Отбасы • 08 Наурыз, 2024

«Әдемілік бізге көптік етпейді»

65 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Алып та анадан туады» дегендей, алтын құрсақты аналарымыз Ұмай ананың жебеуімен қаншама ұрпақты дүниеге әкеліп, ұлан-ғайыр даламыздың төсі елге толды. Ежелгі түркі тілінде «баланың ізі», «ана жатыры» деген мағынаны беретін Ұмайды тәңір тұтқан әйелзатының бүгінгі ізбасарлары да ұрпақтар сабақтастығының ұстыны, тіршіліктің тірегі болып, сол қасиетінен тана қойған жоқ. Олай болса, өмірімізге мән беріп, ұлт ұпайын үстеп жүрген аруларымыздың қатары арта түскені бағымызды да еселей бермек.

«Әдемілік бізге көптік етпейді»

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Кейінгі статистикаларға көз жү­гіртсек, әлемде 3,97 млрд ер адам (50,42%) болса, әйелдердің үлесі – 3,9 млрд (49,58%). Осыдан әлемде ерлер әйелдерден шамамен 65,5 миллионға көп деген ақпарат шыға келеді. Яғни кейбір елдерде ерлер әйелдерден басым. Бізде де әлемдік демографиялық өзгерістерге сай ұлдар көбірек дүниеге келеді екен. Қызығы, тәуелсіздік жылдарынан беріге дейін осы басымдық сақталыпты. Ұлттық статистика бюросынан алған ақпаратқа зер салсақ, 2000 жылдары елде 222 054 сәби дүние есігін ашса, оның 113 751-і – ұл, 108 303-і – қыз. Осы аралықтан 2010 жылға дейін елде туу көрсеткіші жыл сайын бірқалыпты сатылап өсіп отырған. Мысалы, 2010 жылы 367 707 сәби дүниеге келсе, ұлдар – 189 197, қыздардың үлесі – 178 510. Сәйкесінше, туу көрсеткіші тағы жоғарылап, 2016 жылы 400 мыңнан аса сәби туған. Кейінгі карантин тұсында, нақтырақ айтсақ, 2020 жылы – 426 824, тиісінше, 2021 жылы 446 491 сәби туып, көрсеткіш өткен жылдардағыдан әлдеқайда жоғарылады. Осы жылдары дүниеге келген қыздардың саны 200 мыңнан асқан. Мәселен, 2020 жылы – 206 046, 2021 жылы 216 219 қыз дүниеге келген. Сол секілді 2009 жылы ұлдардың саны – 7 698 875 болса, қыздардың үлесі 8 283 495 болыпты. Ал былтыр ерлер – 9 647 701, қыздар 10 119 106-ға жеткен. Осы жалпы ақпарттың өзінен-ақ қыздардың жігіттерден аса көп емес екенін пайымдай беруге болады.

Бұдан әрі егемендік жылдарынан беріге дейін жыл сайын ұлдар көп туса, неге қыздардың үлесі басым деген орынды сұрақ туады. Бұл дегеніңіз – өмір сүру ұзақтығы жағынан әйелдер ерлерден алда тұр деген сөз. Өмір сүру ұзақтығындағы өзгерістер еліміздің демографиялық артықшылығынан деп айта алмаймыз. Өйткені ерлер мен әйелдер арасындағы демографиялық өзгерістер бізде ғана емес, бүкіл елде байқалады. Тек кейбір елдерде 3-4 жыл­дың көлемінде болса, екіншісінде 10 жыл­дан да асуы мүмкін. Жалпы алғанда, көш ілгері мемлекеттерде өмір сүру ұзақтығы біздегіден 5-10 жылға жоғары болуы мүмкін. Статистика бойынша елде ұлдар көп дүниеге келгенімен, қыздардың үлесі басым болып тұр. 2023 жылдың бас кезіндегі деректерді мысал етіп салыстырсақ, 1 жастан 17 жасқа дейінгі ұлдар қыздардан 5,8% көп. Бұл басымдық жастар арасында да сақталып тұр. Ал 36-55 жаста ерлердің үлесі төмендеп, одан кейін 70 жасқа дейін де нәзік жандылар алға шығады екен. Одан кейінгі жылдарда ерлердің үлесі әйелдерден 2-3 есе төмендей береді.

