Өнер • 19 Қазан, 2023

Жүсіпбек театры – Мәскеу сахнасында

255 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Керекудегі Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ театры үшін осы жыл ерекше болып тұр. Жаңа маусым басталғалы өнер ұжымы екі республикалық, бір халықаралық фестивальға қатысып, барлығында аты озды. Алдағы күндері актерлер труппасы Ресей астанасында өтетін «Подмосковные вечера» VII халықаралық театрлар фестивалінде өнер көрсетіп, жылды жемісті қорытындыламақ.

Жүсіпбек театры –  Мәскеу сахнасында

Наурыз айында алғаш сахналанған Шәкәрімнің «Ұждан» әпсанасы нағыз «көзірге» айналып отыр. Аймауытов театрының актерлері бұл қойылымды қай сахнаға, қай сынға апарып ойнамасын, барлығында оза шауып, көрермен мен сыншылардың үлкен қошеметіне ие болып келеді. «Ұждан» қазіргі қоғам үшін өте пайдалы әрі өте көкейкесті туын­ды екенін дәлелдеп үлгерді. Наурыз айынан бері актерлер оны үлкен сахналарда ұзын саны 10 рет қойып үлгеріп­ті. Енді қазан айының соңы мен қараша айының басында Мәскеуде өтетін халық­аралық фестиваль керекулік театр үшін өнер шыңына ұмтылу мен көрермендер шекарасын кеңейтуде тың қадам болмақ.

вап

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының профессоры, театртанушы, өнертану докторы Бақыт Нұрпейістің пікірінше, Жүсіпбек театрының ұжымы кейінгі жылдары үне­мі шығармашылық ізденістерімен көзге түсіп жүр. Театр өз репертуарын әр ал­уан туындысымен толықтыруды басты нысана етіп ұстауы құптарлық қадам.

– Айталық, биылғы маусымда театр сахнасында жарық көрген Шәкә­рім Құдайбердіұлының «Ұждан» әңгі­месі желісінде қойылған спектакль елі­міздің мәдени өміріндегі елеулі жаңа­лықтардың бірі болды. Режиссер Аза­мат Нығманов заманауи театрлық үдерісте пайда болған жаңа тәсілдерді спектакльде еркін қолданған. Қойылым басталғаннан-ақ оның постдрамалық негізі бірден байқалды. Режиссер шеші­мінде басты кейіпкер деген ұғым жоқ. Мұнда барлығы бірдей әрекет етеді. Бұған режиссер театрлық дискурс жа­сау арқылы қол жеткізген. Яғни қойы­лым мәтіні барлық қатысушы актерге бөлініп ар, намыс, ұждан т.б. мәсе­лелерге қатысты ойлар ақтарылады. Спек­такльдің символдық-метафоралық қатары режиссер мен суретші Эли Ранше жұмысының нәтижесін көрсетті. Сахнада басы артық зат жоқ. Шаршы кеңістік ортасында орналасқан биік төрт­бұрыш ағаш конструкция өзінің жеңіл­дігімен оқиғаға байланысты құ­былып отырады. Қойылымға қатысқан актердің барлығы да өз замандастарын толғантатын жайларды: отбасылық және әлеуметтік мәселелерді, жаһандану мен бәсекелестіктің қыспағын, жеке адамдар арасындағы күрделі қатынас­тарды, жалғыздық пен қоғамнан оқ­шау­лануды, адам санасын билеген қор­­қыныштар мен үрейлерді өз дене­лерінен өткізе отырып шынайы бей­нелер сомдады. Кейіпкер жан дүние­сін түсінудегі негізгі режиссерлік құ­ралдың бірі – спектакльдегі плас­ти­ка партитурасының мәнерлілігі. Спек­такльдің өн бойында ұжданға қатыс­ты ойлардың философиялық мәні би арқылы шешім тапты. А.Нығманов ар, намыс, ұждан шарпылыстарын сөзбен бірге, би қимылдарымен беретін сахналарды семиотикалық белгілерге сыйдырып көркемдеп беруден көп ұтқан. Пластикалық бейнелі би қойған Илья Подчезерцев пен режиссер актерлер­дің дене қимылдарын тиімді пайдаланып, кейіпкер болмысын суреттеуде нақтылыққа жеткен, – деп баға берді танымал театр сыншысы.

Жыл басынан бері бұл премьера­ны Павлодар, Семей, Өскемен, Қараған­ды, Талдықорған, Солтүстік Қазақстан өңір­лерінің жұртшылығы тамашала­ды. Әр қойылым көрермендердің ыс­тық ықыласына бөленгенін аңғардық. Әрине, елдің мұндай құрмет-қошеметін көре тұра, «Ұжданның» елден ерек Мәскеуге шақырту алғаны кездейсоқ жағдай дей алмаймыз. Сыншылар айтып отырғандай, «Ұждан» қазіргі қазақ театрындағы шығармашылық өсудің жаңа бір бағыты сынды.

