Жануарлар • 13 Қыркүйек, 2023

Бөкеннен келген бейнет

158 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары өңірдегі ақбөкен күрт көбейді. Төрт түлік малдың өрісі тарылып, егін еккен диқан бөкеннен бейнет шеге бастады.

Бөкеннен келген бейнет

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әуеден мониторинг жасаған кезде бөкеннің санын басқа ұрып санағандай болмаса да біршама дәл анықтауға болады. Облыста 2021 жылғы есеп бойын­ша бөкеннің саны 40 мыңға таяу деп есептелсе, 2022 жылы 80 мың бас­қа жет­кен. Қисынға әбден келеді. Жер­гілікті диқандар ақбөкеннің азабы туралы айтқан кезде жан түршігеді. Кейбір шаруа­шылықтар тәп-тәуір жайқалып өскен егінінен бөкеннің қырсығынан айыры­лып қалып отыр. Әрине, бұл жерде киелі жануарды қанқасап қып қырып тастайық деп отырған ешкім жоқ. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары ауыр еңбекпен келетін игілігімізді қалай қорғаймыз деп шақшадай бастары шарадай болуда.

– Жаз бойы аттан түскен жоқпыз. Егістік жерімізді күзетумен болдық. Сана­саңыз, қаншама шығын. Өздері адамнан жасқанып, қорқып-үркуді де білмейді. Біз де батып қуа алмаймыз. Көктемде көк шыққан кезде көресіні көрдік. Менің 687 гектар егістік алқабым бар. Шағын шаруа болғанымен, шығыны шашетектен. Кейінгі жылдары жанар-жағармайдың, техника бөлшектерінің, тұқымның күрт қымбаттап кеткені белгілі. Осыншама еңбекпен тырмысып, жер емшегін емейік десек, ақбөкен жол бермей тұр. Биыл күн ерекше ыстық болғаны белгілі. Қара қарғаның миы қайнайтын аптапта тоқымдай жерімізді кірпік қақпай күзеттік десек, артық айтқандық емес. Таяуда іргедегі «ТНК» Агрофирмасы» серіктестігі егістік алқап­тарын орып, астығын жинады. Сол кезде ақбөкеннен келген залалды анық көруге болатын еді. Олар егінді жеп тауыспайды-ау, өткір тұяқтарымен басып, жаншып кетеді. Жайқалып өскен жасыл егіннің ортасында аунайды. Көз байлана жүз сан бөкен егін ортасында жусап жатады. Киіктен қалған несібені жинап алған болдық. Бірақ қарап тұрып иманың қасым болады екен. – дейді Жақсы ауданындағы Терісаққан ауылының тұрғыны, «Саржан» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Кеңесов.

счм

Шынында да. биыл егінжайдағы жағ­дай мәз емес. Сол аз ғана егіннің өзін бө­кен шығынға ұшыратса, диқан атаулы бейнетке батпағанда қайтсін.

– Өздері де өсімтал екен. Біздің жобалауымызша, өткен жылмен салыстырғанда үш есе өсті. Қазақ «есің кетсе ешкі жи» демей ме, ешкі тұқымдас жануар екі-үш лақтан бір-ақ табады. Әлдеқалай табиғи апатқа ұшырамаса, мына қалпымен ен­дігі арада егін егіп, мал баға алмайтын шығармыз. Дала жайын жақсы білетін адамдардың айтуына қарағанда, Атбасар, Егіндікөл, Жарқайың, Қорғалжын аудандарын көктеп өтіп, әбден жерсініп, жайыла бастаған, – дейді Қ.Кеңесов.

Диқандардың жорамалына нақты дерек­терді келтіре кетелік, ресми мәлі­метке қарағанда, өткен жылы ақбөкендер 100 мың гектар жерді жайпап кетсе, биыл бұл көлем 140 мың гектарға жеткен. Аудан әкімдіктерінің мәліметінше, бөкендердің жалпы саны – 200 мың төңірегінде. Оның ішінде Атбасар ауданында көбірек шоғырланған. Төңіректе 120 мың басқа жеткен. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, көк­жиектен тұтасқан қара бұлт торлап келе жатқандай-ақ көрініс емес пе? Егін­дікөл ауданында – 30 мың, Жақсыда – 25 мың, Жарқайыңда 12 мың бөкен бар екен. Ал Қорғалжын, Астрахан, Целиноград аудандарында бес-алты мыңнан сайын даланың сағымы тәрізді өріп жүр.

