Сараптама • 27 Наурыз, 2024

Саламатты ұлт – сенімді болашақ

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі әлемде денсаулық сақтау саласындағы сын-қатерлердің артуы аясында саламатты өмір салты ұғымы барған сайын өзекті және маңызды болып келеді. Бұл – өзімізді күтуге ынталандырып қана қоймай, сонымен қатар ұзақ және сапалы өмірдің кілті.

Саламатты ұлт – сенімді болашақ

Саламатты өмір салты (СӨС) тек сән немесе уақытша құбылыс емес, бұл біздің әл-ауқатымыздың негізгі аспектісі, өзіндік бір философия. Халықтың денсаулығы мен өмір салтының сапасын бағалау түр­лі ұйым мен мемлекетке өз бағ­дар­ламаларының тиімділігін анық­тауға және күш-жігерді дұрыс ба­ғытқа бағыттауға көмектеседі. Денсаулықтың әртүрлі индексі мен көрсеткіштері бұл үдерісте ма­ңызды рөл атқарады, мәліметтер мен статистиканы қамтамасыз ете­ді, соның негізінде тұжырымдар жа­сауға және денсаулық сақтауды жақ­сарту стратегияларын жасауға болады. Мұндай шолу саламатты өмір салтының маңыздылығын және оның біздің әл-ауқатымызға әсе­рін жақсы түсінуге мүмкіндік береді.

пр

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметінше, 70% жағ­дайда жұқпалы емес аурулар мез­гілсіз өлімнің себебіне жата­ды. Ден­саулықты нығайтудың ең ма­ңызды бөлігі – саламатты өмір сал­тын ұстану. Саламатты өмір сал­тының маңызды аспектілері – темекі шегуден, алкоголь мен бас­қа да есірткі өнімдерінен бас тар­ту, рационалды тамақтану және дене белсенділігі, аз қимыл өмір салтынан бас тарту.

Түрлі елде жүргізілген зерт­теу­лер көрсеткендей, саламатты өмір салтын ұстану өмір сүру ұзақ­ты­ғының айтарлықтай өсуіне әке­леді. Мысалы, Германияда жүр­гізілген зерттеу СӨС ұстану 40 жастан кейін өмір сүру ұзақтығы­ның 13–17 жылға ұлғаюына әкелсе, АҚШ-тағы жүргізілген зерттеу нәтижесінде СӨС ұстану 50 жастан кейін өмір сүру ұзақтығының 12–14 жылға артуына әкелгені жайлы мәліметтер келтіреді.

па

2023 жылы статистика бойын­ша әлемде орташа өмір сүру ұзақ­тығы – 72,98 жыл, оның ішінде әйел­дер – 74,6, ерлер 71,3 жас көрсет­кішін құраған.

«World Health Organization» мәлі­метінше, орташа өмір сүру ұзақтығы 2023 жылы әлемде – 72,98. Мұндағы ең жоғары көрсеткіш – 89,52 жыл, ал ең төменгі көрсеткіш – 53,65 жыл. Зерттеу дерегі бойынша өмір сүру ұзақтығы жоғары елдер­ге экономикасы дамыған мемлекет­тер енген. Сонымен қатар оған әсер етер факторларға күнделікті спорт әдеттері, тамақтану режімі, еңбек жағдайлары, әлеуметтік орта, отбасылық қатынастар, урбанизация, білім мен мәдениет деңгейі, еңбек жағдайлары, қаржылық жағ­дай, тұрмыстық ахуал, дәрі-дәр­мек­терді қолдану жиілігі, қорша­ған орта, яғни судың, ауаның, топырақтың жағдайы, климат, атмос­фералық көрсеткіштердің өз­геруін қосып кетсек болады. Ең маңызды фактор – әрине ме­ди­цина деңгейі, медициналық көмек­тің сапасы мен жылдамдығын айта кету қажет. Ал өмір сүру ұзақ­­ты­ғы төмен мемлекеттер қата­ры­на Африка құрлығының мемле­­кет­тері шоғырланған. Оған басты себеп – АИТВ (ВИЧ) ауруы­ның кең таралуы және жиі бола­тын аза­маттық соғыстар.

Азаматтар «саламатты өмір сал­ты» ұғымын қоғам қалай түсіне­ді және ол әдеттерді күнделікті өмір­де қолдана ма? Қазақстанда­ғы осы үрдісті анықтау мақса­тын­­да респонденттерге бірнеше сұ­­рақ қойылып, әлеуметтік сауал­на­ма жүргізілген еді. Сауалнама сұ­рақтары Қазақстан қоғамдық да­му институтының жобасы «Дәстүр­лер­ді жаңғырту: қазақстандық қо­ғамдағы жаңа мінез-құлық нор­малары» әлеуметтанулық зерттеуі аясында қойылған. 2023 жылы өт­кен сауалнамаға 2400 респондент қатысты.

пар

Отандастарымыз саламатты өмір салтын ұстана ма? Қазақстан­дық­тардың 43,1%-ы саламатты өмір салтын ұстанатынын, тағы 33,6%-ы ұстанбайтындығын атап өтті. Сауалнама қорытындысы­нан саламатты өмір салтын әйелдер, ауыл тұрғындары жиі жүргізетінін аңғаруға болады.

Отандастарымыз саламатты өмір салты ұғымына нені жатқызады? Осы сұраққа жауап берген 67,4% респондент үшін бұл алкогольден бас тартуды, 64,8%-ы темекі шегу­ден бас тартуды, 64,0%-ы есірткісіз өмір сүруді білдірген. Ал 56,1% рес­пондент саламатты өмір сал­тын спортпен, 53,8%-ы дұрыс тамақ­танумен байланыстырады. Сондай-ақ 44,2% дұрыс ұйқыны, 41,8%-ы күнделікті режімді сақтауды атап өтті. Сауалнамаға қатысқан әрбір 5-адам дәрумендер қабылдауды саламатты өмір салтына жатқызды.

Саламатты өмір салты де­ге­німіз – ұзақ әрі сапалы өмір­дің және әл-ауқаттың кілті. Осы ба­ғыттағы түрлі индекс, әлеу­мет­тік сауална­ма­ халықтың ден­сау­лығын бағалау­­да маңызды рөл ат­қарады және оны жақсартуға өз септігін тигізеді. Қазақ­станда да, өзге мемлекеттер­дің тәжіри­бесі көрсеткендей, тұр­ғындарға сала­матты өмір салтының маңызын түсін­діру және осы сала­дағы жаңа үрдістерді зерттеу өзекті.

 

Дамир БЕЛГІБАЕВ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы