Футбол • 29 Қазан, 2023

Сырт алаңдағы сенімді жеңіс

94 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Конференция лигасының топтық кезеңінде ойнап­ жатқан елорданың «Астанасы» кезекті тур бәсекесін Косовада өткізіп, алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Сырт алаңда жергілікті «Балкани» командасымен шеберлік байқасқан жерлестеріміз қарсыластарынан 2:1 есебімен басым түсіп, алғашқы үш ұпаймен жанкүйерлеріне үміт сыйлады.

Сырт алаңдағы сенімді жеңіс

Мұның алдындағы екі турда­ Григорий Бабаян шәкірттері С тобының көшбасшылары – Хорватияның «Динамосы» мен Чехияның «Виктория» командаларымен кездесіп, екі ойында да жеңіліп қалды. Сөйтіп, екі матчта мүмкін болған алты ұпайдан қағылған «Астананың» келесі кезеңге өту көрсеткіші күрт төмендеп кеткен-ді. Осы сырт алаңда «Балканимен» өтетін үшінші тур «Астананың» болашағын айқындап беретін матчтың бірі еді. Өйткені жерлестеріміз бұл ойында жеңіске жететін болса, қоржынға түскен үш ұпаймен бірге келесі кезеңге шығу мүмкіндігін де толығымен сақтап қалады. Ал қатарынан үшінші ойында да жеңілетін болса, онда келесі кезеңнен күдерін үзеді.

Жанкүйерлердің қуанышына қарай, «Астана» футболшылары үшінші матчта намысты қолдан бермей, сырт алаңда маңызды жеңіске қол жеткізді. «Астана» мен «Балкани» командалары бір-бірімен алғаш рет жасыл алаңда жолығып отыр. Бұған дейін тіпті екі елдің ұлттық құрамалары да, өзге коман­да­лары да мүлдем кездеспеген. Сондықтан екі клубты да статистика жағынан, мүмкіндігі тұрғысынан да салыс­тыра алмайсыз. Ал екі клубты әзір­ге­ дейін байланыстырып тұрған жал­ғыз нәрсе – екі команда да биыл­ғы­ Еурокубок ойындарында Бол­га­­рияның «Лудогорец» клубынан жеңіліп қалған.

Матчқа тоқталар болсақ, «Аста­на» мен «Балкани» арасындағы бәсе­ке Косовоның Приштина қала­сында орналасқан көпсалалы «Фадиль Вокри» стадионында өтті. Екі ұжым да ә дегеннен бірден іске кірісіп кетті. 16 мың жанкүйерге арнап салынған стадионда көрермендердің қарасы көп болмаса да, «Балкани» жанкүйерлер қолдауынан кенде болған жоқ. Дегенмен жерлестеріміз сырт алаңда ойнап жатқанына қарамастан кездесудің 7-минутында есеп ашып, телеэкран арқылы тамашалап отырған мыңдаған жанкүйеріне қуаныш сыйлады. Гол авторы – Камо Оганесян. «Астаналықтар» соғылған голға шаттанып үлгеремін дегенше, алаң иелері арада бір минут өткенде қарымта шабуылдан гол соғып, таразы басын теңестірді. «Балкани» сапынан Эдвин Куч мергендігімен көзге түсті.

Ойынның алғашқы он минуты аяқталмай жатып, командалар жылдам гол соғып алғаннан кейін жанкүйерлер бұл ойында голдардың көп болатынынан үмітті еді. Бірақ командалар көрермендердің үмітін ақтай алмаса да, «Астана» көп уақыт өтпей «Балкани» қақпасына екінші голын соққанда, үмітін үкілеп отырған көрермендердің көңіл күйін бір көтеріп тастады. Матчтың 23-минутында Тимур Досмағанбетовтің бұрыштамадан әуелете көтерген добына Абзал Бейсебеков бірінші жетіп, баспен «Балкани» қақпасын дәл көздеді. Есеп – 2:1. Бұл есеп тек бірінші таймның соңына дейін емес, төрешінің ақырғы ысқырығына дейін сақталып қалды.

Осылайша, елордалық коман­да­ топтық кезеңдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. «Балкани» коман­дасы екінші турда өз алаңында Хорватияның «Динамосын» қа­был­дап, 1:0 есебімен басым түс­кен еді. «Астана» алғашқы турда «Динамодан» сырт алаңда 5:1 нәтижесімен оңбай жеңіліп еді. Енді араға екі апта салып «Балкани» елордаға сапар шегеді. Бұл матч 9 қараша күні «Астана Арена» стадио­нында өтеді.