Ұлттық спорт • 20 Наурыз, 2024

Елдікті танытатын өнер

86 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгін – ұлттық спорт күні. Былтыр ұлттық спорт түр­лерінен саңлақтар 12 халық­аралық сайысқа қатысып, 95 медаль иеленді, оның ішінде 35-і – алтын жүлде. Ұлттық спорт түрлерін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленіп, саланы өрістететін кадрлар даярлаудың бағдарламасы да бекітілді. Ұлттық спорт түрлерінен мектеп ашу ісі де қолға алынды.

Елдікті танытатын өнер

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Желден озған шабандоз

Ұлттық спорт ойын­дары­ның ішін­де кең қанат жай­ғаны – бәйге. Жұмыр тұя­ғы то­пы­рақты турап, аспанды ала­құйын шаңға көметін жүйрік­тердің жарысы кім-кімнің де делебесін қоздырады. Қиқу сал­ған көрерменнің көз алдында жел қуған жыл­­қы жануарының қолтығын сө­ге көсіле шапқан сәті тым ерекше.

Биылдың басты бәсекесі – Дүние­жүзілік көшпелілер ойын­дары. Қоңыр күзде Астана қаласында өтетін айтулы додаға атсейістер де алағызып, шабандоздар да тақым қысып әзірліктен өтіп жатыр. Көшпелілер ойын­дарының сүйекті додасы саналатын бәйге додасына дайындық қалай, еліміздің атынан қанша жүйрік қосылады, қай жануардың жұлдызы жанады деген сауал жанкүйер жамағатты толғандырары сөзсіз.

ар

Былтырдан бастап елі­мізде ресми бәйге сайыс­тары, яғни Бәйге федера­ция­сының ал­қауын­дағы додалар кезең-кезең­мен жоспарланып өткізіліп келе­ді. Биыл да жүлгесі солай жал­ғасып, алғашқы аламан дода 9 наурызда Шым­кент қаласында өтті. Ен­дігі бәйге 22 наурызда Алматы облысының әйгілі Көк­бас­тау ипподромын дүбірге бөлей­ді. Ұлу жылының ұлы бәй­гесі саналатын Көшпелі­лер ойын­дарына қатысатын жүйріктер, міне, осындай әр кезеңде сұрыпталады.

Бәйге федерациясының атқарушы директоры Алтай Бимен осы жылы тек ресми бәйгелердің өзі 41-ге жеткенін айтты. Одан сырт өңірлерде берілетін ас пен тойдың додасы тағы бар. Міне, осы ресми сайыстарда қара үзіп, көмбеден алдымен көрінген қылқұйрықтар ғана Көшпелілер ойындарында бәйгеге қатысады.

«Дүниежүзілік көшпелілер ойында­рына айдалатын арғымақтарды іріктеудің негізгі екі додасы бар. Қарағанды облысында өтетін Қазақстан кубогі мен Ал­маты қаласында болатын іріктеу бәй­гесі. Міне, осы екі негізгі сыннан суыры­лып шыққан қылқұйрықтар Дү­ние­жүзі­лік көш­пелілер ойындарында бәйгеге түсе­ді. Құнандарды да осы іріктеу жүйесімен саралаймыз. Себебі былтыр тай кезінде жүгірген жүйріктер биыл әлі додаға қосылған жоқ. Барлығы да әділетті, көп­тің көз алдындағы ірік­теу барысында жүйеленеді. Ана атбе­гінің өзі, мына аттың дақпырты басым еді деген сылтау жүр­мейді. Рас, Дү­ние­жүзілік көшпелілер ойындарында бәйгеге берілетін жүлде қоры тым қомақты емес. Бірақ оның маңызы, салмағы басым. Сондықтан да атбегілер қыстай жүйріктерінің жілік майын толтырып, жал-құйрығын тарап, қамау терін алып, күзгі дүбірге дайындалып жатыр. Қырғызстаннан да талай бәйгенің алды болған, қымбат көлік, зәулім үй ұтқан Қарақыз секілді жүйріктер келеді. Сол себепті атбегілер барын салып әзірлік жүргізіп жатыр», деді А.Бимен.

