Отбасы • 12 Ақпан, 2024

Қарағандыдағы Қарағанды әулеті

82 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аймағымызда мейманасы тасып, берекесі ұйысқан дәл осындай әулет бар. Қарқаралы ауданының сонау Темірші ауылында зейнет жасына дейін аттан түспей, қой баққан Қарағанды ақсақалдың үрім-бұтағы бүгінде тамырын тереңге жайған.

Қарағандыдағы Қарағанды әулеті

Қарағанды қаласы 1934 жылы құрылған болса, Қарағанды ақсақал дүние дидарын 1938 жылы ашқан. Былайша айтқанда, замандас. Қарағанды деп ат телудің әуелгі себебі, шаңыраққа бала тұрақтамағандықтан, жер­дің атауын ырымдаған. Екінші себебі, жаңадан құрылып жат­қан қаланың сол кездегі қарқы­ны қалың қазаққа жаңалық еді. Сөйтіп, Қарағанды ақсақал абыройлы ғұмыр кешеді. Құдайға шүкір, атадан жалғыз қалған одан қазір бір қауым ел тараған.

Байырғы Еңбек кеңшарының мыңғырған қойын қоңды етіп баққан, бағымындағы әр ана­лық­қа егізден төл ерткен озат шопан­дар­дың бірі. Сондықтан болар, бертінге дейін атынан түспеді, еңбегімен елге үлгі бола білді.

Атадан жалғыз қалған ақса­қал­дан он бала өмірге келеді. Өзі­нің жалғыздығы жанына батқан бо­лар, балаларының бір-біріне сүйеу, тіреу болғанын аңсады әке жүрегі. Ақсақалдың ойлағаны оңы­нан келді: қазір сол он баладан 31 немере, 48 шөбере бар. Мұндай әулет дәулет емей немене!

апр

«Өкінішке қарай, әкеміздің атын кім қойғанын біле алмадық. Әкеміз сондай мейірбан еді. Еңбекқор еді. Анамыз екеуі балаларына бар өнегесін берді. Содан жаман болмадық. Өстік, өндік. Былтыр әкеміздің қайтқанына жиырма жыл толып, елге барып, құран оқытып келдік. Анамыз 2000 жылдары өтті өмірден. Екеуінің сыйластығы ерекше еді. Қазір он баладан екі қыз, үш ұл қалдық. Тағдыр ғой. Бес бауырымызды жер қойнына табыстау оңайға түспеді. Құдайға шүкір, соңында ұрпағы қалды. Қазір бірлігіміз жарасқан бір үйдің балаларындаймыз. Соның бәрі Қарағанды әкемнің бізге өсиет еткен ақылының арқасы», дейді ақсақалдың ұлы Жанайдар.

Қарағанды ақсақал ауылына ғана емес, Қарқаралы өңіріне қадірлі ақсақал еді. «Шырқаған әні өзіне жарасымды, әзіл әңгімелері, қағытпа қалжыңдарымен орта­сы­ның думаны, сәні еді», дейді көзін көргендер. Балалары бас қосқанда «Әкеміздің әні» дегенді шырқайды екен.

Жиендерінің көңілін баққан көрінеді. Шаңырағына қонақ келсе, бір малын сойып тас­тап, жөні келсе, астына атын мін­гізіп жіберетін даланың дарқан қазағының өзі болыпты.

«Мен сол кісілердің бауырында өстім, баласындай болдым. Есімде қалғаны Мәрзия әжемді керемет қадірлеп, еркелетіп отыратын еді. Әжем екеуі қосылып ән шырқайтын. Тамашалаған ел тамсанатын, қол соғатын. Балалары, немерелері – шетінен өнерлі. Түрлі аспапта ойнайды. Өнерде жүргеніміз сол негізімізден ғой», дейді Мәди немересі.

Қарағанды ақсақалдың тегін алған немерелері мынадай қы­зық­қа жиі тап болады екен. Мәсе­лен, дәрігер тегін сұрап, оған Қара­ған­ды деп жауап қайырса, «Сіз­дің­ қай жақтан екеніңізді емес,­ те­гі­­ңізді сұрап жатырмын», дейді екен.

«Мұндай қызықпен жиі тап келеміз. Тегіміздің Қарағанды қала­сымен аттас екеніне көздері жет­кен соң өздері таңданып қала­ды. Шынымен, кездейсоқ есім ғой. Осындай ерекше тегіміз бар, әкеміздің тектілігі және бар, бәрі­менен мақтанамыз», дейді неме­ресі.

Мұндайменен ұлы Жанайдар да жиі кезігеді. Әкесінің атына қызыққандарға «Әкеміз шахтер болған. Қаланың атауын менің әкемнің құрметіне қойған», деп қағытады екен.

Міне, Қарағанды ақсақалдың ұрпағы Қарағандыны көркейтуге көп­­шілікпен бірге үлесін қосып ке­леді. Балалары, немере-шөбе­ре­лі түрлі салада еңбек етіп жүр. Атап айтсақ, ішкі істер органдарында, спорт саласында, мәдениет сала­сында, өндіріс орындарында. Тамыры тереңдеп, жапырағы жай­қалған Қарағанды әулеті де қала­мен қатар өркендеп келе жатыр.

 

Қарағанды облысы