Медицина • 28 Ақпан, 2024

Тәжірибені шыңдайтын байланыс

53 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігі мен Пре­зидент Іс Бас­қар­масының Меди­цина­лық орталығы өзара ын­­тымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Астанадан ар­найы келген бі­лік­ті мамандар үш күн бойы жергілікті дәрі­гер­лерге шеберлік са­бақ­тары мен семинарлар өткізеді. Бұған қо­са қарағандылық дә­рі­гер­лермен бірге 20 шақ­ты жоғары техно­ло­гиялық операция жасауды жос­парлап отыр.

Тәжірибені шыңдайтын байланыс

Онкологтер, нейрохирургтер мен кардиохирургтер, эндокринолог, аллергологтер мен генетиктер және басқа да бағыт­тағы 30-ға жуық дәрігер екі күн бойы қарағандылық науқастарға медициналық көмек көрсетеді.

Ынтымақтастық келісімнің мақсаты – аймағымыздағы медициналық қызмет сапасын жақсартып, ақ желеңді жандардың кәсіби біліктілігін көтеру. Өңір басшысы Ер­мағанбет Бөлекпаев бұл ме­морандумның өңір үшін маңызды екенін атап өтті.

– Президент Іс Басқарма­сының Медициналық орта­лығы – денсаулық сақтау сала­сындағы көшбасшы құры­лымның бірі. Біз дәрігер­леріміздің кәсібилігін бірле­сіп арттырамыз. Жемісті ын­ты­мақтастыққа және алға қойылған мақсаттар мен мін­дет­терге қол жеткізуге үміт­тенеміз, – деді облыс әкімі.

Аталған орталық басшысы Алексей Цой Астанаға Қара­ғандыдан келген, Қарағанды медицина университетінде білім алған мамандардың көптігін айтады.

– Алдағы уақытта бірле­сіп Жол картасын әзірлеу міндеті тұр. Біз медицина қызметкерлерін заманауи оқыту, менеджмент стандарт­тарын енгізу, сондай-ақ прак­тикалық денсаулық сақ­тау, алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек мәселелерін бірге пысықтаймыз. Пациент­тердің медициналық көмекті басқа жерге бармай, облыстың өзінде емделуін қамтамасыз ету – негізгі міндетіміз. Бұл үшін аймақта бар жағдай жа­салған, заманауи жабдықтар орнатылған. Әкімдік денсау­лық сақтауды жаңғырту жұ­мы­сымен жүйелі түрде айналысып келеді. Дәрігерлердің кәсібилігі де – жоғары. Тек бұрын жасалмаған белгілі бір бағыттар бойынша оқыту, үйрету керек. Қарағандылық мамандар тез игеріп кетеді деп ойлаймын. Ең бастысы – мамандар арасында тығыз деңгейде байланыс орнату. Жағдайы ауыр науқастарды бізге жіберуге болады. Біздің медициналық орталық МӘМС жүйесі арқылы тегін көмек көрсетеді. Дегенмен науқастың өз өңірінде емделуіне, бұл үшін жергілікті жерде барлық жағдайды жасауға басымдық беріледі, – дейді А.Цой.

Медициналық орталық мамандарының Қарағандыға келетіні екі-үш апта бұрын хабарланған.

– Орталық мамандарына жағдайы ауыр науқастар туралы деректер алдын ала ұсынылды. Соған сәйкес тиісті бағыттағы мамандар келді. Алдағы бір-екі күн мамандар үшін де, науқастар үшін де нәтижелі болады деп ойлаймын, – дейді об­лыс­тық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

Меморандумға қол қойған­нан соң елордалық қонақ­тар профессор Х.Мақажа­нов атындағы көпбейінді ауруханаға барып, бөлімше­лер­ді аралап, клиника жұмы­сы­мен танысып шықты.

 

Қарағанды облысы