Аймақтар • 19 Қазан, 2023

Қыз алып қашам деп, қылмыскер атанды

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қаласы №2 сотының шешімімен Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының қос «серісі» қыз алып қашқаны үшін сотталды.

Қыз алып қашам деп, қылмыскер атанды

2022 жылы көктемде Жанат есімді азамат ортақ таныстары арқылы бір бойжеткенмен танысады. Бірнеше кездесуден кейін қыз қарым-қатынасты әрі қарай жалғастырудан бас тартқан. Алайда осыған қарамастан жігіт қызды үйлену үшін алып қашуға шешім қабылдайды. Биыл ақпан айында Таразға келген ол досы екеуі жоспар құрып, қызды көлікке күшпен отырғызып, қаладан алып кетуге тырысады. Алайда қыздың көмекке шақырған даусын естіген көршілері полицияға хабарлайды. Тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, күдіктілерді сол жерде ұстап әкетеді. Кейіннен бұл оқиға бо­йынша қылмыстық іс қозғалып, 21 қыркүйекте сот үкімімен қызға үйленуге ниетті жігіт пен оның досы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Айта кету керек, қыз алып қашу – қазақтың көне салты дегеніміз­бен, егер ол қыздың еркінен тыс болса, заң бойынша адам құқықтарын және бостандық пен теңдіктің негізгі қағидаларын бұзу болып саналады. Бұл ауыр қылмыс қата­рына жататындықтан, бас бос­тан­дығынан айыру түріндегі жаза та­ғайын­далатынын ескерген жөн.

Осыған орай, жуырда Шымкент қалалық прокуратурасында «алып қашуға» қатысты жағдайлар тал­қылан­ған жиын өтті. Қала прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, мұндай фак­ті­лер өңірде әлі де азаймай отыр. Мә­селен, соңғы екі жылда қалыңдықты алып қашу белгілері бар 25 дерек тір­келген. Алайда жыл басынан бері бірде-бір жағдай болмаған.

Прокуратураның мәліметінше, осы оқиғалардың барлығында қозғалған қылмыстық істер сотқа дейін жетпеген. Себебі қалыңдықтар «күйеу жігіттің» үйіне өз еркімізбен келдік деп арыз жазғандықтан, қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайларда, өкінішке қарай, кейбір жас қыздарды үйіне қайтуға ұят болады деп, еркінен тыс некеге тұруға мәжбүрлейтін көрінеді. Ғабит Мұқанов өмірлік ақ неке алдау мен зорлық-зомбылықтан басталмауы керек екенін ескерте келе: «Алып қашу – қате шешім. Біз жастарға жауапкершілік пен ақ некені насихаттауымыз керек», деген ойын білдірді.

«Көбіне-көп алып қашу әрекет­терін үйленетін жігіттің өзі ғана емес, қасын­дағы достарымен бір­лесіп жасайтыны белгілі. Егер жағдайдың арты қылмыстық іс қозғауға алып баратын болса, тек қызды әйелдікке алғысы келген жігіт қана емес, оның қасындағы көмекшілері де ауыр жазаға тартылатынын көбі түсінбейді», дейді прокурорлар.

«Қыз алып қашуға байланысты әрекеттер мән-жайларға байланыс­ты адамды ұрлау (Қылмыстық кодекстің 125-бабымен 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған) немесе бас бостандығынан заңсыз айыру (Қылмыстық кодекстің 126-бабы, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көздеген) деп саралануы мүмкін. Аталған баптар бойынша қылмыстық құқық бұзушылық туралы істер жариялы айыптау iстерi болып есептеледі. Мұндай жағдайларда бұл iстер бойынша қылмыстық қудалау жәбiр­ленушiнiң шағым берген-берме­геніне қарамастан жүзеге асырылады», деді Шымкент қаласының про­куроры Ғабит Мұқанов.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024