Театр • 13 Қыркүйек, 2023

«Абай» трагедиясымен ашылады

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанаға күз келді. Қоңыр күзбен бірге елорда театрлары да жаңа маусымының шымылдығын түруге қызу дайындық үстінде. Бас қаланың басты өнер ордаларының бірі – Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры XXXIII театр маусымының шымылдығын М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашады.

«Абай» трагедиясымен ашылады

15 қыркүйек күні «Қаллеки театрын­да» өнер мейрамы. XXXIII театр мау­сымының жұмысын бастауға сақадай сай ұжым жылдағы дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойылымын театр­мен сағына қауышқан көрерменіне тарту етеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, режиссер Әлімбек Оразбеков сах­­налаған «Абай» трагедиясында қос Абайдың бейнесі көрсетіледі. Аға Абай бейнесін – Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды.

сми

Қойылымға жалпы 65 актер қаты­сады. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Амантай Жұмашев.

«40 жастан асқан соңғы Абай бізге бір Абай емес, екі Абай болып кетеді. Біреуі – өмірге үйлескісі келмей, заманнан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз, ақылшы, ақын-данышпан болу­ға айналған Абай да, екіншісі – күндегі өмір­дің бетімен елдің сөзін ұстап, бұ­рын­ғыша партия, тартыстың, билік, әкім­­­шіліктің жолындағы ру басы, ел мең­­геруші Абай», дейді ұлы Мұхтар Әуезов.

Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дү­лей заманды айыптап өткен Абай ойы, Абай философиясы өркендеп, ғалам­дық деңгейге жетуінің барысындағы оқи­ғалар сахнада ұлы М.Әуезов драматур­гиясымен өткен ғасырға жол тарт­қаны­мен, бүгінгі көрермен үшін де кө­кей­­кес­тілігін жоғалтқан жоқ.

Маусымашар қойылым соны­мен қа­тар қыркүйек айының 19-24 күн­дері ара­­лығында Қарағанды қала­сын­да Қа­ли­бек Қуанышбаевтың 130 жыл­ды­ғы­на арналған «Сын – шын болсын» рес­­публикалық театр фестивалі аясын­да қа­рағандылық көрермен назарына ұсы­ны­лады. Айтулы фестиваль шы­мыл­ды­ғы Қаллеки театрының «Абай» қо­йы­­лымының арнайы көрсетілімімен ашылады.

Себебі өнер ұжымы есімін еншілеген театр өнерінің корифейі Қалибек Қуа­нышбаев сомдаған шоқтығы биік рөл – дәл осы Абай рөлі болды. Замандас­тары Қаллеки атап кеткен әйгілі әртіс­тің айтулы рөлін туынды авторы, жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі жоғары бағалаған. 1993 жылы белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың ұсынысымен Қалибек Қуанышбаевтың 100 жылды­ғы құрметіне орай елордалық театрға «Қалибек Қуанышбаев» есімі берілді.

Театр жаңалығы мұнымен таусылмайды. 25-30 қыркүйек аралығын­да өнер ұжымы мәскеулік жас режиссер Гүлназ Балпейісованың ре­жиссерлік қол­таңбасында қойылған Ғ.Мүсіреповтің «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасымен Бішкек қаласында өтетін КСРО халық әртісі Бәкен Қыдыкеева­ның 100 жыл­дығына арналған «ART-ORDO – 2023» IX Халықаралық театр фестиваліне қа­тысады.

Одан бөлек, қазан айының 9-15 күн­дері аралығында Петропавл қаласын­­да Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекет­тік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен және Солтүстік Қазақстан облысы әкім­дігінің қолдауымен Қазақстан драма театрларының XXIX республи­ка­лық фестивалi өтеді. Фестиваль мемлекет және қоғам қайраткерi Темiр­бек Жүргеновтiң 125 жылдығын мерекелеу аясында өткiзiледi.

Сонымен қатар жаңа маусымның алғашқы айларында көрермен наза­рына «Қыз Жібек», «Патша көңілім, не дейсің?» қойылымдарының премьерасы ұсынылады. Ж.Шайхисламұлы­ның «Қыз Жібек» қойылымын халықара­лық театр фестивальдерінің лауреаты, жас режиссер Әлібек Өмірбекұлы, ал Қ.Жиенбайдың «Патша көңілім, не дей­сің?» комедиясын режиссер, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Нұр­лан Жұманиязов сахналайды.