– Бір қызық оқиға айтайын. Жуық­та Петропавл қаласында мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүр­ге­нов­тiң 125 жылдығына арналған Қазақ­стан ­драма театрларының XXIX рес­публикалық фестивалiнде өнер көр­сеттік. Сонда өзге этнос өкілдерінің «Ұжданды» кәдімгідей ұнатып, біздің актерлердің ана тілімізде не айтқанын түсінбесе де, ойынына сүйсініп отыр­ғанын аңғардым. Бұған қарап, алда Мәскеуде өтетін фестивальға деген се­ні­міміз нығая түсті. Енді есіл-дертіміз Ресей жеріндегі көрерменнің жүрегін жаулау. Әрине, атақты Станиславский негізін салып кеткен қазіргі театр жү­йесінің отанында өнер көрсету оңай емес. Біздің ұжым үшін алдағы фестиваль – өнердегі үлкен бір баспалдақ болмақшы. Азамат Нығманов осы жазда бірнеше мәрте Павлодарға келіп, актерлермен апталап жұмыс істеді. Төгілген тердің текке кетпесі анық, – дейді Аймауытов театрының директоры Арман Темірбек.

Айтып өтейік, «Ұждан» қойы­лы­мы биыл КСРО Халық әртісі, мем­ле­­кеттік сыйлықтың лауреаты Қ.Қуа­ныш­­баевтың 130 жылдығына арнал­ған ІI республикалық «Сын – шын болсын» театр фестивалінде (Қарағанды) «Үздік қойылым» аталымын, Бикен Римо­ваның 100 жылдығына арнал­ған «BIKEN» I Халықаралық театр фес­ти­валінде (Талдықорған) «Б.Ри­мова атындағы арнайы жүлде» мен «Amanat» партиясының арнайы жүл­десін, сондай-ақ Мәдениет және ақпа­рат ми­нистрлігінің қолдауымен, Қ.Қуа­нышбаев атындағы мемлекеттік ака­де­миялық қазақ музыкалық драма театры­ның ұйымдастыруымен өткен Темiр­бек Жүргеновтiң 125 жылдығына арнал­ған Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалiнде (Пет­ропавл) оза шауып, «Үздік режиссерлік шешім» аталымын жеңіп алды. Бұл жетістіктің барлығы оңай келмегені анық. Актерлер жатса-тұрса дайындалып, ше­берліктерін күн сайын шыңдағанына куә болдық. Сыншылардың сөзімен айтсақ, павлодарлық қазақ театры тарихын­дағы ең сәтті әрі табысты премьералардың біріне айналған қойылымның арқа­сын­да Аймауытов ұжымының өзі бүгінде еліміздегі ең озық театрлардың бестігіне еніп отыр.

Ал «Ұжданның» сахналық нұсқасын жазып шыққан Нұркен Тұрлыбек оны дайындау барысында мың парақ жазылып, мың парақ жыртылғанын айтады. Этюдтерді қазіргі заман тұрғысы­нан қарап, көрермен талғамына сай етуде театр ұжымы қосыла жұмыс
істеген.

– Негізгі ойымның 80 пайызы қойы­лымда көрініс тапқанына көңілім толады. Өздеріңіз байқағандай, мұнда бас­ты рөл деген атымен жоқ. Әркім әр кейіп­кердің бойынан басты рөлдің иесін көргісі келеді. Мәселен, үнемі қоғам ортасында жүретін ұжданның бір бөлшегі – аты жоқ кейіпкерді көрермендердің бірі бай, енді бірі дін қызметкері деп қабылдайды екен. Өткенде бір сыншы «Молдаларыңыз жақсы ойнайды екен» деген пікірін жеткізді. Айтқанына ерік­сіз күлдім. Шындап келгенде, әр көрер­мен қалай қабылдайды мәселе сонда. Әрине оның бәрі біз үшін қызық әрі маңызды. Тіпті кейде өзіміз «Ұжданды» көріп отырып, кейіпкерлерді жаңа қырынан танып жатамыз. Бұл – қойылымның потенциалы жоғары екенін, келешекте де ұзақ уақыт қоғам үшін өзектілігін жоғалтпайтынын аңғартса керек, –дейді ол.

Көрерменді терең ойға жетелейтін, көріп отырып сахнадағы кейіпкерлер арасынан өзін іздейтін қойылым Мәс­кеу төрінде де сәтті шығады деп үміт­тенеміз. Жалпы, әпсанада 26 актер ойнай­ды. Мұның сыртында бірге еріп бара­тын әкімшілік және техникалық қыз­меткерлер бар. Жалпы саны 40-тан аса адам Мәскеуге аттанып барады. Фес­тиваль театр үшін үлкен мәртебе болғалы тұр. Мытищинский драма және комедия театрының сахнасында өтетін сынға жалпы саны 14 театр қатысқалы отырса, Қазақстаннан Аймауытов театры – жалғыз үміткер. Мәскеуде қазақ зиялыларының мол шоғырланғанын әрі режиссер Азамат Нығмановтың сол жер­ден екенін ескерсек, қойылым барысында көрерменнен кенде болмайтын сияқтымыз. Адами қасиеттердің биік шыңы саналатын ұждан мәселесі бүгінгі алмағайып заманда аса өзекті.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024