Отбасы • 06 Наурыз, 2024

Тағдыр шыңдаған тұлға

194 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Заманында өткен тарихтың өнегесін ұққысы, сырға бөккен көмбесін ақтарғысы келген, әрқилы пікірдің аражігін ажыратып, ақиқатын іздеген адам Өзібек ақсақалға жолығар еді. Өзгенің шежіресін жинаған Өзібек атаның өз шежіресі туралы бір ауыз сөз айта кетелікші. Мынау жарық дүниеге 1908 жылы тоғыз қыздан кейін жарық дүниеге шыр етіп келген шекесі торсықтай ұлға ауылдың аузы дуалы ақсақалы Имекен ата азан шақырып Өзібек деп ат қойыпты. Ілкі замандағы әділдігімен аты шыққан Өзібек ханға тартсын деген болуы керек.

Тағдыр шыңдаған тұлға

Асылында қазақ ырымшыл халық қой, Өзекең хан бол­ма­ғанымен, хандай қадірлі бол­ға­ны шындық. Тағдыр талай сы­наған, әйтсе де жаратылысынан рухы биік Өзекең сынбапты. Төрт жасында отбасында­ғы төрт бала мен әкесі шешек ­ауруынан қайтыс болған. Қан­дай ғаламат соққы. Кейін өзі «ма­ған тиесілі дерт әкеме тиіп, мен аман қалыппын» деп айтып оты­рады екен. Анасы Рабиға әке­сі Елеместің екінші әйелі. Тоқ­сан жеті жасында өмірден өт­кен. Елге әділдігімен аты шыққан Ах­мет қажының ұр­па­ғы. Бір айта кетерлігі, Еле­мес әкейдің алғашқы жары да Ахмет қажының ұрпағы, есі­мі – Зәуре. Одан үш ұл – Оразбек, Молдабек, Оспан туады. Зәуре шешей қайтыс бол­­ған соң қайын жұрты Елемес ата­ға балдызы Рабиғаны қоса­ды. Әжеміздің тұңғышы Жұба­­ныш – ел ағасы, Социалистік Еңбек ері Баян Жанғаловтың ана­­сы. Ең кішісі ақыл-парасаты­мен, кісілігімен ел есінде қалған Өзібек.

Отбасына түскен ауырт­палық Өзі­бек атаны ерте ши­ратқан. Қабыр­ғасы қатып, буы­ны бекімей жатып еңбекке ара­ласқан. Көнекөз қария­лар­дың айтуына қарағанда, бала ке­зінен аттың құлағында ойнап өсіпті. Жаратылысынан денесі ірі, ересен қарулы болған. Төте жазумен сауат ашады. Кейін ұжымдастыру ке­зін­де латынша оқыған, одан әрі жаңа заман­ның жосығымен білім ал­ған. Қырдағы қараңғылықты жою мақса­тын­да ұйымдастырылған қызыл отау­дың жұмысына белсене араласып, үйір­мелердің ісіне үйіріліп, киелі сахнада да өнер көрсеткен.

Ауылдастарымен сыр-сұх­бат құ­рып отырып, жарты ғасыр бұрынғы дү­ниелерді есіне ал­ғанда, пәленше ай­дың, түгенше күні деп дәл айтып отырады екен. Мәселе тіпті жадында ғана емес, еменнің иір біткен бұтағындай мықтылығында. 1932 жылы ауыл­да бригадир болған. Ел ішін ақ­сүйек аш­тық жайлаған уақыт. Мал қырылған. Адам да соған тақау. Бір уыс масақ тергендер айып арқа­лап сотталып жатыр. Қайткен күнде де елді аман сақтау керек. Ауылдың малын елге таратып беріп, талғажау етуден басқа амал жоқ. Сол әрекеті үшін айып арқалайтынын, сотталатынын білмеді емес, білді. Бәлкім «еркек тоқты құрбандық» деп ел үшін өз жанын садаға еткісі келген шығар. Ұзын құлақтан тараған әңгіме жоғарыға жеткен. Елін ойлаған Өзібек ақсақал төрт жылға сотталып, Қарағанды лаге­ріне айдалады. Немересі Ғаділдің есте­лігіне қарағанда, Өзекеңнің өз аузынан өрбіген сыр мынадай. Сотталып, айдауда жүргендерге жұмыс жоспары бекітіледі екен. Жоспарды асыра орындасаң, берілетін азық-түлік көлемі өседі, ал орындалмай қалса ажал шіркін тоюды, аяуды білмейтін аранын аша бермек. Онсыз да сіңіріне ілініп әзер жүрген адам тойып ас ішпегеннен кейін әлсірей береді емес пе? Әлсіреген адам жос­парды орындай алушы ма еді. Лагерьде жазатайым аяғынан жараланады. Қатердің төнгенін естіген немере ағасы Райымбек Қызылжардың прокурорымен келісіп, екі жылдан кейін ажал шеңгелінен аман алып қалады.

