Әдебиет • 19 Қазан, 2023

Жан идірген шығарма

185 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көктемде қар суы қайта, жылқының жоны күнге бір қызып, тісін көкке енді қадай бергенде желқұрсақ айғыр мінгендер жақсы біледі. Жануар жай тұрғанда қалай билеп, бір қырындап жүретінін. Басын қақшита құлағын тігіп алған бесті айғыр жүрмей-ақ төрт аяғынан билеп бара жатады. Оның шоқ басқандай алшысынан түскен, түсіп отырған аяқ алысынан арынын сезерге керек. Мінген бойда тулап ала жөнелген шу асау тай-құнанның әрі-бері тартқаны жай делбеңбай болып қалады. Мейлі, шу асау болса да. Ал кісінесе демі өкпе-бауырын, жүрегімен қоса сыртқа атып жіберердей әлгі бесті айғырдың орнынан қозғалып кеткенінің өзі жер теңселіп кеткендей әсер етеді. Оны ұстап, тізгіндеп отыруда оңай емес. Тура сол сияқты әсерді шығарма оқығанда да байқауға болады. Алыптардың кесек туындылары оқи бастағанда төрт аяғын тең басқан тарландай арналанып, жаныңды ұлы бастауларға ала жөнеледі. Тау теңселіп кеткендей, жер қозғалып, жазық ағып, құм көшіп бара жатқандай. Жаздыгүні көз ұшындағы тауларды сағым көтеріп әкеткендей, тұра-тұра зеріккен дүние бір сәтте қозғала барады. Солардың арасынан арна тауып ғұмырлар көшеді. Дәуірлер құлағын қылтитып, ғасырлардың жүгі сыз береді.

Жан идірген шығарма

«Екі салт атты адырдың басына желе-жортып шықты да, аттарының басын іркіп, алақан астынан алысты шолды. Төмен қарай көлбеп бара жатқан кең жазықтың шетінде мұнартып оқшау тұрған жалаңаш тау көрінді», дейді жазушы. «Құба жонға шоқытып шыға келсем» деген Біржан әнінің жалғасындай дейді бір ойым, ішкі түйсігім жалғасы емес, толықтырылған түрі дейді. Біржан сал «жұрты жатыр, өзі жоқ қалқатайдың» деуші еді ғой. Тахауи Ахтанов осыны жоғарыдағы екі сөйлемімен-ақ ширатып ала жөнеледі де, әрі қарай ұзартады. Адырға желе-жортып шыққан екеу үйреншікті сурет десек те, «алақан астынан алысты шолғаны» таңдай қақтырмай қоймайды жазушының. Алақанның астынан көз жібергенде төмендегі жазықты кісінің көз алдынан ораулы кілемді жазып жібергендей елестетіп, бір шетіндегі тауды «шешіндіріп» қояды.

Қазақтың көрнекті жазушысы Тахауи Ахтановтың біз сөз етіп отырған «Күй аңызы» әңгімесі қара сөздің үздік үлгісі. Қазақ даласындағы ұлы өнердің даңқын асқақтата түскен кесек дүние. Және жазушының алғашқы туындысы көрінеді. Қазақ кеудесінің, ұлт зердесінің күмбірін автор өз жүрегінде қорыта жүріп, саф туындыны осы шығармасына құя салғандай әсерге бөлейді. Өмірі домбыраның құлағында өткен, Құдайы құдіретті өнер беріп алқаса да, жарсыз өтіп бара жатқан Естемес, ботасы өлген нар, қасында кемпірі тұрмақ, ағайын-туысы жоқ қураған шал, оны бағып отырған бойға жеткен жалғыз қыз, оның арман-аңсары, жұттан кейін елсіз, малсыз қалған Ипан тауының айналасы... Осының бәрі айтқанға ғана жеңіл. Бәрі бір-бір жетім. Әңгімені оқып отырып, тереңірек ойлап, елестетіп көргенге ботасы өлген нардың кейпінің өзі түршіктіреді жанды.

Шығарманың шынайылығы сондай, әр сөйлемінен өмірдің иісі аңқиды. «Анау Ипан тауы ғой», деді жас жігіт қамшысымен нұсқап. Жас жігіттің дауысы аңсағанын көргендей қуанышты шықты» деген сөйлемде алып бара жатқан ештеңе жоқ сияқты. Бірақ тауды көргенде той тойлаған елді көргендей қуанған жігіттің күйін «дауысы аңсағанын көргендей қуанышты шықты» деп нанымды жеткізеді. Шамасы бұл құтты қонысқа Естемеске ерген жас домбырашы бұрынырақта келіп, қарық болып қайтқан. Бірақ баяғыдай дәурен қазір жоғын Естемес бірден аңғарады. Бұрын құжынап жататын малдан қыбырлаған қара көрінбейді. Ойда жоқта кездескен нардың түрі анау: «Нардың түрі жүдеу, бүйірі солып, өркеші қамшылар жағына қисая бастаған. Тамыры қураған ағаштай семіп, кішірейіп бара жатқан ірі тұлғасы, күйіс қайырмай, қыбыр етпей тұрған мүсәпір бейнесі, әсіресе телміре қараған жасқа толы үлкен мөлдір көзі екі күйшіге қатты әсер етті. – Ботасы өлген боз інген, – деп күбірледі Естемес атын тебініп қозғала беріп».

Естемес пен інген бір-бірін үнсіз ұғады. Жаны жаралы, көңілі қаяу екеуінің. Қаншама уақыт иімей, суалуға айналған інген болмаса, Естеместің кеудесінде көптен жүрген шер-шемені көңіл толқытып, күйге айналмастай. Хал кешіруге жетім шалдың жалғыз қызына көзі түскен ынтық зар да себеп. Бұл енді адам айтып болмайтын, тек қана жан-жүректің күйі. Нар идірген күйші, ұлы өнер иесі әуелі жан идірген болып тұр ғой сонда. Демек, таусылуға, тұралауға айналғандарға өмір сыйлаған құдірет – Естеместің күйі «Нар идірген». Оның ар жағында не жатқанын Тахауи Ахтановтың осы әңгімесін оқығанда сезінгендей боламыз.

«Ой, Кеңсай, мен қайтейін биігіңді,

Басыңа қап-қара бұлт үйірілді.

Теңселтіп нән кемені барады алып

Қара су есік алды иірімді.

 

Нән кеме гауһар-маржан толған іші,

Бағасыз жез бен мыста болмады ісі.

Тік жүріп, тік құлаған сені көрдім,

Қазақы қара сөздің жолбарысы.

 

Жолбарыс жоны жалпақ жотадайын,

Айналып ақырғы рет өт, ағайын.

Келеден ақ бас нарды бөліп бердік,

Боздатып боз даланы ботадайын.

 

Ақ бас нар жүруші едік көш басы деп,

Шын сөз-ау жалған деген қоспасы жоқ.

Алаштың ары сынды аға кетті,

Біз қалдық сынған есік, топсасы жоқ», депті Есенғали Раушанов «Тахауи Ахтанов қазасына».

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024