Өткен жылдың үздік шабандозы Бекзат Ділдахан 12 айда тек ресми 10-нан аса бәйгеге шауыпты. Ал ас пен тойдағы додасының санынан өзі де жаңылады. Бәйгелерінің ішіндегі шоқтығы биігі үшеу. Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай өткізілген айтулы аламанда Талхиз атты арғымақпен бірінші келді. «Алатау арғымағы» бәйгесінде де топты бастап көмбеден қара үзіп, автокөлік тақымда­ды. Баян­ауылда өткен республикалық бәйгенің де бас жүлдесі Бекзаттың қан­жығасына байланды. Биылғы жылашар бәйгесі де несібесіз емес. 9 наурызда Шымкентте өткен Қазақстан чем­пионатының мау­сымашар кезеңінде екі рет бәйгеге қосылды. Аламанда «Тайфун» атты сәйгүлікпен 3-орын иеленсе, топ бәйгеде «Бүркітпен» жеке-дара келді. Енді 22 наурызда Көкбастау ипподромында чемпионаттың екінші кезеңіне қосылады. Төрт жылдан бері бәйгеге тұрақты түрде қатысып келе жатқан Бекзаттың да арманы – Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында қара үзу.

«Төрт жылда талай жүйрікті тізгін­дедім. Солардың ішінде «Талхиз» бен «Бүркіттің» орны ерекше. Осы екі жүйріктің біреуімен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында топ жарғым келеді», дейді даңқты шабандоз.

 

«Ұлы дала жорығы»: бәйге хан сарайынан басталады

Дәстүрге айналған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің биылғы бәсекесі Петропавл қаласындағы Абы­лай хан мұражай-кешенінен басталып, Астана қаласында мәресіне жетеді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына орайластырылатын марафон-бәйгенің қашықтығы биыл едәуір қысқарған. Былтыр 1 400 шақырымды өндірген жүйріктер үшін биылғы сапар өте ыңғайлы болмақ – 500 шақырым ғана.

апр

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

 

12 мамырда Петропавл қаласындағы Абылай ханның мұражай кешені-резиденциясынан басталып, Бурабай курорттық аймағын, Ботай мен Бозоқ көне мекендерін басып өтіп, 17 мамырда Астанада мәресіне же­теді. Үздік үштікті түйіндеген коман­да­лар күзде болатын «Ұлы дала жорығы­ның» халықаралық турына жолдама алады.

 

Сақасы жақса қолына

Асық ату ойны ұлттық спорт түрі ретінде 2010 жылдан бері жандан­ды. Сол жылы республикалық Асық ату фе­­де­рация­сы құрылып, мемлекеттік тіркеу­­ден өтті. «Асық ату» ойнының ереже­сі 2011 жылы Ұлттық спорт түр­лері қауымдастығының басшылығымен келісіліп, оны Туризм және спорт ми­нистр­лігі Спорт комитеті бекітті. 2017 жыл­дың желтоқсан айын­да Оңтүстік Корея Республикасында өткен үкіметаралық материалдық емес мәдени мұраны қор­ғау комитетінің 12-сес­сиясында асық ойны да насихатталды. Нәтижесінде ЮНЕСКО-ның ма­териалдық емес мәде­ни мұра тізіміне қосылды. 2018 жы­лы Асық ату федерациясына аккредита­ция берілді. Алты жылдың ішінде еліміз­дің барлық облысында Асық ату федерациясы жұмысын жандандырды. 1 124 жаттық­тырушы, оның ішінде 84 бапкер штаттық негізде жұмыс істейді. Жыл сайын асық спортын өрісте­тушілер­дің қатары артып келеді. 89 432 спортшы жүйелі түрде шұғылданады. Олардың ара­сында спорт шебері нормативін орын­даған спортшылардың саны 60-тан асады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың ақпан айында Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, Степногор қаласында жергілікті с­порт­шылармен жүздескенде де осы асық спортын дамытуды тапсырды. Был­­тыр қараша айында Қазақстанға рес­­ми сапармен келген Франция прези­ден­ті Эмманюэль Макрон Қазақстан Прези­дентімен бірге «Этно­ауылды» аралап, асық ойнады. Екі ел басшыларының сақа шиы­рып, нысана көздеуі ұлттық спорты­мыздың өркен жаюы­на да серпін берді.

