Алматы • 13 Наурыз, 2024

Алматы: Сейсмикалық аудит қалай жүреді?

68 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алматыны осы мәселе алаңдатып отыр. 2023 жылдың ақпанында Алматы әкімі Ерболат Досаев соңғы рет сейсмикалық аудит 2017-2018 жылдары өткенін, 2023 жылдың екінші жартысында және 2024 жылдың алғашқы жартысында қаланың жаңа сейсмикалық аудитін бастайтынын айтқан. Әкім сол кезде қаланың сейсмикалық зондтауы ескерілмеген бір шаршы метрі жоқ екенін, Абай даңғылынан жоғары орналасқан үйлердің бәрі 10 балл, төмен орналасқандары 9 балл жер сілкінісіне төтеп беретінін де алматылықтардың есіне салған.

Алматы: Сейсмикалық аудит қалай жүреді?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Алматыда арнайы өткен бас­пасөз жиынына қатысқан сәу­лет­шілер жылдың алғашқы жартысында өтуге тиіс сейсмикалық аудитте қандай мәселеге ба­сымдық беруі керек деген мә­се­леде ойларымен бөлісті, Пар­ламент қоржынына түспеген «Қа­зақстан Республикасының Құ­ры­лыс кодексі» жобасында осы мәселенің қаншалықты зерт­телгенін айтты.

Олардың айтуынша, құжат­та Алматының сейсмикалық қауіпсіздік мәселесі тиісті дең­гейде зерттелмеген. Кодекс жо­басында «Сейсмикалық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету та­лап­тары», «Сейсмикалық аймақ­тар­дағы жобалау және құрылыс ерекшеліктеріне» арналған жеке-жеке тармақтар бар. Бірақ сәулетшілердің айтуынша, екі жағдайда да сейсмикалық қауіп­сіздік тақырыбын ат үстін­де отырып зерделегендей әсер қал­дырады. Аймақтық ерек­шелік­тер туралы сөз болғанда жалпы сейс­микалық аудандастыру және микроаймақтандыру карталарын әзірлеу қажеттігі, бұл карталарды дайындау ел бюджетіне қымбатқа түсетіні айтылған.

2024 жылдың 23 қаңтарын­да мегаполисте болған жер сіл­кінісі қала тұрғындарының қауіп­сіздігін қамтамасыз ету және жер сілкінісінен кейінгі ықтимал келеңсіз салдарды жоюға қатысты мәселелерге дайын емес екенін көрсетті. Сарапшылар жағдай­дың жақсы жаққа өзгермейтінін айтып дабыл қағып отыр. Сәулетші­лер сонымен қатар сейсмика­лық қауіптілік дәрежесіне қарамас­тан көпқабатты үйлер бір-біріне тым жақын өсетін жағдай­лар­­ды жою үшін құрылыс тығыз­дығы нормаларын Кодекске ен­гізуді ұсынады. Мамандардың айтуын­ша, Алматыдағы жер сіл­­кінісі сейсмикалық қауіп­сіз­дік мәселелері Кодекстің тал­қыланып, қабылдануға күтпей-ақ, тез арада қабылдануға тиіс жеке құжатқа енгізілуі керектігін көрсетті. Олардың пайымда­уынша, «Сейсмикалық нормаларды» қабылданған актіні ескере отырып, кейінірек енгізуге бо­лады. Сонымен қатар сәулет­шілер айтқандай, Кодекс жоба­сындағы көптеген бап бұ­рын қабылданған құжаттарды – жеке заңдарды да, Қазақстан Рес­пуб­ликасының басқа да кодекстері­нің нормаларын да қайталайды.

Сәулетшілер жобада қала құ­рылысын реттеуде, қауіпсіз және жайлы жағдай жасауда сәулетші мен қала құрылысын салушының екінші орында рөл атқаратыны­нан қорқады, ал Қазақстанның сейсмикалық аймақтарындағы жобалау мәсе­лелері жалпы сипатта, кәсіби тұрғыдан жеткіліксіз талданған. Осыдан сегіз жыл бұрын 980 үй бұзылуға тиіс деген шешім шы­ғарылған, оның орнына жаңа тұрғын үй кешендері салынды.

