәуелсіздігімізге дақ түсіретін жағдай ғой»  деп дабыл қаққан мақалалар шыға бас­тады. Өйткені Еркін Әуелбеков сияқты танымал азаматтың әлі де болса беделі зор еді. Бұл дабыл биліктегілердің құлағына да жеткен болар. Ақыры, Ер-ағаға Президент кеңесшісі  қызметі ұсынылды.

Менің қызмет орным Сәтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиы­лы­сында болғандықтан, таңер­тең немесе кешке қарай Ер-­ағаны жұмысына кетіп бара жат­қанда немесе үйіне келе жат­қанда жиі кездестіруші едім. Өзі­не жарасымды қоңыр даусымен сәлемімді алып, хал-жағдайды сұ­рап жататын. Сөзге тартып, денсаулығыңыз қалай дегенде де «құдайға шүкір» деп қысқа ғана жауап қайтаратын.

Шынында да Ер-ағаның сыр­қаттанып,  ауруханаға түсті деге­нін естіген емеспін. Арықша, сымбатты келген тік бойынан өзін өзі күтіп ұстайтыны білініп тұратын. Тек қана өткір жанарынан әлде бір сыртқа шықпай жатқан шер жатқандай көрінетін...

Білетіндердің айтуынша, Еркін Нұржанұлы парасатты, адал азамат, алғыр тұлға. Ол сол болмысынан өзгермей солайша өмір сүрді, солайша қайраткер ретінде қалыптасты, солайша өмірден озды. Оның өнегелі ұлттық тарих пен құн­дылықтарды сақтай білетін аза­маттық бейнесі Әуелбековті біле­тін барша жұрттың жадында сақ­та­латыны сөзсіз.

 

Мейрам БАЙҒАЗИН,

Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі,  Қазақстанның құрметті журналисі