Ел басына күн туған Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде әскерге аттан­ған. Дивизия Қиыр Шығыста бола­ды. Кейін май­­дан даласына тоғытылады. Қан­­қасап майданда Өзекең пу­ле­метшінің көмекшісі қыз­ме­тін атқарады. Өз айтуына­ қарағанда, қару тапшы. Коман­­дир­лер майдан даласынан өз­дерің тауып аласыңдар дейді екен. Өзекеңнің ересен қару­лы болғандығын айттық. Бойы шамамен екі метрге жуық, 54 килолық Максим пу­ле­метін бұйым құрлы көр­мей арқалап жүреді екен. Пу­ле­метке ұңғылын, оқ-дәрі сал­ған қорапшаны қоссаңыз, жауын­гердің иығына түскен жүк аз емес. 1942 жылы майдан даласында контузия алады. Ес-түссіз қалпында тұтқынға түседі. Өз айтуына қарағанда, есін бір жинаса, немістер жусап қалған адамдардың арасынан кеудесінде жаны барларын іздеп, қарап жүр дейді.

1945 жылы лагерьдегі тұт­қын­дар­ды Америка әскерлері босатады. Ал­дарында екі жол тұр. Бірі кеңес одағына қайтып, сотталу, екіншісі беймәлім әлем Америкаға аттану. Жар басында, қос қақпаның ортасында ты­ғырықтан шығар жол таппай жанталасқан Өзекең «соттал­сам сотталайын, анамды бір көріп барып өлсем арманым жоқ» деп кеңес жағына өтеді. Іріктеу лагерін­де НКВД-ның сүзгісінен кейін Донбас­та қираған шаруашылықты қал­пына келтіруге ат салысып, елге 1946 жылы оралған.

Ол тұста майдан дала­сын­дағы қи­рап қалған ша­руа­шылықты қалпына келтіру үшін тегін жұмыс күші керек еді. Сондықтан тұтқында бол­ғандарды екінші рет соттау басталады. Сол бір кәтепті қара нарға жүк болатын, адам төзгісіз жайды Өзекең былай баяндайды екен. Ұрған жоқ, соққан жоқ, тек ұйқы бермеді. Адамның жүйкесін жегідей жеп, тоздыратын ұйқы екен ғой. Тергеушілер бір-бірімен ауысып оты­рады. Тәулік бойы көз ілмейміз. Бір жолы тергеу­ші қазақ жігіті: «Аға, сіз енді бұл жерден шықпайсыз. Сізге ғана айтайын, бізге берілген жоспар бар, одан да мына қағаздар­ға қол қой­саңыз, тезірек бұл азаптан құтылып, лагерьге жі­берілесіз» дейді. Әлденеше түн ұйқы көрмеген адамда ес бола ма, тергеушінің ұсынған қағаздарына қол қоя берсе керек. Айып арқалаған Өзекеңе сот үкімі шыққан. Аттай 25 жыл. Бұрынғының тілімен айтқанда, бір адамның ғұмырына пара-пар уақыт. Азабын қосқанда. Лагерьге жеткеннен кейін ісі қайта қаралған. Айыбының жоқ екендігіне көздері жетсе керек, он жылға қысқартыпты. Тағы да немересі Ғаділдің естелігіне жүгінейік: «Мен өзім тоқсанын­шы жылдары Кемерова облысында вахтада жұмыс істедім. Сонда атам айтып отырушы еді «қарағым, мен сол жерде лагерьде болдым ғой, Томь және Уса деген өзен бар» деп. Шынында да осы екі өзеннің қосылған тұсында Томьусинск поселкасы бар екен. Аталарым қисапсыз азап шеккен жер. Кузбасс ең бай көмір қоры бар жер. Атамның айтуына қараған­да, Кемеровадан жаяу айдаған. Кейін Омбыдағы мұнай өңдеу зауытының құрылысын салуға қатысқан. 1956 жылы ғана елге оралған. Кемеровадағы азап лагерінде жүргенде орын ал­ған оқиға туралы айта кетелік. Лагерь бас­шысының жүген-құрық тимеген асау аты болыпты. Қолға ұстатпайды екен. Лагерь басшысы тұтқындардан шеп құрып, атама «сен жылқы баққан жұрт­тың ұрпағысың ғой, мынау атты ұстап бер» деп бұйырады. Атам құрық сал­май-ақ, жер тарпып тұрған асау атты құрығынан ұстап құлатып, құлағынан басып тұқыртып отырып жүгендейді. Әлгі ғажап көрініске үш мың­нан астам тұтқын мен айдауылдар қайран қалып қарап тұрса керек. Сол сәттен бас­тап ересен күштің иесі Өзібек ата лагерь ішінде кәдімгідей беделді тұтқынға айналады. Бұ­ған дейін тізесі батқандардың кейбіреуі дастарқан жайып, құрмет көрсетеді.