– Бөкен біздің ауылдың төңірегінен Титов елді мекені жағына ойысқан. Осыдан он жыл бұрын көрінбей кетіп еді. Жезқазған жағынан ауып келді. Кей­біреулердің жорамалына қарағанда, Қорғалжыннан ойысқан табындар да бар. Бұрын дәл мұндай байқалмаған себебі, ол өңірлерде біздікіндей емес, егін еккен алқаптар аз ғой. Басы өскен соң бей­неті байқала бастады. Егіншілермен қатар, мал шаруашылығымен айналысатын адамдарға да оңай емес. Жеке басым­ның мұңы емес, жалпақ жұрттың көріп отырған бейнеті – осы. Мәселен, Тері­с­аққан өзенінің қос қапталы көк шалғынға тұнып тұратын, қысы-жазы қара мал мен жылқыға от. Киік жайлаған соң әсірелеп айтқанда жайылым, шабындық біткен тулаққа айналды. Жаз бойы күзетіп шықтық. Биыл басы күрт көбейген соң кү­зету де оңайға соқпады. Қазір бас салып төпей жөнелмей, баладай мәпелеп, жайылымнан шығарып жіберсең, келесі күні қайтып келіп тұрады. Көктемде Атбасар қаласында облыстық орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы осы мәселеге байла­нысты үлкен жиын өткізген. Сол жиында ақбөкенді атпақ түгіл, үркітіп қууға болмайтыны туралы айтылды. Айып­­пұлы адам шошырлық, – дейді Жар­қа­йың ауданындағы «Бабаш» шаруа қо­жа­лығының басшысы Рақымбек Сыз­дықов.

Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметіне қарағанда, 76,9 мың гектар егістік алқап ақбөкеннің тұяғының астында бүлінген. Ең көбі – Егіндікөл ауданының еншісінде. Бұл ауданның ысырап болған егістік алқабы – 40 мың гектарға жуық. Атбасар ауданының 17,4 мың гектар егістік алқабы бүлінген. Атба­сар, Қорғалжын, Жарқайың, Жақсы аудан­дарының диқандары да зиян шегіп отыр.

– Біздің ауданда жаздың күні бөкеннің саны 120 мың басқа жуықтады. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің қызметкерлерімен бірлесіп, киелі жануарларды аудан аумағынан ығыстырып шығарып жіберуге тырысқанымен, егін алқаптарын сақтап қала алмадық, – дейді Жарқайың аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің агрономы Мұрат Берлібеков.

Бүгінде облыстың 17 шаруашылығы бөкеннен келген бейнетті басынан кешіп отыр. Алдағы уақытта мәселенің қалай шешілері белгісіз. Кейбіреуі жағдай оңал­маса, егін егіп береке таппаспыз дейді.

– Биылғы жыл өте ауыр болды. Мамыр айы туысымен, бөкен бой бермей кетті. Біз тіпті тәулік бойы күзетіп шықтық. Әйт­се де 5 мың гектар жеріміз киік таба­нының астында жаншылып қалды. Бұл біз үшін үлкен шығын. Аудандық ауыл ша­руашылығы бөліміне шағымданып көр­дік. Егістік алқаптарымызды қорғайық деп қолда бар техниканың бәрін тізіп қойдық. Әйтсе де еш көмегі болмады. Қазір жауын көз аштырмай тұр. Бөкен біткен егістіктің үстінде, – дейді Жарқайың ауданындағы «Ростовское Агро» серіктестігінің агрономы Оксана Истомина.

Егіндікөл аудандық ауыл шаруа­шы­лығы, жер қатынастары және кәсіп­керлік бө­лімінің басшысы Жарасбек Жақа­новтың айтуына қарағанда, мәселені тез арада шешу керек. Қазіргі күні әрқилы ұсыныстар айтылуда. Қалай болған күнде де оңтайлы әдісін қолданып, тығырықтан шыққан жөн.

Ауыл шаруашылығы құрылым­дары­ның басшыларынан бөкенге байланысты арыз-шағым үдейе түсуде. Алдағы уақытта тығырықтан шығар төте жолды тапқан дұрыс. Онсыз диқандардың бейнеті азаймайтын сыңайлы.

 

Ақмола облысы