Спорт • 20 Наурыз, 2024

Сұрмерген

64 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен әлем кубогінде көкшетаулық мерген Еркін Ғаббасов екінші орынға ие болды. Әлемнің 49 мемлекетінің 268 спортшысы қатысқан дүбірлі додада жинаған ұпай санының нәтижесінде Парижде өтетін ХVІІ Жазғы Паралимпиада ойындарына қатысу лицензиясына ие болды.

Сұрмерген

Елде үнемі атып жүрген мыл­тығы да, көздейтін нысана­сы да қарапайым, қарабайыр дүние­лер екен-ау. Әлем кубогінде жағдай өзгеше. Мылтықтары – соңғы үлгідегі мінсіз құралдар. Нысаналары да біздегідей үлбі­реген қағаз емес. Жаңа мылтыққа машықтанып үйрену үшін де уақыт керек. Ал жарыс күтіп тұрмайды ғой. Нар тәуекел деген іштей. Еркін Тілеуқабылұлы ер мінезді қазақтың осы бір сөзін іштей жақсы көреді. Өзі де тәуекел етіп тас жұтуға әманда дайын. Ал қиындық атаулыны кезіктіріп тұрғаны бүгін ғана емес қой. Еменнің иір бұтағындай жаратылысынан мығым жігіт тағдырдың тәлкегін көптен бері көтеріп келеді емес пе?

Қырсық дейміз бе, жоқ әлде жазмыш па екен, кәтепті қара нар ғана көтеретін зілмауыр сал­мақ сонау 2006 жылы кезіккен. Кезік­кенде де енді қайтып айырыл­мастай, қадам басып жүргізбес­тей, алдағы бар үмітін көктей сол­ды­рардай болды емес пе?! Облыс орталығындағы құрылыс жұмы­сында жазым болып, тоғызын­шы қабаттан құлдилап құлап кеткен. Көрер жарығы бар екен, әйтпесе екінші, не үшінші қабат емес, ту сонау тоғызыншы қабат. Облыстық ауруханада операция жасалды. Енді қайтып аяғын баса алмайтыны белгілі болды. «Басқа түссе баспақшыл» де­мек­ші, тағдырдың салған ісіне көн­діккен. Кейін халыққа қызмет көрсету орталығына орналасқан. Алматы экономика және статистика институтының Көкшетау филиалын бітіріп мамандық алғаны кәдеге асты.

Қоларбаға таңылып қалғаннан кейін бір-ақ білді. Құрылыс фирмасы ойда жоқ жерде мүмкінді­гі шектеліп қалған адамға заң бо­йынша төленетін жәрдемақы бергісі келмеген. Дес бергенде тоғызыншы қабаттан құлағанда қалта телефоны сынбай аман қалыпты. Жұмыс басталардың алдында Еркін құрылыс алаңының тастай қараңғы, қоршаудың түбі босап, шайқалып тұрғанын түсіріп алған. Кейін сотта қаралған кезде дәлел болып шықты. Ауыл­дастарына айтар алғысы да аз емес. Әділдікке жету үшін олар да атсалысты. Әсіресе шоқ жұлдыздай Қараөзек ауылының тумасы, сол кездегі облыстық мәслихаттың депутаты болып жүрген Нартай Ысқақов ағасы шындыққа жету үшін жанын салып кіріскен.

Баспананың зары өткен соң «Аmanat» партиясы Ақмола об­лыс­тық филиалының сол кездегі төр­ағасы Ғалым Бекмағамбетовке жолығып, өтініш айтқан. Ғалым Мәдешұлы облыстық мәсли­ха­ттың депутаттар корпусына жағ­дайды түсіндіріп, көмек қо­лын созуын сұрады. Жанашыр жандардың арқасында үш бөлмелі пәтерге ие болды. Бұл жай да Еркінді қанаттандыра түсті. Бірде өзі тәрізді тағдырдың тәлкегіне түскен Көкшетаудағы «Ақниет» мүгедектер қоғамдық бiрлестiгiнiң төрайымы Қымбат Досмағанбетова спортпен айналысу туралы кеңес берген. Міне, содан бері мыл­тық атумен шұғылданып келеді. Облыс орталығындағы №4 орта мектеп ғимаратында «Мерген» спорт клубы бар. Осы клубта жат­тығады. 2022 жылы Қазақстан чем­пионатында топ жарды. 2023 жылы паралимпиадалық ойындарда бірінші орынға ие болды. Бұл жолы Үндістанда қазақ елі­нің атын шығарды. 619 ұпай жи­нап­ты, ал әлемдік рекорд – 631 ұпай.

– Спорттық керек-жарағымыз түгел болса, намысты қолдан бермес едік, – дейді спортшының өзі. – Бағзы заманда Алаштың құра­лай­ды көзге атқан мерген­дері жақ­қа жебені салып тұрып «тарта ал­масам – маған серт, тимей кет­сең – саған серт» дейді екен ғой. Біз­де де солай. Осы жолы өрке­ниет­ті елдердің спортшы­ларын көріп қызыққанымызды несін жасы­райық. Стандартқа сай спорттық киімі, ататын мылтығы мен тапаншасы, оғына дейін өзгеше.

Аттыға еріп жарысса да кеуде­сінде намыс оты жанған көк­шетаулық спортшы бәйге соңында шаң қауып қалмай, алдыңғы лектен көрінген. Жалауы желбіреп келген спортшыны көкшетаулық тілектес қауым күре жолдың бойындағы Құлагер ескерткішінің жанындағы ат арқасындай алаң­қайда қарсы алды. Жаттықтырушысы Мүсілім Сәрсембеков қияндағы жарыстың қалай өткенін таратып айтып берді. Туған ауылы Қараөзектен жеткен қауым астына ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Жазғы паралимпиада ойындарында жеңіске жетуді тіледі. Көздегені мүлт кетпейтін сұрмерген нысанасына дөп тигізеріне біз де сендік. Еркіннің нысанасы мылтықтың қарауылына ілінетін кәдімгі нысана ғана емес, өз бойындағы қажыр мен қайраттың, ерлік пен өрліктің жас толқынның бойына дарытсам деген адал ниеті. Біз сұрмергеннің бұл жолда да мүлт кетпейтініне кәміл сендік.

 

Көкшетау