Өзекең майдан даласынан келгеннен кейін сотталуына себепші болған ел ішіндегі кейбір ағайындар екен. Жау алыстан келмеген, жақыннан. Өз аға­йыны, өз туысы. Бар жай бізге бел­гілі болғанымен, атын атап, түстеп көр­се­туді артық санадық. Кейінгі ұрпағы­ның жазығы жоқ қой. Ал Өзекең­нің өзі кешіріммен қараған. «За­ман солай болды ғой» дейді екен жарықтық. Мені көрсетпесе, өздері сотталып ке­туі мүмкін екен. Қазақта «алдыңа кел­се әкеңнің құнын кеш» дейтін сөз бар емес пе, кешірдім деген екен. Ара­да жылдар өтіп, әлгі на­қақтан нақақ жа­ла жапқандар өз ажалымен өмір­ден өт­кен­де жаназаларын шыға­рыпты. Қайт­пас сапарға аттанып бара жатқан­дардың жаназасында тіршілікте біліп істеген, біл­мей істеген қателері болса ке­шіріңдер дейтін сөз бар емес пе? Өзекең де білмей емес, біліп істеген күнәларын ке­шірген. Бәлкім, ғасырдан астам ғұмыр кешуі де жүрегінде кек сақтамағандықтан шығар.

Өзекең адам көкірегіндегі адам­гершіліктің шуағын жаққан шамшы­рақ – асыл дінімізді насихаттаған адам. Кеңес Ода­ғы­ның батыры, академик жазушы Мәлік Ғабдуллиннің туған ауылы Қойсалғандағы ескі мек­теп үйін өзінің кіндік қаны тамған Игілік ауылына көшіріп, мешіт салған. Ауылдастары­на пенде ғұмырда пешенеге жазыл­ған қиындықты көтере біліңдер, ол да Алланың сынағы деп уағыз айтады екен. Түкке тұрмайтын қателік үшін жауласпай сабырлы болыңдар деп елдің ынтымақ-бірлігін қатты қадағалаған. Ел ішінде тұр­мы­сы нашар адам болса, тары­ғып ­қал­масын деп жанашыр­лық көр­сетіп отырған. Жомарт­ты­ғы, аға­йынға бауырма­лы­лы­­ғы, қолы­ның ашық­тығы кейінгі­ге аңыз болып қалған. Бір күн­де тоғыз рет қазан көтеріпті дей­­тін аңызға бергісіз әңгіме айты­латұғын.

Қоныстас отырған алты ауыл­дың ақсақалдары көгеріп көк­­тем шыққанда, көненің көзі, асылдың сынығы Өзібек ақ­­сақалға келіп сәлем беріп, ауыл-ел­дің амандығын біліп тұ­руды парыз санаған. Бұл да бауыр­малдықтың, жа­нашыр­лық­тың жан жадыратар бір көрі­нісі. Өзібек атаның жұбайы Қайыр Қазкенқызы әжеміз ал­дынан жұмыс үркіп отыра­тын қайратты адам болған екен. Тау­дан түйенің беліндей тас­­тарды омалата құлатып мал қо­ра­ларын салған. Бар тір­ші­лікке араласқан. Маңдайдан терін сыпырып жүріп аптал азаматтардың ғана қолынан келетін шаруаны тындырған. Ауылдағы тіршілік еңсесін бас­қанымен, еңкейте алмаған. Сол еңбегі үшін «Ұлы Отан соғы­сы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен мара­патталған.

Өзекең елге оралған соң «Малень­ков» ұжымшарында еңбек еткен. Орта­лығы – қазіргі Кенесары селосы. Осы жерден зейнеткерлікке шыққан. Не­мере, шөбере сүйді. Екі шөпшегіне азан шақырып атын өзі қойды. Жүзге келгенін тойлады. 101-ге келген ша­ғында небәрі он күндей ғана ауырып, өмірден өтті. Артында Өзібек ақса­қалдың өнегесі дейтұғын жақсы мысалы қалды.

 

Ақмола облысы