Саясаттанушы, демограф Әзімбай Ғали елдегі демографиялық өзгеріс­тер әлемдегі үрдістерге сай келетінін айтты.

«1959 жылдан бастап қазақ даласында нәрестелер өлімі азайған. Бұған медицинадағы жаңалықтар да әсер етті деп айтуға болады. Есесіне, сол жылдары қазақтың демографиялық өсу қарқыны әлем бойынша жоғары көрсеткіштерге жетті. Кейін 1965 жыл­дарға қарай туу деңгейі төмендей бастады. 1980 жылдардың соңына қарай жақын шетелдегі қазақтар атақонысқа ат басын бұра бастап, халық санының өсуіне әжептәуір ықпал етті. Көптеген мемлекетте қыздарға қарағанда ұлдар көп туылады. Жаһандық деректерге үңілсек те солай, ер мен әйелдің үлесі бір мезгілдері теңесе бастап, ерлер қайта азаяды. Жалпы, әлемде ұлдардың көп тууы табиғаттың ерекшелігі болса керек. Қыздар көп туылғанда, статистикалық деректер қазіргіден біршама құбылар ма еді, кім білсін?» дейді Ә.Ғали.

Осы орайда акушер-гинеколог Сәуле Дербісбек те қызықты деректерді алға тартты.

«Негізі ұл-қыздардың гармон­дарындағы үлкен өзгерістер жасөспірім шақта болады. Ұлға қарағанда қыздар ширақ, ептірек болады деген түсінік бар. Бірақ бұл көбіне-көп тұқымға, өскен ортаға қарайды. Баланың ақыл-есі 1 жас­тан 14 жасқа дейін белсенді дамиды. Осы шақта балалар пайдалы ақпарат алуы керек. Баланың мықты болмағы ата-ананың тәрбиесіне, өскен ортаға байланысты. Баланың болашағы белгілі бір деңгейде оның генетикасымен сабақтасады деп жатады. Бірақ көп жағдайда баланың қалыптасуына ортасы әсер етеді. Қазір қоғам балаға инвестиция құюдың артықшылығын түсініп келеді. Мемлекет те баланың болашағына серпін боларлық бастамаларды қолдап отыр. Бұл – жақсы. Сол секілді қоғамда қыздар ертерек есейеді деген түсінік бар. Бірақ бұл да – түсінік қана. Қазіргі дамыған медицина балалардың ерте дамуы технологиялардың дамуымен тікелей байланысты дегенді құптайды. Өйткені балалар қазір бір ғана смартфонның өзінен көптеген ақпарат қабылдайды. Жалпы ұл-қыздардың жасөспірім кезеңі 9-19 жас аралығы деп аламыз. Сондықтан ұл-қыздардың тәрбиесіне дәл осы кезеңде көбірек қарайласып, дұрыс бағыт-бағдар көрсету керек», дейді С.Дербісбек.

Болмысынан сұлулыққа, әсемдікке құмар нәзік жандыларды ақын-жазу­шы­лар, суретші, сазгер – бәрі-бәрі шығар­машылығына арқау етті. Әйел бейнесін, образын қал-қадерінше суреттеуге тырысты. Осылайша, қазақ аруларының өзіндік бет-бейнесін қалыптастырды. Батыр аналардың табиғаты, көркем мінезі, ізгі қасиеттері бүгінгі қыз-келіншектердің бойынан табылып, болмысына белгілі бір деңгейде әсер етеді. Мұны ұрпақтар сабақтастығы, буын алмасудың ерекше үлгісі ретінде қабылдасақ болады. Расында, «Әдемілік бізге көптік етпейді» дегендей, бесік тербететін әйелзатымен көсегеміз көгере түседі.