Үкімет • 27 Наурыз, 2024

Дизель отыны қатаң бақыланады

49 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығы­мен өткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Отырыста көктемгі егіс науқанын оңтайлы мерзімде жүргізу азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты екені айтылды.

Дизель отыны қатаң бақыланады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Субсидиялаудың жаңа тетігі

Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Айдарбек Сапаровтың сөзіне қара­ғанда, биылғы егіс алқабы 23,8 млн га құрайды. Министр оның ішінде бидайға 13,3 млн га жер бөлінбек. Министрдің айтуынша, бидай алқабы биыл былтырғыдан 429 мың га-ға қысқарған. Бұл ретте әлеумет­тік маңызы бар, жоғары рентабельді дақылдар көлемін арттыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, биыл 3,2 млн гектар алқапқа майлы өнімдер егі­леді. Cондай-ақ күнбағыс сияқ­ты әлеуметтік маңызы бар дақыл­дардың көлемін 60 мың гектарға ұлғайтып, жалпы алқапты 1,2 млн га-ға дейін, қант қызылшасын 12 мың гектардан 25 мың га-ға дейін жеткізу көзделген.

Министр дәнді, көкөніс-бақ­ша дақылдары мен картоптың жос­пар­лан­ған көлемі ішкі на­рық­тың қажеттілігін толық қам­тамасыз етуге мүмкіндік бере­тінін айтты. Сонымен қатар жемшөп дақылдарының ауданы 3,2 млн га-ға дейін ұлғаяды. Егіс жұмыстары қазіргі күнде Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, ал мамыр айының екінші онкүндігінде тұтас елде жаппай егу науқаны басталады.

Энергетика министрі Алма­садам Сәтқалиев диқандарды арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету жағдайы тура­лы баяндады. Бүгінде ауыл шаруа­шылығы тауарын өндіру­шілерге 340 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесі бекітілген. Баға барлық 20 өңірде 2023 жылғы деңгейде қалды – ҚҚС-мен литрі 250 теңге. Бұл бөлшек сауда құнынан 15%-ға төмен.

Премьер-министр егіс науқа­нын сапалы әрі уақтылы жүр­гізу мақсатында Үкімет қажетті шара­лар қабылдаға­нын айтты. Атап айтқанда, «Кең Дала» бағдарламасымен жеңіл­дікпен 140 млрд теңге несие беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен қосымша 100 млрд теңге бөлінеді. Оған қоса фор­вард­тық сатып алуға 40 млрд теңге, субсидиялар түрінде 95,4 млрд теңге қарастырылған.

Үкімет басшысы суармалы алқаптар­ды кеңейту, егіс алқаптарын әртарап­тандыру және қажетті статистикалық дерек­терді өзектендіру керек екені­не назар аударды. Бұл бағыт­тағы жұмыс ай сайын Үкі­метте қаралады. Оған қоса елімізде сапалы тұқым қоры мен тұқымның импортына тәуелділік бо­йынша да проблема жеткілікті. Импортқа тәуелділік бар екені де белгілі. Әсіресе бұл шағын және орта шаруашылықтар үшін өзекті.

«Фермерлер жақсы тұ­қымға қол жеткізу мүмкін емесін айтып, шағым­данады. Азық-түлік корпорациясы жинақталған қордан кемін­де 200 мың тонна тұқымды мұқтаж фермерлерге тауар­лық несие түрінде бөлуі керек. Біздегі климаттық жағдайларға төзімді, өзімізде шығары­ла­тын тұқымдық қордың кө­ле­мін ұлғайту қажет. Соны­мен қатар агротехнологиялық талаптардың сақталмауы да өнімнің көлемі мен сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Ең алдымен, бұл – минералды тыңайтқыштардың, пестицидтер мен өсімдіктерді қорғай­тын басқа да құралдардың қажетті мөл­шерін қолдануға қатысты мәселе. Бізде ты­ңайтқыштарды қолдану деңгейі ғы­лыми қажеттіліктің небәрі 21%-ын ғана құрады», деді О.Бектенов.

Биыл топыраққа 1,5 млн тон­наға жуық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі суб­си­­дия­лаудың жаңа тетігін әзірледі. Оның аясында шаруа­ларға арзанда­тыл­ған тыңайт­қы­штар алдын ала беріле­ді. Тыңайтқыш­тарды әкім­діктер­дің кепілдігімен бөліп беру мәселесі зауыттармен пысықталып жатыр. Үкімет басшысы Президент бұл көрсеткішті барынша ұлғайту туралы нақты міндет қойғанын еске салды. Жоспар бойынша биыл тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 46%-ға жеткізу қажет. Ол әрі қарай, яғни ғылыми талаптар толық орындалғанша тұрақты түрде өсіп отыруға тиіс.

 

Министрліктерге нақты міндет жүктелді

Отырыста ауыл шаруашылығы техникасының тозуы туралы мәселе көтерілді. Қазіргі таңда жалпы техника паркінің тозуы шамамен 75%-дан асатын көрінеді. Осыған орай Премьер-министр отандық диқандардың жаңа техника сатып алуын  жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту қажеттігін қадап айтты. Аталған мә­селені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15% жарна­ның орнына тікелей лизинг­тік компанияға инвестиция­лық субсидия салынуға тиіс екенін меңзеген ол, бұл шара шаруаларға өзінің айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Фермерлер өзіне тиесілі суб­си­дия­лардың тым кешігіп төленетініне наразылық білдіріп жүр. Өткен жылғы субсидия­лар бойынша қарыз 160 млрд теңге­ден асып кетті. Бұл қара­жатты егіс жұмыстарына жаратуға болатын еді. Жеңілдікті дизель отынын үлестіру барысы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек», деді Премьер-министр.

Сөйтіп, аталған мәселелердің қоры­тындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді:

  • Энергетика, Ауыл шаруа­шы­лы­­ғы министрліктері мен облыс әкімдік­тері арзандатылған отынның бөлінген көлемін жеткізуді бақылауға алып, операторлар оны дер кезінде тиеп-жөнелту жұмыстарын қамтамасыз етуге тиіс.
  • Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі облыс әкімдіктерімен бірге егіс алқап­тарын әртарап­тандыру жұмыстары аясында жемшөп дақылдарының қажетті көлемін егуді ұйымдастыруы керек.
  • Су ресурстары министрлігі мүд­­делі мемлекеттік органдармен бірге вегета­циялық кезеңде оңтүс­тік өңір­лерді суармалы сумен тұ­рақты түрде қам­тамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.
  • Ұлттық экономика, Қаржы министр­лік­тері және «Бәйтерек» холдингі 1 ма­мырға қарай ауыл шаруа­шылығы тех­ни­­касының жеңіл­­дікті лизингін қар­­жы­­­ландыруға қаражат бөлсін. Онда түпкілікті қарыз алушы үшін мөлшер­леме 5%-дан аспауға тиіс.
  • Қаржы, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министр­ліктері заманауи агротехнологияларды сақтауды ынталандыру мақсатында 1 маусымға дейін тиісті субсидиялар бөлу мәселесін шешуге міндетті.