Алматы • 18 Наурыз, 2024

Алматыны қалай сақтандырамыз?

2238 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматының бір айда кемі екі-үш рет теңселіп алуы қалыпты жағдайға айналып барады. Биіктігі Алатаумен таласқан үйлерді мекен еткен тұрғындардың бірі Астанаға қарап көш түзесе, енді бірі жер үйге қоныс аударуды ойластыра бас­тады. Ахуал мегаполистегі тұрғын үй нарығына үлкен соққы беретін секілді.

Алматыны қалай сақтандырамыз?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Көпшілік әліптің артын бағып отыр

Бірінші несие бюросының (БНБ) са­рапшыларының айтуынша, қаңтар­дағы жер сілкінісінен кейін жер үй бағасы күрт өсе қойған жоқ. Дегенмен көпқабатты үйлерге қатысты сату-са­тып алу мәмілесі біршама азайды. Ста­тис­тикаға сәйкес сату көлемі 6,5 мың транзакциямен шектеліп, 22%-ға төмендеді. Ал қаңтар айында 8 мыңнан астам тіркелді. Бастапқы нарық үйлері – 1,5%-ға, қайталама тұрғын үй 0,5%-ға арзандады. Жалға беру мен жалдау шамамен 3%-ға арзандады. Сауда платформаларында 6-қабаттан жоғары пәтерлер бағасы шамамен 4 млн теңгеге дейін төмендеген. Мысалы, бұған дейін 51 млн теңгені құрап келген 14-қабаттағы 3 бөлмелі пәтер сілкіністен соң 3,5 млн теңге құнын жоғалтқан.

Дегенмен БНБ сарапшылары өз­герістер деңгейі нарықтағы бағаға ықпал ететіндей дәрежеде емес екенін айтады. Алматыдағы жекеменшік сектордағы үй немесе коттедж қалашығындағы үйлерге деген сұраныс нарықтық сипатқа ие емес, ол әшейін жер сілкінісінен кейінгі көңіл күйден туған уақытша құбылыс болуы бек мүмкін. Ал өзге аймақта тұрып, Алматыдан үй сатып алуды жос­парлап жүргендердің шешімі белгісіз уақытқа шегерілген. Сарапшылардың айтуынша, сатып алу, сату бағасының қалыпты деңгейден төмендеп кетуіне осы фактор себеп болып отыр.

«Қазір пәтер сатушылар хабарландыруларда жер сілкінісінен кейінгі үйдің жай-күйі туралы ақпаратты көрсете бас­тады: «жер сілкінісі кезінде үй іс жү­зін­де тербелмеді, берік тұр», «жер сіл­кі­ні­сінен кейін үйге ешқандай зақым мен жарық түскен жоқ», «үй қауіпсіз аймақта, жарылыстардан алыс» деген хабарландырулар көбейді», дейді БНБ сарапшылары.

 

Сақтандырсаң сан соқпайсың

Әрине, сақтандыру апаттың алдын алмайды. Бірақ апаттан кейінгі шы­ғынды өтеп беруге қауқарлы. «Еуразия» СК басқарма төрағасының орынбаса­ры Нұржан Жантөреевтің айтуынша, ел аумағының 40 пайызға жуығы сейс­микалық аймақта орналасқан, соған қара­мастан азаматтар сақтандырудың маңыздылығына мән бермейді.

«Бірақ қаңтар айындағы алғашқы тербелістен кейін сақтандыру компа­ниясына хабарласқандардың 6-7 пайы­зы келіп, мүлкін сақтандырды. Сақтан­дырылған тұрғын үйлер саны бойынша көшбасшылық тізгін – Астанада. 2024 жылдың қаңтар айынан бергі сақтандыру шарттарының 50,4%-ы осы қаланың үлесінде. Алматылықтардың үлесі – 14,85%», дейді.

Апатты тәуекелдерден міндетті сақ­тандыруды енгізу мәселесі 2000 жыл­дардың басынан бері талқыланып келеді. БНБ мәліметінде ел аумағында пай­далануға берілген тұрғын үйлердің тек 2 пайызы сақтандырылғаны айтылады.

Сарапшылар сөзінше, жер сілкінісі­нен сақтандыруға кешенді түрде қарау қажет. Тұрғындар сақтандыру саласына селқос қараса, сақтандыру компаниясы төтенше жағдайларда өз міндетін орындай алмайды. Мысалы, Түркияда зілзала аймағында қирап қалған үйлердің 30 пайызы сақтандырылыпты. Қазір ол елде үйлерді қалпына келтіру мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік негізде ғана емес, сақтандыру компанияларының араласуымен жүріп жатыр. Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығының төрағасы Виталий Верёвкин журналистермен кездескен кезде ел тұрғын­дарының біраз бөлігі сақтандыру компанияларына сенімсіздікпен қарай­тынын, жер сілкінісі болған жағдайда олардың барлығы тиісті төлем алатынына сенбейтінін айтыпты. Оның айтуынша, егер сақтандырушының ресурсы шығынды жабуға жетпесе, ол тәуекелдерді қайта сақтандыру үшін шетелдік сақтандыру компанияларына жүгіне алады. Алайда шетелдік ресурс­тарды тарту әдетте қымбатқа түседі.

Қазақстан риэлторларының бірік­кен қауымдастығының президенті Алек­сандр Пактың айтуынша, Алматы билігі енді құрылысқа рұқсат беруге мұқият болуға тиіс. Содан кейін көп қабатты үй құрылысын шектеуге байланысты тұрғын үй салатын жер телімдері де, пайдалануға берілетін пәтер саны да азаяды.

«Алматы билігі жаңа үйлер сейсми­калық төзімділік бойынша нормативтік талаптар негізінде жобаланғанын айтып жатыр. Бірақ құрылыс кезінде осы талаптардың қалай орындалғаны сейсмикалық аудит нәтижесінде анықта­лады», дейді ол.

 

Алматының жалпы құны өте жоғары

Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Әсел Әмірбаеваның айтуынша, қазір реттеуші мемлекеттік деңгейде жер сілкінісі қаупінен сақтандыру моделін құру тетігін әзірлеп жатыр. «Ешбір жеке сектор апат салдарынан келуі мүмкін шығынды өтей алмайды», дейді Әсел Әмірбаева.

«Қазірдің өзінде Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі тарапынан тегін техникалық көмек көрсету бо­йынша қолдау бар. Алдағы уақытта сала­аралық жұмыс тобы құрыл­мақ. Сақтан­дыру ұйымдары қайта сақтан­дыру­ды жеке жасаса бұл өте қым­бат­қа түседі. Кәсіби басқарушы брокерді тауып, осы пул арқылы шетелдік қайта сақтан­дырушыға жүгіну тиімдірек болады. Яғни аталған қызметпен қамту баға­сы арзандайды. Сондай-ақ реттеуші Дүние­жүзілік банк пен Азия банкімен жұмыс істеуге ниетті. Себебі аталған ұйымдардың апаттан сақтандыру бойын­ша базасы бар», дейді агенттік өкілі.

«Freedom Insurance» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев айтқандай, Қазақстанда жер сілкінісі қаупінен толыққанды сақтандыру полисі жоқ, бірақ тәуекелдің осы түрімен кейбір ірі жылжымайтын мүлік нысандарын ғана сақтандыруға болады.

«Пәтерлер мен автокөліктегі мүлікті сақтандыру полисі жер сілкінісі қаупін өтемейді. Мүлік түрлері бойынша сақ­тандыру полисінің құны жеке есеп­те­леді және сақтандырылған нысан параметріне байланысты болады. Нарық­та бірде-бір сақтандыру компаниясында толыққанды жер сілкінісінен сақтандыру ұсынысы жоқ, өйткені қаладағы барлық нысанның құны туралы тегін дерек жоқ. Бірақ біз бұл тақырып бойынша келіс­сөз жүргізіп жатырмыз. Елімізде жер сілкінісінен сақтандыру жүйесі жұмыс істеуі үшін белгілі бір тетік құру қажет. Барлық елде тәуекелдің бұл түрі мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы сақтандырылады. Әдетте, мемлекет тәуекелді өз мойнына алады, оны бюджеттен өтейді немесе әлемдік сақ­тан­дыру көшбасшыларының қайта сақ­тандыру бағдарламаларын сатып ала­ды. Мысалы, «Freedom Insurance» апат­тық тәуекелді қайта сақтандыру бойынша 200-300 млн долларға сатып алуды жоспарлап отыр және бұл полисті шектеулі адамдарға ұсынуды ойластырады. Мұндай полистердің пайда болуы – жаһандық мәселе. Бұған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, сондай-ақ Үкіметтің қаты­суы маңызды. «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ, «ИВЦ» ЖШС, «Альсеко» АҚ сақтандыру агенттіктерін нео-делдалдар ретінде қатыстырар болсақ, полистің мұндай түрі азаматтар үшін қолжетімді болады деп ойлаймын», дейді Азамат Керімбаев.

 

АЛМАТЫ