Шаруашылық • 12 Қыркүйек, 2023

Тапталған егініміздің себепкері

119 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Киіктің киесі бар секілді, жердің де өз иесі бар. Нұра – киіктердің Арқадағы мекені. Сол киелі аңның көптігі бір жағынан Нұрадағы шаруашылықтардың, біздің бас ауруымызға айналып отыр. Ақбөкендер егіс алқабын таптап, әжептеуір шығынға батырды.

Тапталған егініміздің себепкері

Киік санының жыл сайын өскені қиын болып тұр. Бүгінгі таңда шаруа иелерімен ұйымдасып, инспекторлармен бірлесіп, егіс алқабынан киік табынын айдап жатсақ та, барлық алқапты аман алып қалу мүмкін болмай тұр.

Осы мәселемен бетпе-бет келіп жүр­генімізге төрт жыл болды. Санын азай­ту керек деп ойлаймыз. Бидай шыққан кезде төлдеу науқаны басталады. Сол уа­қытта қиындық тудырады. Комбайн­мен орақ орып, шаруа істеп жүрсе, киіктің кішкентай лақтары жатады. Соны алып, басқа жерге апарсақ, инспек­торлар айыппұл салады. Қолымыз байланып отыр. Мысалы, ауданымызда 10-15 ғана инспектор бар. Мыңғырған киікке қалай ие болады?

Қалай десек те, егістігімізге зардабы зор болып тұр. Менің 2 мың гек­тар жерімді таптап, егінімді жеп кетті. Олардың тұяқтары өткір келеді. Жүгір­генде түбі­мен жұлып алады. Өткен жылы да осы мәселені көтеріп, Ауыл шаруашылығы, Экология министрліктеріне хат жаз­дық. Жауап жоқ. Естуімізше, Абай ауданындағы екі шаруашылыққа, Осакаров ауданындағы 11 шаруа­шылыққа да киік табыны зардабын тигізіп отыр екен.

Ең көп егін алқабы Нұра ауданы деп есептесек, біздің ауданда 23 шаруа­шылықтың егіс алқабы тапталыпты. Ал облыс бойынша есептесек, 13 ауылдың 36 шаруашылығына зардабын тигізді. Жалпы көлемі 38 440 гектарды құрайтын егістік жерлері тапталды.

Бұған қоса, басқа шаруа­шы­лықтарға тиесілі жайылымдық және шабындық жерлердің тапталуынан мал азығының тиісті көле­мін дайындай алмау қаупі бар. Шаруалар осы мәселелерді ескере отырып, киіктерді егістік алқабын тап­татпауға жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін жеткізеді.

 

Сайын ИБРАГИМОВ,

«Құланөтпес» ЖШС директоры

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы