Жұмыс • 06 Ақпан, 2024

Жұмыссыздық дерегі қаншалықты шынайы?

130 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлеуметтік әлеует, экономикалық тұрақтылық халықты жұмыспен қамту көрсеткішімен өлшенеді. Тек толыққанды еңбек нарығының қалыптасуы арқылы әлеуметтік қатынастардың шынайы нығаятынын топшылай аламыз. Сондықтан жұмыссыздық құбылысына құрылымдық тұрғыда қарап, астары мен сипатына терең үңілу керек.

Жұмыссыздық дерегі қаншалықты шынайы?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ұзақ уақыт бойы елімізде жұмыссыздық 5%-ға жуық төмен деңгейді сақтап, өткен жылдың екінші жартысында 4,7%-ға тұ­рақтады. Бұл, тіпті кейбір дамыған елдердің деңгейінен әлдеқайда төмен. Мысалы, Еуроодақта қазан айында еңбекке жарамды бейресми жұмыссыздар 6%-ға жетті. Финляндияда бұл көр­сет­кіш – 7,5%-ды, Данияда 5,4%-ды құраған. Global Economy де­ректері бойынша 2022 жылы әлем­дегі жұмыссыздық деңгейі біздің елдегіден едәуір жоғары болған. Айталық, Түркияда – 10%, Бразилияда – 9,5%, Францияда – 7,5%, Швецияда – 7,4%, Эсто­нияда 5,6% деп көрсетілген. Осы ретте Halyk Finance талдау ор­талығы дағдарыс пен жұмыс­сыздықтың тығыз байланысын халықаралық тәжірибенің өзі растап отырғанда еліміздегі дағ­дарыстардың жұмыссыздық көр­сеткішіне соншалықты әсер ет­пеуіне күмәнмен қарайды. Оған қоса республикамыздың 2030 жыл­ға дейінгі еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы жобасында әлемдік қаржы дағ­дарысы, теңгенің құнсыздануы және коронавирус пандемиясы кезеңінде өзін-өзі жұмыс­пен қамтығандар саны күрт өскені баяндалған. Көрсетілген кезеңдерде жалдамалы жұмыс­шылар саны төмен­деген, бұл олардың бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қа­тарына ауысуымен анықталса керек. Демек, статистика мен шы­найы жағдайдың арасындағы сәйкессіздіктің себебі осымен түсіндірілуі мүмкін.

Еліміздегі «жасырын» жұ­мыс­сыз­дық проблемасы жұ­мыс­­пен қамтылғандардың бір бө­лігі іс жүзінде өнімділігі тө­мен жұ­мысшылар болып отыр­ғаны­мен байланысты. Яғни біз­дегі жұмыссыздық деңгейі проб­леманың нақты ауқымын көрсет­пейді. Зерттеушілер дағдарыс кезеңінде өзін жұмыспен қамты­ғандардың бұлайша өсуі ‒ бұл құ­былысты субъективті бағалаудың нәтижесі деген ойда. Дұрысын айтқанда, жұмыссыздық деңгейі негізінен нақты жұмыссыздар са­нымен емес, жұмыссыз ретін­де тіркелгендер санымен есеп­теледі. Респонденттердің бір бөлігі өздерін жұмыссыз деп санаудың орнына өз бетінше жұмыспен қамтылғандар ретінде көр­сеткендіктен, бұл сайып кел­генде елдегі жұмыссыздық дең­гейі туралы деректерді айтарлық­тай бұрмалайды. 2019 жылы заң­намада өзін жұмыспен қамты­ғандар ұғымы тәуелсіз қызмет­кер­лерге немесе өз қызметін мем­лекеттік тіркеусіз табыс алу мақ­сатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өн­діру (өткізу) жөніндегі қыз­метті дербес жүзеге асыратын жеке тұл­ғаларға ауыстырылды. Сөй­тіп, ресми статистикада­ тәуелсіз қызметкерлер де, жеке кә­сіп­керлер де өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған халықтың құрамы­на енгізіле бастады. Ресми статис­тика өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар арасында өнімсіз жұ­мыс­пен қамтылғандарды ‒ ең төменгі күнкөріс деңгейінен тө­мен табыс табатындарды және нә­тижелі жұмыспен қамтыл­ған­дарды бөліп көрсетеді. Бұл рет­те өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандардың барлығы дерлік (2023 жылдың 3 тоқсанының аяғында 221 мың адам) ЖК емес, тәуелсіз қызметкерлер болып саналады.

