Денсаулық • 13 Қыркүйек, 2023

Топалаң шошытып тұр

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сесі қатты топалаң (сібір жарасы) жұртшылықты қо­балжытып тастады. Дерт ошағы пайда болған Жарқайың ауданында сібір жарасын жұқтырған адамдардың саны 14-ке жетті.

Топалаң шошытып тұр

ФОТО: aldaspaninfo.kz

Олар қазір Есіл аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, біреуінің жағдайы өте ауыр. Топалаң пайда болған Үшқарасу ауылында «Рес­пуб­ликалық эпизоотияға қарсы отряд» мемлекеттік меке­месі қо­ра-қопсыны, жайылымдарды залалсызданды­рып, төрт тү­лікке түгел күй­дір­гіге қарсы екпе егуде. «Шы­ғасыға иесі басшы» дегендей, серіктестік жұмысшысы жала­қысының есебі­нен берілген етті отбасына беріп жіберген. Әлгі еттен ас қам­данған әйелі қазіргі күні сібір жарасын жұқтырған деген күдікпен ауруханада жатыр. Науқастардың аяқ-қолдары қабара қарайып, домбығып, күп болып ісіп кеткен.

– Ауруханаға түскен науқас­тар ем қабылдап жатыр. Ауыр халдегі науқасқа меропенем пре­па­раты егілуде, 52 жастағы нау­қастың жағдайы қиын болып тұр, – дейді Ат­басар аудандық ауруханасы бас дә­рігерінің орынбасары Мұх­тар Томтаев.

Ауруханаға негізінен серік­тес­тік жұмысшылары түскен. Көпшілігі бақташылар және олармен қарым-қатынаста бол­ғандар. Қазіргі күні 300-ге жуық тұрғыны бар Қарасу ауы­лы карантинге жабылған. Та­лап бойынша елді мекенге жа­қын­­дау мүмкін емес, арнайы бекет қойылған. Ауыл маңайын полиция қызметкерлері мен дезинфекциялық жасақ күзетуде. Әйтсе де, дәрігерлер мен мал дәрігерлері қажеттілікке орай өте алады. Онда да эпизоотияға қарсы жасақ дезинфекция жа­сап, залалсыздандырған соң ғана сыртқа шығарады. Жағ­дайды біршама жете білетін мал дәрігерлерінің айтуына қа­рағанда, осы ауылдағы серік­тестікте өлген малдың біреуінен сібір жарасы табылған.

– Пышаққа іліккені 30 бас, дейді Ақмола облыстық ве­те­ринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов. – Төрт бас малдың еті қоғамдық тамақ­тандыру орнына өтіп кеткен. Оның 536 килосын кері қайтарып алдық. Сол еттің ішін­де топалаңға шалдыққан малдың да еті өтіп кетуі мүмкін. Анығын сараптамадан кейін ғана айта аламыз. Бір белгілісі, жергілікті мал дәрігерлері табындағы түліктің бәрін еккен болатын.

Топалаңның сорабы әзірге беймәлім. Әйтеуір, етек алып кетпесе болғаны. Бұрын-соңды бұл өлкеде көз көріп, құлақ естімеген дерттің дақпыр­ты дүйім елді сескендіріп отыр.

 

Ақмола облысы,

Жарқайың ауданы