Медицина • 05 Наурыз, 2024

Кәсіби маманға жазылудың бейнеті

32 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау саласындағы үйлесімді реформалардың өзін жылдар өте жаңартып, қоғамдағы өзгерістерге бейім­деу­ге тура келеді. Қалай болған күнде де осы жаңа­шылдықтар түп­тің түбінде медицинада қызмет көрсету сапасын ширата түссе, құба-құп.

Кәсіби маманға жазылудың бейнеті

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қала, ауыл-аймақтағы па­циент­тердің ішінде кәсіби дәрігерге жазылу­дың қиын­ды­ғын айтып, шағым­да­натындар көп. Бұл биыл немесе былтыр анықталған кемшілік емес. Мін­детті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақтандыру жүйесі енгі­зілгелі күн тәртібінде тұр­ған мәселе. Әрине, жыл сайын жаңа стандарттарға сай медицина нысандары бой көтеріп, емханалар қажетті құрал-жабдықтармен толығып келеді. Мамандарды тартуға, ынталандыруға өңір әкімдіктері де араласты. Әйтеуір дәрігер тапшылығының алдын алудың қам-қарекетін жасап әлек. Оның үстіне былтыр ауылға барып еңбек етуді көздеген дәрігерлерге бір реттік төлем ұсыну тура­лы заң жобасын Мәжіліс депутаттары мақұлдады. Төлемнің көлемі 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде болады деп жоспарланған. Мұны биылғы ең төменгі жалақыға шақсақ, 9 млн теңгеге жетеғабыл болады екен. Яғни жылдан-жылға ең төменгі жалақы өссе, төлем мөлшері де артады деген сөз. Бұл да болса дәрігер тапшылығын реттеп, пациенттердің кәсіби маманға мейлінше жылдам жолдама алуына ықпалдасады. Құжатта «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағына ұсынылған сала майталмандарына 1 000 АЕК көле­мінде біржолғы төлем төле­нетіні көрсетіліпті. Бұған қоса респуб­лика көлемінде жыл сайын «Мамандық үзді­гі» деген атаумен байқау өткі­зі­ліп, оның жеңімпазына 500 АЕК көлемінде төлем табысталуы мүмкін. Мұның өзі – жұмысына тиянақты, ісін жетік білетін медицина саласының білгірлеріне үлкен қолдау. Алдыңғы аға буын дәрігерлердің ізімен саланың үздігі атануға ұмтылған жастарды ынталандырудың тағы бір тиімді тетігі деп түсіндік.

Денсаулық сақтау министр­лігі биыл да емханада меди­ци­налық көмек көрсетуді жақ­сар­ту үшін бұйрықтар мен стан­дарттарға өзгеріс енгізуге ниетті екенін байқатып отыр. Мысалы, наурыздан бастап жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған талдаулар тізбесі 42 зерттеуге қысқарды. Әрі осы талдауларды қолдану мерзімі 10 күннен 14 күнге дейін және 1 айдан 3 айға дейін артады екен. Сол секілді сәуірден бастап, кәсіби мамандарға тікелей жүгіну тәсілдері жетілдіріледі. Бірқатар жағдайда пациенттер жалпы практика дәрігерінің жол­дамасынсыз кәсіби ма­манға жүгіне алады. Негізі бұл ереже-талап бұрыннан бар. Былтыр да өзгерістер енгі­зіл­ген. Осыған қарамастан биыл да толықтыру енгізілгені қуан­тады. Әрине, шұғыл жағ­дайда, жарақат, оның ішін­д­е офтальмологиялық, оторино­ла­рин­гологиялық жарақат алғанда кәсіби дәрігерге бірден қаралуға болады. Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек, дерматовенерологиялық бейіндегі аурулар кезінде, тіркелген жері бойынша акушер-гинекологке және пси­хологтің қабылдауына терапевтің алдынан өтпей, төте баруға болады. Сондай-ақ онколог және онкогематологтің қабылдауына, диспансерлік есепте тұрған пациенттерге кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, невро­­патолог, хирургтің қабылдауына емін-еркін жазылуға мүмкіндік беріледі.

Сәуір айынан бастап дина­ми­калық бақылау тәртібі және жалпы практика дәрігері мен кәсіби мамандардың бірлескен жұмыс алгоритмі қайта қара­лады. Осы жұмыстың шең­бе­рінде зерттеу­лер жүргізудің кө­лемі әрбір пациент үшін жеке тәртіппен айқындалмақ. Бұл дегеніңіз – дәрігерлер бір­лесіп, әрбір пациенттің ахуа­лына қарай емшара қабылдау кезеңдерін, тәсілдерін нақтылап алады деген сөз. Қарап отырсақ, биыл да кәсіби маманға жазылу біршама жеңілдейтін тәрізді. Әсіресе созылмалы сырқатқа шал­дыққан науқастардың сапалы ем алуына көбірек кө­ңіл бөлінетіні қуантады. Мұ­ның барлығы кәсіби дәрігерге жа­зылып, кезегін апталап күтетіндердің мәселесін түбе­гейлі шешеді деп айтудан аулақпыз. Неге десеңіздер, дәрігер тапшы ауылдарда қызмет көрсету алгоритімін қанша жетілдіргенмен, аптаға ұласатын кезекті ә дегенде азайту әзірге іс жүзінде қиын болатын тәрізді.