«Жасырын» жұмыссыздық жұмыс күшінің өнімділігі тө­мен және негізінен бейресми ең­бек на­рығында жұмыс істей­тін бө­лігін сипаттайды. Ха­лық­­аралық зерттеулер «жасырын»­ жұ­мыссыздықтың еңбек нарығына, жалпы экономикаға көптеген жағымсыз әсері барын байқатып отыр. Өйткені ол өнімділікті, кірісті, тұтынуды және салық тү­сімдерін азайтады. Сонымен қатар халықтың бұл бөлігі ең­бек нарығының толыққанды қаты­сушылары ретіндегі ресурсқа ие бола отырып, өздерінің барлық еңбек әлеуетін толық пайдаланбайды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік мәселелердің шиеленісуіне де әкеледі. Өзін өнімсіз жұмыс­пен қамтығандардың саны Қазақ­стандағы барлық тәуелсіз жұ­мыскерлер мен жұмыссыздардың жартысына жуығын құрайды. Сондықтан мемлекет осы жағдай­ға назар аударып, оны жою бо­йын­ша тиімді шаралар әзірлеуі қажет. Бұл тарапта барлық күш-жігер өзін-өзі жұмыспен қам­тығандардың өнімсіз еңбектен ал­шақтауына бағытталуы керек деп санайды сарапшылар.

Азаматтардың өзін жұмыспен қамтығандар мәртебесінен жұ­мыс­сыздарға ауыспауына жұмыс­сыздық бойынша жәрдемақы­лардың төмен мөлшері немесе осы жылдың қаңтарына дейін түрлі салықтардың орнына ай сайын бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу мүмкіндігі секілді түрлі факторлар себеп болғаны анық. Табыс деңгейіне тәуелді емес, бірақ еңбек өтілін жинақтауға және медициналық сақтандыруды пайдалануға мүмкіндік беретін БЖТ-ның жеңілдігін тұрақты табысы жоқ және жұмыссыздар са­натына жатқызылуы мүмкін азаматтардың әрбірі сезін­ді. Олардың барлығының дер­лік табысы жалдамалы жұ­мысшылардың орташа жалақы­сы­нан төмен болған. Өзін-өзі жұ­мыспен қамтығандардың 16%-ы (кемінде 350 мың адам) ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз соманы қанағат тұтып келген.

Биылдан бастап жұмыс күші­нің өзін-өзі жұмыспен қамтыған бөлігі өзін жеке кәсіпкерлер қата­рына қосуға немесе жұмысқа орналасуға мәжбүр болады. Мұн­дай жағдай жұмыспен қам­тыл­ғандар құрылымының өзге­руіне әкеліп, олардың тарапынан салықтық және әлеуметтік аударымдарды ұлғайтады. 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жеңілдікті кезеңнің тоқтауы, арнайы салық режімін қолдану өз бетінше жұмыс істеп жүргендерді нақты жұмысы бар халық қатары­нан шығарып, мәселенің жай-жап­сарын ашуға ықпал етуге тиіс. Енгізілген өзгерістер нә­ти­жесінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бір бөлігі ресми түрде жұмыссыздар санатына өтуі мүмкін. Кірістердің жалпыға бірдей декларациясы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәр­те­бесіндегі кейбір өзгерістер олардың «көлеңкеден» шығып, әлеуметтік қорғаумен, тұрақты еңбекпен қамтылуына септігін тигізеді деген үміт бар.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024