Былтыр Оқу-ағарту министрлігі «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәде­ни-ағарту жобасы аясында «Алтын сақа» челленджін ұйымдастырды. Бір мезетте еліміздің барлық мектебіндегі 3 млн-ға жуық оқушы асық атып, ұлттық спорттың бұқаралық сипат алуына үлесін қосты. «Асық ату» орта мектеп бағдарламасына енгізілді.

Жуырда Асық ату спортының халық­аралық федерациясы тіркелді. Ассоциа­ция негізіндегі заңды тұлғалар бірлес­тігінің президенті лауазымына Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков сайланды. Халықаралық федерация мүшелігіне елімізден сырт Түркия, Румыния, Моң­ғолия, Саха Республикалары, Қырғызстан елінен өтініш түскен. Биыл Мажарстан, Өзбекстан, Қытай және Испания елдері де халықаралық федерацияның қанаты астына қосылуға ықылас танытты.

Былтыр «Respublica» партиясы ұйыт­қы болып, Астана қаласының 25 жыл­дығына орай үш асық ойнау алаңы ашылып, елішілік бірнеше турнир ұйым­дастырылды. Жаңа құрылған халық­аралық федерацияның арқалай­тын аманаты да жеңіл емес. Ең алдымен Дүние­жүзілік этноспорт қауымдас­тығына мүшелікке өту міндеті тұр. Асық ату спортының халықаралық масштабта мәртебесін асыру үшін демеушілерді тарта отырып, тарихын зерделеу керек. Қажетті жабдықтардың стандартын, қағидаға бағыттайтын ережесін бекіту жұмысы бар. Астанада өтетін
V Дүние­жүзілік көш­пелілер ойындарында асық ату спортынан қатысушы елдердің де са­нын ұлғайту осы феде­рация­ның ар­қа­­лар жүгі болмақ. Әлем чемпионатын өткізу шаруасы және бар. Ұлттық спорт ойындарының аясында асықтан да «Болашақ» бағдарламасы бо­йынша шетелде оқитын жастар да додаға тү­седі. Дүниежүзі қазақтарының құрыл­­тайында да асық ойнынан жарыстар ұйым­дастырылады.

 

«Теңге ілу» тұңғыш рет енді

Биыл қыркүйек айында Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпе­лілер ойындарына теңге ілу спорты тұңғыш рет енгізілмек. Өткен жылы Шымкент қаласында өткен Азия кубогі мен Көкшетауда ұйымдастырылған Қазақстан чемпионаты спорт түрінің кең қанат жайғанын аңғартты. Алматы­да өткен халықаралық семинарға Өзбек­­стан, Қырғызстан, Моңғолия, Қы­тай, Ресейден өкілдер қатысып, төл өне­рі­мізді дамыту жайы талқыланды. Қы­тайдың Үрімжі қаласында Теңге ілу федерациясының ашылуы да ұлттық спортымыздың өрісін кеңейтті.

Теңге ілу федерациясының пре­зи­­денті Амангелді Әбдіқадыров Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілетін ұлттық спорт түрінен биыл Азия кубогі мен Азия чемпионаты ұйым­дас­ты­рылатынын айтты. Келешекте теңге ілудің халықаралық федерациясы да құрылып, жұмысы жанданбақ. Бабаларымыздың жауынгерлік рухын жанитын төл ойыны саналатын теңге ілуден Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарында спортшыларымыз аянып қалмайтыны анық. Ұлттық спортымыздан үздіктердің өздерін дәлелдеуге зор мүмкіндік тумақ.