Президент • 12 Қыркүйек, 2023

Қасым-Жомарт Тоқаев салық саясатын әділ жүргізу қажеттігін ескертті

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесу барысында салық заңнамасының тұрақсыздығы инвесторлардың сенімін азайтып, бизнеске қосымша ауыртпашылық туындататынын ескертті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев салық саясатын әділ жүргізу қажеттігін ескертті

Фото: ашық дереккөз

«Экономиканы ынталандыратын әділ салық саясатын жүргізу қажет. Салық заңнамасының күрделілігі мен тұрақсыздығына бизнестің шағымдануы азаймай тұр. Бұл инвесторлардың сенімін азайтып, бизнеске жоқ жерден мәселе туындатады. Салық органдары кәсіпкерлерді жаппай сотқа тартып жатыр. Атап айтқанда, келісімдерді жарамсыз деп тану жөнінде талап-арыздар көп беріледі. Соттардың жүктемесі едәуір артты. Оларға салықтың дұрыс төленуін тексеру міндеті де жүктелді. Бұған жол беруге болмайды. Жағдайды түзеу үшін шаралар қажет. Үкімет жаңа Салық кодексінде салықтан жалтаруға қарсы іс-қимылдың тиімді механизмін қарастыруы қажет. Сондай-ақ тауарсыз операцияларды анықтаудың нақты критерийлерін анықтау керек. Заңнама неғұрлым оңай болса, оны қате түсіну ықтималдығы да соғұрлым азаяды. Сондықтан рәсімдерді түбегейлі қысқартып, екіұшты тұжырымдарды жою қажет. Барлық даулы жағдай салық төлеушілердің пайдасына қарай түсіндірілуі керек», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент елдің экономикасына құйылатын салықтың басым бөлігі кәсіпкерлерден түсетінін де атап өтті.

«Елдегі салықтың 80 пайызын 260-қа жуық компания төлейді. Бұл теңгерімсіздікті басқа салық төлеушілердің салықтық түсімін арттыру арқылы түзету керек. Сарапшылардың бағалауына сәйкес, елімізде жұмыспен қамтылған жалпы халықтың төрт миллионы табысынан салық төлемейді. Жеңілдетілген салық режимі енгізілгеніне қарамастан, микро және шағын бизнес субъектілері табысын жасырып, ақша айналымын азайтып көрсетеді. Бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы жеңілдетілген декларацияда 5 миллионнан аз табыс көрсетіп, осы режим аясындағы түсімдердің 6 пайызын ғана төлейді. Сондықтан салық процедураларын жеңілдетіп, халықпен және бизнеспен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы белсенді салық төлеушілерді көбейту жаңа салық саясатының негізгі мақсаттарының бірі болуға тиіс. Салық төлеуден жалтарудан, жергілікті бақылаушы органдармен тіл табысып, тәуекелге барудан гөрі салық төлеу тиімді әрі оңай болуы керек. Салық заңнамасын өзгерту жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды», деді Қ.Тоқаев.

Президент кейінгі он жылдағы көрсеткішке сүйеніп, компаниялардан түсетін таза табыс пен негізгі капиталға құйылған инвестицияның арақатынасы да айтарлықтай кемігенін, кәсіпкерлер өзінің табысын бизнесін қайта жандандыруға инвестиция ретінде салуға ықыласты емес екенін жеткізді. Ұлттық экономиканың өсіміне инвестицияның тапшылығы шектеу болып отырғаны да айтылды.

«Соның салдарынан жаңа өндірістік қуат, жаңа жұмыс орындарын ашу және бюджетке түсетін төлемдері ғана азаймайды. Біз позициямыздан айырылып жатырмыз. Негізгі қорлар физикалық және технологиялық тұрғыдан ескіріп, жаңармай отыр. Бұл жалпы проблемаға инвестициялық ағынды әртараптандырудың бәсеңдеуі де әсер етеді. Біздегі шетелдік салымның басым бөлігі (68%) бұрынғыдай шикізат секторына тиесілі. Керісінше қайта өңдеу өнеркәсібі, электр қуатын өндіру, көлік және басқа да салалардан шетелдік инвесторлардың кетуі байқалады. Жуырдағы Жолдауымда корпоративтік несиелендіруді қолдауға бағытталған шешімдер айқындалды. Ең алдымен, инвесторлар салықтан және басқа да төлем міндеттемелерінен үш жылға босату міндеті тұр. Үкімет бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, экономиканың басым секторларына инвестиция тартуға ықпал ететін қосымша үш-төрт нақты шараны пысықтауы керек», деген Президент бірқатар нақты міндет жүктеді.