Қоғам • 22 Ақпан, 2024

Жұмыссыздықты азайтатын жоба

302 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздықты азайту – мемлекет үшін аса маңызды. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әр деңгейдегі әкімдіктерге арнайы міндет жүктелген. Бұл мәселеге жұмыс берушілер де атсалысуы қажет. Мәселен, Атырау облысында әлем елдерінің назары ауған халықаралық жоба жетерлік.

Жұмыссыздықты азайтатын жоба

Бірінен кейін екіншісі бас­талған жобалар құрылысының аяқталатын сәті болады. Сондай жобаның қатарында «Теңіз» кен орнындағы «Келешек кеңею және ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару» жобасы ойға оралады. Кейінгі екі жылдан бері аталған жобаға тартылған ел азаматтары жұмыстан лек-легімен босатылып жатыр. Осындай жоба жұмысынан босатылғандар не істейді? Олар қайда жұмысқа орналасады?

Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылы шілдеде «Теңіздегі» жобадан босайтындарды жұмысқа орналастыру жөнінде Жол картасын әзірледі. Жол картасына сол кездегі министр Тамара Дүйсенова, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон қол қойған еді. Жол картасында қызметкерлерді жұмысқа орналастырудың негізгі тәсілдері айқындалды. Онда министрліктің, өңірлер әкім­діктерінің ТШО-мен, қосалқы мердігер мекемелермен өзара іс-қи­мылының нақты алгоритмі көзделген.

Атырау облысының әкімі С.Шәпкеновтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Теңізшевройл» мен оның мердігер компания­ларынан жоспарлы түрде боса­тыл­ған қызметкерлерді жаңа жұмыспен қамту бағытында тиісті іс-шара жасақталған. Осыған орай өңірдің кешенді даму жоспары аясында нақты жобалар қолға алынып отыр.

апр

«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайонның пікірінше, компания жол картасы бойынша мемлекеттік ор­гандармен бірлесіп жұмыс іс­теуге кіріскен. Қазақстан «Ке­ле­шек кеңейту» жобасы мен «Ұңғы ернеуінің қысымын бас­қару» жобасын іске асыру кезе­ңінде мультипликативті әсер алған.

«Біздің компания Атырау облысының әкімдігімен, Энер­гетика, Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау ми­нистр­­ліктерімен бірлескен жұ­мысты оң бағалайды. Біз түрлі жұмыстардың аяқ­талуына орай «Келешек ке­ңей­ту» жобасы мен «Ұңғы ер­неуінің қысымын басқару» жоба­сын жүзеге асыру барысына бірлесе мониторинг жүр­гіземіз. Қазір жоба аяқталуға жақындады. Жоба басталғалы бері компания жер­гілікті мамандарды оқы­тып, біліктілігін арттырды. Бұл – болашақта елдегі және шетел­дегі өнеркәсіп жоба­ларында тәжірибесі мен білі­мін қолдана алатын отандық 25 мыңнан аса маман. Сондай-ақ жоба ха­лықаралық компаниялар­мен серіктестік арқылы тех­­но­ло­гия­­ларды таратуға және өңір­дегі жаңғыртылған инфра­құрылым түрінде мұра қа­­лып­­тастыруға ықпал етті», дейді Кевин Лайон.

Атырау облысының әкім­дігі мен «Теңізшевройл» ЖШС арасында 2019 жылы жұ­мыс­сыздарды халықаралық стандарттарға сәйкес оқыту курсынан өткізу үшін арна­йы келісім жасалған. Содан бері 2,5 мыңнан аса адам еңбек нарығында сұранысқа ие маман­дықты игерген. Аты­раудағы APEC жоғары коллед­жінің оқу орталығында, Ақтау оқу орталығында, West Way Services-те және өндірістік-зертханалық-оқу орта­­лығындағы оқыту курсынан өткен 1 973 адамның 80 пайызға жуығы тұрақты жұ­мысқа орналасыпты.

Облыстық жұмыспен қам­ту­ды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­ма­сының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиеваның айтуын­ша, арнайы құрыл­ған мамандар тобы жұмыс­сыз­дарды оқыту курсына қа­был­дау үшін Атырау қала­сын­да және аудандарда ірік­теу жүргізеді. Тестілеуден өткен адамдар 3 және 4 айлық курста оқытылады.