Сәулетші Аркинжан Мәметов­тің айтуынша, Алматының бас жоспарын жасағанда, негізінен, микроаймақтандыру ескеріліп, өзге аймақтардың жағдайы тасада қалған. Ал бүкіл елдің сейс­микалық жағдайын тұтастай зерделеуге көп қаржы керек. Бұл қажет болса мемлекеттік бағ­­дарлама шеңберінде жүзеге асы­рылуға тиіс. Мұндай ауқымды кешенді жұмыстарды атқаруға қала, облыс әкімдіктері тарапынан бөлінген қаржы жеткілік­сіз. Қала құрылысы құжатта­рын әзірлеу кезінде инженер­лік-геологиялық аудандастыру кар­таларын іске асыру бірінші кезектегі басымдық болуы керек. Өйткені бізде сейсмикалық аймақтардан бөлек, топырақтары өте нашар, жерасты суларының деңгейі жоғары жерлер бар.

Жиынға қатысқан сарапшылар Алматы әкімдігі жанында­ғы Сәулет және қала құрылысы бөлімі кезінде республика аума­ғындағы құрылыстарды реттеумен айналысқанын, қажет кезде тәуелсіз сәулетшілердің пікірі­не ден қойғанын еске түсірді, бас­қаша айтқанда, бұл мәселе қоғамдық бақылауда тұрды. Қазір бұрынғы жүйе түбегейлі өзгерді, көп мәселелер құрылысқа жа­уап беретін мекемелердің пікі­рін ескерместен, жоғары жақта шешіліп кетті.

«Кейбір мемлекеттік орган­дардың міндеттері бір-бірімен араласып, нәтижесінде қай меке­менің қандай мәселелермен айналысатынын білмей қалдық. Бізде сәулет және қала құры­лы­сы бөлімі немесе сәулет және қала құрылысы бойынша жер қатынастары бөлімдері бар. Қала құрылысының ұзақмер­­зімді жоспарын дайындаған кез­де мамандардың пікірі еске­ріле бермейді. Ал шын мәнін­де, қаланың сейсмикалық имму­ни­теті деңгейінің қандай еке­нін жоғарыда отырған шенеунік­тер емес, жерасты тербелістерін ба­қылап отырған мекемелермен тығыз байланыста отырған ма­мандар шешеді. Соңғы жылдары қала билігі сейсмикалық қауіпсіздік емес, абаттандыруға көп көңіл бөлді», дейді Аркинжан Мәметов.

Осы жиынға қатысқан мамандар қалалар мен басқа да елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеуге, ғылыми-техникалық және геодезиялық зерттеулер жүргізуге тек мемлекеттік меке­мелердің ғана емес, сәулетшілер қауымдастығының өкілдерін тарту, сондай-ақ әрбір ірі өңір­де мамандандырылған ғылы­ми орталықтарды құру, оның ерекшеліктерін ескеру мәсе­лелерін алға шығарды. Айталық, Қарағанды қаласындағы кеніш­тер аумағын пайдалануға, Екібас­тұз, Риддер, Степногор және бас­қа қалалардағы ашық кеніш­тер­ді өндіруге қатысты мәселе­лер­ді шешу жүйелі көзқарас пен ғылы­ми негіздеуді талап етеді.

Техника ғылымдарының кан­дидаты, «Сарапшылық ұйым­дар палатасы» ҰАО басқарма төрағасының орынбасары Талғат Мамаевтың айтуынша, бес қа­баттан жоғары көпқабатты тұр­ғын үй кешендерін жобалаудың барлық проблемалық мәселе­леріне құрылысқа сараптама жүр­гізген ұйымдар жауап беруге тиіс. Содан кейін сарапшы тұрғын үй кешендерінің қабаттары са­нын шектеу керек деген мәселеге назар аударды. Бұл мәселеге Кодекс назар аудармаған. Егер үй қабаттарының қанша бола­тынын аймақтық ерекшелік­терге қарай заңдастырып ал­сақ, құры­лысшылар оны өзгерте алмайды.

«10 балдық аймақтар мен тек­тоникалық бұзылулар сияқты қауіпті жерлерге қанша қабат­ты көрсету қажет деп есептейміз. Кеңес заманында мұндай аймақ­тарда құрылыс жүргізу туралы мүлде сөз болмаған. Біз тұрғын үй кешені қабаттарын шектеуді ұсынамыз. Алматы тәрізді аймақ­тарда бес қабаттан жоғары құры­лысқа рұқсат берілмеуге тиіс. Біз Кодексте Жапония үкіметі сияқ­ты сейсмикалық қорғаныс технологиясын құрылысқа енгізу тәжірибесін заңдастыруымыз керек», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда Алматыда тектоникалық сызықтардың бойында 15 қабат­тан жоғары тұрғын үй кешендері салынып, пайдалануға берілді. Қала әкімі сол үйлердің тізі­мін жасап, баспасөзде жарияла­ды. «Өздерінің құт мекеніне айнал­ған шаңырақтың тектоника­лық сызық бойында екенін білген әрбір адамның психологиялық күйзелісі туралы мәселе – бөлек әңгіме. Мұның бәрі құрылыста тек бизнес көзі деген көзқарастың басымдыққа ие болып, халықтың қауіпсіздігі екінші орынға ысырылып қалғанын көрсетіп тұр», дейді ол.

Сондай-ақ сарапшы Өнер­кәсіп және құрылыс министрі эксперттік жобаларға монопо­лия орнатуға тырысып жатқа­нын айтып берді. Ол үшін Құры­лыс кодексінің жобасында мем­лекеттік емес сараптама инс­титутын жою нормасын бекітіп жатыр. Бұл бағыт бойынша 200-ден астам аккредиттелген са­раптамалық ұйымдардың са­рап­шы­лар қауымдастығы, 2 мың­­нан астам маман жұмыс іс­­тейді. Егер жоба мақұлданып кет­се, құрылыс сегменті сын көз­бен бақылау мүмкіндігінен айыры­лып қалған монополистердің уы­сында болмақ. Осыған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғын үйді бағалау нарығы­ның өкілдері жаңа кодекстің көмегі­мен бағалау нарығын толық­тай мемлекеттік монополияға алу әрекетін сынаған болатын.

Сарапшы Алматыдағы моно­литті, каркасты, панельді үйлер жер сілкінісіне төзімді еке­нін, қамыс пен саз балшықтан жа­салған үйлердің сапасы сын көтермейтінін да айтып өтті.

Сәулет ғылымдарының док­торы, ҚазҰТУ профессоры Алек­сей Әбілов құрылыс сапасына жаңа стандарттар ен­гізу, соңғы он жыл­­да пайдалануға берілген үйлер­­дің сапасын қайта тек­серу қа­жеттігін айтты. Құрылыс сегмен­тіне жауап беретін жаңа кодекс­те бизнестің мүддесіне басым­дық беретін тұстардың көп екені­не алаңдайтынын да жет­кізді. Мұндай заңның қажет екенін, бірақ қазіргі жоба, оның айтуынша, ірі құрылыс бизнесі­нің мүддесіне бағытталғанын және сәулет, қала құрылысы сала­­­сын екінші қатарға ысыраты­нын атап өтті. Бұл құжат­ты «Қала құрылысы кодексі» деп атау­­ды және ондағы сәулет, қала құ­­рылысы және құрылыс сала­­ларына нақты анықтамалар беру­ді, сондай-ақ заң­сыз тарау­­лар мен баптардан ары­лу­ды ұсынды. Қала, аудан және ауылдық округтер­дің бас сәу­летшілерінің құқық­тары мен мін­дет­терін белгілеу­ді, сондай-ақ бе­кітілген сәулет, қала құ­ры­­лысы құжаттамасын бұз­ғаны үшін инвесторлар мен жер­гілікті әкімшіліктердің, құ­ры­­лыс субъектілерінің жауап­кер­­шілігін айтарлықтай арттыру­ды, тіпті қылмыстық жауап­кер­шілікке тарту керектігін де ашып айтты. Оның пайымда­уын­ша, кез келген тұрғын үй ке­ше­нін жоспарлаған кезде сырт көз ұсақ-түйек деп қабылдай­тын жайттардың бәрі ескерілуге тиіс. «Қала құрылысына жауап бере­­тін мекемелер тек құрылыс бары­сы ғана емес, халықтың сейс­мика­­лық қауіпсіздігі, өмір сүру орта­сы­ның жайлылығын арттыру ­ба­ғы­тына басымдық беруге тиіс, жаңа құжатта бұл мәселелер биз­нес мүддесінің қалтарысында қалған», деді А.Әбілов.

Сәулетшілер қауымы ұсы­нылып отырған кодекс алдағы жылдарға сәулет және қала құры­лысы қатынастарын реттеуге тиіс негізгі нормативтік құжаттың мақсаттарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келді.

Мәжіліске ұсынылған кодекс жобасын қайта қарап, қоғамдық талқылауға шығарып, содан кейін ғана «Қала құрылысы кодексі» деген атпен ел Парламентінің қарауына ұсынылуы керектігі айтылды.

 

АЛМАТЫ