Қоғам • 27 Ақпан, 2024

Алимент өндіру қиындап барады

67 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алимент төлеуден жалтарған 14 755 азаматтың елден шығуына уақытша тыйым салынды. Былтыр сот орындаушылары тентекті тезге салғандай 7 мыңға жуығын әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Десек те, қалған 53 пайызының әлі берешегі өтелмеген. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді. Журналистерге арналған баспасөз мәслихатында бұдан өзге бірқатар маңызды мәселе көтерілді.

Алимент өндіру қиындап барады

Фото: Today.kz

Өткен жылы қазан айында баласына көк тиын татырмаған 1 618 азаматқа іздеу жарияланған. Жауапкершіліктен қашып жүр­ген­дердің 1 476-сы – «көкек» әке болса, 142-сі – баласынан безген ана. Борышкерлердің антирекордын астаналықтар бастады. Ізінше көшті Алматы, Ақтөбе облыстары жалғап тұр.

– Атқарушылық іс жүргізу саласы қоғамда өзекті мәселе саналады. Өндірістердің 4 пайызы алимент өндіріп алу жөніндегі құжаттарды құрайды. Өндірісте 7 545 істің берешегі 3 айдан асады. Тек ішінара 6,2 млрд теңге өтелді. Ал 8 652 құжат бойынша берешек мүлдем өтелмеді. Оның сомасы 14,4 млрд теңге. Талдау көрсеткендей, алимент төлемеуге борышкерлерде ресми жұмыс орнының болмауы, табысының жоқтығы және өндіріп алуға болатын мүлкінің жоқтығы себеп болып отыр, – деді Талғат Уәли.

Алайда жекелеген борышкерлер нақты материалдық мүм­­­кіндіктері бола тұра, табысын жасырып, туған перзентін асы­раудан әдейі жалтарады. Осы орайда Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов арнайы «Мемлекеттік алимент қоры» құрылуға тиіс деп санайды.

«Осы өзекті әлеуметтік мә­се­лені шешуге жұмсалған бар­лық күш-жігер нәтиже бермей отыр. «Алимент төлеттірудің отыз қа­да­мы» бағдарламасы тиімсіз болып шықты, Республикалық сот орындаушылар палатасы қабыл­да­ған шаралар да нәтижесіз. «Қа­зақстан халық партиясы» бұл мәселені алғаш рет алтыншы шақырылымда да көтерген екен. Сол кездегі сома екі-ақ миллиард болыпты. Бүгінде берешек көлемі – 20 796 615 823 теңге. Бұл цифрлар елімізде қаншама бала мұқтаждықпен күн кешіп отырғанын көрсетсе керек. Ендеше, нақты шаралар қабылдайтын кез келді. Ол үшін бірінші кезекте алимент өндіріп алу кезінде оның сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауға тиіс. Екіншіден, «Мемлекеттік алимент қоры» құрылсын. Ол бюджеттен тыс түсім­дерден құралып, негізгі мақсаты – 3 айдан артық алимент алмаған балаларға осы қордан алимент төленсін. Ал ол ақша мемлекетке борышкерлерден өндіріп алынсын. Жаңа Үкімет бұл мәселеге түсіністікпен қарап, пәрменді шаралар қа­был­дайды деп үміттенемін», деді ол Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған де­путат­тық сауалында.

Жалпы, сот орындаушылары алиментті мәжбүрлеу арқылы өндіреді. Дей тұрғанмен азамат­тар­дың тұрақты табысы мен мүлкінің болмауы мәселені одан әрі күрделендіре түседі. Бұл ретте өңірлік әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп, борыш­кер­лерді жұмысқа орналастыру үшін тұрақты негізде бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырады.

– Мысалы, өткен жылы елі­­­мізде 4 238 борышкер жұ­мыс­­­­қа орналастырылды. Сон­дай-ақ Әділет министрлігі Рес­пуб­­ликалық ЖСО палатасымен бірлесіп, жеңіл­детілген атқарушылық іс жүр­гізуді енгізу жөніндегі қанат­қақты жобаны іске қосып, атқарушылық іс жүр­гізу жөніндегі роботты ен­гізді. Азаматтар айыппұлды уа­қытында өтей алмаған жағ­дайда, айыппұлдың 25%-ға де­йінгі сомасын жеке сот орын­дау­шы­ға төлеуге міндетті болатын. Енді бұл қызметті робот тегін атқарады. Осылайша, робот 5 күнтізбелік күн ішінде талапты орындау қажеттілігі туралы SMS хабарлама жібереді. Төлем уақтылы жүргізілсе, атқа­рушылық іс жүр­гізу артық шы­ғынсыз тоқ­та­тылады. Айып­пұл бойынша ерікті төлем бол­ма­ған жағдайда, жүйе жеке сот орын­дау­шысына мәжбүрлеп орындауға атқару парағын ұсы­на­ды. Жаңа жобаның арқасында ел аза­маттарының 2 млрд теңгеге дейінгі қаражаты үнемделеді деген болжам бар. Қанатқақты аймақ ретінде Тараз қаласы таңдап алынды. Жоба сәтті жүзеге асса, оны бүкіл ел аумағына ен­гізу жоспарланып отыр, – деді Әділет министрлігінің ресми өкілі.

Баспасөз мәслихатында қа­зір қоғамда ұрымтал сәтті пай­даланып, өздерін жеке немесе мемлекеттік сот орындаушы­сы ретінде таныстырып, бо­рыш­керлерге сес көрсететін алаяқ­тар­дың көбейгені де айтылды. Сондықтан азаматтарға Әділет министрлігінің, республикалық немесе өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының ресми сайттарынан, қажет болған жағдайда банкке қоңырау шалып, ақпаратты тексеріп алуға кеңес берді.