Тәжірибелік сабақтар арнайы жабдықталған шеберханаларда өтеді. Оларға арнайы киім беріледі. «Теңіз» кен орнында мердігерлер мен қосалқы мердігерлер пай­даланатын техникамен танысады. «Теңізшевройл» компаниясы оқу мен жола­қы­сын төлейді. Курсқа шақырыл­ған­дар жатақханада тұрады. Күніне үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.

«Биыл Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­лігі, облыс әкімдігі және ТШО арасында «Жол картасы» жасақталды. Соның аясында «Өндірістік қуаттарды болашақта кеңейту» жобасы бойынша босатылған кадр­ларды және мансап орта­лық­тарында тіркелген жұмыс­сыздарды қайта даярлау жұмысы жалғасады. ТШО-ның оныншы траншында жұмыспен қамту бөлімі 191 адамды оқуға жіберді. Олардың кейбірі оқуын мер­зімінен бұрын аяқтады. Ал 146 адам еңбек нарығында сұранысқа ие электрмонтер, құбыр жөндеуші, бақылау-өлшеу аспаптарын орнатушы, металл конструкцияларын дәнекерлеуші секілді маман­дық бойынша білік­ті­лік жетілдірді», дейді Г.Аманғалиева.

Оның дерегіне қарағанда, бастапқыда жұмыссыздарды оқыту 11 мамандық бойынша жүргізілген. Кейін еңбек нарығындағы сұранысқа ие бес мамандық таңдалыпты. Бұл – құбыр жөндеуші, электрик, құбыр дәнекерлеушісі, аспап жасау маманы және металл конструкцияларын дә­не­керлеуші. Соңғы екі ма­ман­дықты меңгеруге ниет еткендер төрт ай, ал өзгелері үш ай оқиды.

«Жұмыссыздарды оқыта­тын шеберлердің айтуынша, көп адамның таңдаған мамандығы туралы түсінігі бол­мағанымен, кейін тесті­леу кезінде өте жақсы нәтиже көрсеткен. Оқыту аяқтал­ған­нан кейін жұмыспен қам­ту бөлімі «Теңізшевройл» мен қосалқы мердігерлер бос жұмыс орындарының жәр­меңкесін өткізеді. Жәр­мең­кеде жұмысқа қабыл­дау үдерісі жүреді. Арнайы курсты аяқтаған 21-35 жас аралығындағы жастардың жеке кәсіпкер ретінде 2,5 па­йыздық жеңілдікпен несие алуға мүмкіндігі бар. Бұл несие дәнекерлеу, құбыр монтаждау цехы секілді өз кәсібін ашу үшін беріледі», дейді Г.Аманғалиева.

Арнайы курсқа келген­дер­дің арасында арнайы біліктілігі мен тәжірибесі бар­лары аз емес. Мәселен, Сағидолла Қайсағалиев – бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика маманы.

«Менің жоғары техни­ка­лық білімім, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика бойынша сертификатым, металл құрылымдары, дәнекерлеуші және монтаж­дау саласында дағдым бар. Жақында жұмыстан қысқар­дым. Жұмыссыздарды оқыту курсы барын естіп, бұл мүм­кін­дікті жібергім келмеді. APEC жоғары колледжінде теориялық сынақтан өттім. Өзіме ұнайтын аспап жасау және автоматика маман­ды­ғы бойынша көп нәрсені үйрендім. Әдетте, адамдар кез келген жұмысшы маман­ды­ғын колледжде немесе уни­верситетте бірнеше жыл оқиды ғой. Ал біз үш айда курсты ойдағыдай бітіріп, ма­мандықтың қыр-сырын мең­гердік. Біздің жұмысымыз үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Енді жұмыс іздеймін», дейді С.Қайсағалиев.

Ал Жәнібек Бердібаев 2023 жылдың мамыр айын­да оқуын бітірген. Жасы – 52-де. Бес күннен кейін «Нефте­строй­сервис» ЖШС құбыр жөндеуші болып тұрақ­ты жұ­мысқа орналасқан.

«Бұрынғы мамандығым – құры­лыс инженері. «Теңіз» кен орнында, Атырау мұнай өңдеу зауытында металл құ­ры­­лым­дарының құбырын жөн­деуші, ағаш ұстасы, кү­зетші, бетоншы, учаске бри­га­дирі болып жұмыс істедім. Ал құбыр жөндеуші маман­ды­ғына жұмыссыз ретінде құ­жат тапсырған едім. Сы­нақ­тан сүрінбей өтіп, білік­тілік жетілдірдім. Енді алаң­сыз жұмыс істеп жүрмін», дейді ол.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024