Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2023

Күй өнерінің дарабозы

993 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халқымызда қайраткерлігімен де, өнерімен де аңызға айналған ұлы тұлғалар жетерлік. Сондай біртуарлардың қатарында күй өнерінің абызы атанған Құрманғазы Сағырбайұлы да бар. Мемлекет басшысы былтыр Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды, оны қазақ күй өнерінің алыбы – Құрманғазының атымен атауды ұсынған еді.

Күй өнерінің дарабозы

Өйткені қазақтың күй өнерін Құрманғазы­сыз елестету мүмкін емес. Ұлы күйшінің артына қалдырған мол мұрасы да, күйлерін ұрпақ­тан-ұрпаққа жеткізіп жүрген шәкірттері де көп. Композитордың өмірі мен шығармашылы­ғы әлі де зерттеле береді. Өйткені Құрманғазы­ның тағдыры да, күйлері де тарихшыларды қызықтыратыны «ХІХ–ХХ ғасырлардағы Атырау тарихы мен мәдениеті» деген атаумен өткен ғылыми-практикалық конференцияда аңғарылды.

ХІХ–ХХ ғасырларда батыс өңірдегі тарихи-этнографиялық, археологиялық зерттеулердің, әншілік-жыршылық дәстүрдің маңызы мен сипатын кеңінен ашу көзделген конферен­ция­да ғалымдар күй атасының бітім-болмысын, ұлттық музыка тарихындағы шығармашы­лы­ғын зерттеу мәселесін талқылады. Арнайы ұйымдастырылған көрмеге ұлы күйшінің өмір дерегі мен шығармашылығына қатысты зерт­теулер, ұрпақтарының фотосуреттері, жер­гілікті суретшілердің туындылары қойылды.

счм

«Ұлы адамдар адамзатқа ортақ, жаһан жұртына қадірлі болса, қазақ күйінің атасы Құрманғазы Сағырбайұлы – ұлтымыз үшін сондай дара тұлға. Оның күйлерінің екпіні Махамбеттің қуатты жырларымен үндесіп жатыр. Екпіндеп өз аспанын, өз биігін іздейді. Тыңдаушысының рухын оятады, шуақты күндерге жетелейді. Елімізде күйшінің өнер мұрасын бізге жеткізген шәкірті көп. Мемлекет тарапынан ұлы күйшінің атын ұлықтау, мәңгі есте қалдыру бағытында өткізілетін іс-шара­ларға ұдайы қолдау көрсетіліп келеді», деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес Атырауда жаңа мәдениет орталығын салу көзделіп отыр. Нысанның архитектурасы өзгеше, нақтылай айтқанда, негізгі ғимара­ты домбыра пішіндес болады. Елімізде ұлттық аспап түріндегі ғимараттың жоқтығын ескерсек, бұл шындығында туристердің назарын аударып, қызығушылығын тудыруы ғажап емес. Жаңа ғимараттың бір қанатына облыс­тық тарихи-өлкетану музейі орналасады. Ал екінші қанаты концерт залына лайықталаты­ны жоспарланған. Өнерге бет бұрған шығарма­шыл өрендердің руханият ордасына айнала­тын орталыққа Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілетіні белгілі болып отыр.

Ғалымдар ұлы күйшінің таңғажайып өнері, мол мұрасының шығу тарихы туралы әңгіме өрбітті. Мәселен, Абай атындағы қазақ ұлт­тық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ғизатолла Халидуллин «Құрманғазы Сағырбайұлының біз білмейтін тарихы», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Кәрима Сахарбаева «Қазақ күй өнерінің ұлы тұлғасы», филология ғылымдарының докторы, Ш.Айтматов академиясының акаде­мигі Ғарифолла Әнес «Құрманғазы» тұлғалық энциклопедиясының түзілу принциптері», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау универ­ситетінің профессоры Амангелді Шамғонов «Тарихшы, ғалым Мақсот Жолжанов – құр­ман­ғазытанушы», әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж-Мұрат «Құрманғазының «Алатау» және «Төремұрат» күйлерінің шығу тарихы: дала­лық топонимикалық зерттеме тәжірибесі», Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы Киікбай Жаулин «Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбай­ұлы Маңғыстау және Жем өңірлерінде», М.Әуе­зов атындағы әдебиет және өнер институты музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғы­лымдарының кандидаты Айнұр Қазтуғанова «Құрманғазы шығармашылығын зерттеудегі жаңа ізденістер (мұрағаттық мұралар хақында)» тақырыбында тұщымды баяндама жасады.

«Қазақ халқы туралы ой толғаған кезде алдымен домбыра мен күй ойға оралады. Одан соң Құрманғазыны айтамыз. Құрманғазыға дейін де күйшілер болған. Одан кейін де күйшілер бар. Бірақ Құрманғазының дараланатын тұсы – халықтың көкірегінен шыққан мұң мен зәрулігін, қоғамның зарын домбыраның пернесінен шертетіндей бере алғанында», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері К.Сахарбаева.

Ал филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж-Мұраттың пікірінше, Құрман­ғазының «Алатау» күйінің шығу тарихы жөнінде мәлімет өте аз. Қазақтың музыкасын зерт­теген көрнекті ғалым Ахмет Жұбановтың өзі «Құрманғазы» дейтін кітабында бұл мәсе­лені орағытып өткен.

«Кейінгі жылдары бұл күйдің шығу тарихы Алматыдағы Алатаумен байланыстырылып жүр. Бұл – түбірімен қате дәйек. Оған дәлелдер бар. Шындығында, Құрманғазы бұл күйін Ақтөбе облысының Байғанин және Атырау өңіріндегі Жылыой, Қызылқоға аудандарының шегіндегі Алатауға арнап шығарған» деген ойын айтты М.Тәж-Мұрат.

Филология ғылымдарының докторы Ғари­фолла Әнестің дерегіне сүйенсек, Құрман­ғазының 60-қа жуық күйі бар. Күйшінің мол мұрасы әлі де зерттеледі. Осы орайда интер­активті әдістемелік кітап жарық көреді.

Жергілікті тарихшы Амангелді Шамғо­нов­тың пікірінше, 2018 жылы Құрманғазының 200 жылдық мерейтойының атап өтілуі дұрыс емес. Өйткені бұл жаңсақ дерекке байланысты болған.

«Құрманғазы Сағырбайұлының туған, қайтыс болған жылдарын архивтік деректермен дәл анықтаған Мақсот Жолжановтың зерттеуіне сүйену қажет. Ол ұлы күйшінің өмір сүрген жылдарын екі жолмен – әуелі логи­калық тұрғыда, кейін архивтік деректер арқылы зерттеді. Дәлелдеп берді. Күйші 1823 жылы туған», дейді А.Шамғонов.

Қазақтың күй өнерін көкке көтерген бір­туардың мәңгілік тыныс тапқан мекені – Ресей Федерациясының Алтынжар ауылы. Сол ауыл­да тұрғызылған кесенесінде «1823-1896» деп жазылған. Қалай десек те, Құрманғазы Сағырбайұлының қайталанбайтын дарабоз екені даусыз.

 

Атырау облысы