Қоғам • 27 Наурыз, 2024

Батыс Қазақстан облысы қарғын су құрсауында қалды

75 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

26 наурыз күні Батыс Қазақстан облысында тоқтаусыз жаңбыр жауып, бір тәулік ішінде бір айлық мөлшер – 25,6 мм жауын-шашын түсті. Өңірде құрылған жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп, зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. Су тасқынының алдын алу жұмысын өңір басшысы Нариман Төреғалиев өзі қадағалап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан облысы қарғын су құрсауында қалды

26 наурыз күні Орал қаласында және облыстың 9 ауданында тоқтаусыз жаңбыр жауып, қысқы қарды ерітіп жіберді. Нәтижесінде Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау аудандарында тасқын су басу қаупі туды. Қар мен жаңбыр суы арықтар мен кәріздерге толып, 3 әлеуметтік нысанның және көпқабатты 5 үйдің жертөлесіне құйылып, 298 жеке үйдің ауласын басты. Қауіп төнген аймақтарға құм салынған қапшық жеткізіліп, суды сору жұмысы ұйымдастырылған.

Қ.Құттымұратұлы

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының Зашаған кентіндегі су басу қаупі бар шағын аудандарға, Саратов тасжолындағы су арнасы жүйесіне, сондай-ақ, Орал қаласының ескі орталық көшелеріне барып, жағдайды көзімен көрді. Төтенше жағдайлар департаментіне, қала әкімдігіне және коммуналдық қызмет саласының мамандарына – қар, жаңбыр суларын уақтылы шығару, жолдарды бөгеу, қапшықтармен құм төсеу, су арналары мен құбырларды тазалауды тапсырды.

Қазір су тасқынының алдын алу бойынша арнайы облыстық штаб тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. «112» және «109» телефондарына соңғы бір тәулік ішінде 1104 қоңырау түсіпті. Осының ішінде 792 өтініш бойынша нақты іс-шара жасалса, 312 өтініш бақылауға алынған. Бұдан бөлек, жедел желіге де 56 қоңырау түсіпті. Бұлардың бір де бірі назардан тыс қалмайды.

Қарғын су автокөлік жолдарына да қауіп төндіріп жатыр. Күре жолдардың 19 жерінде осындай жағдай тіркелген. Республикалық және облыстық дәрежедегі 2 жолдың, аудандық дәрежедегі 17 жолдың үстінен су өтіп кеткен. Ақжайық, Жәнібек, Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы су басқан жолдарға кезекшілік, арнайы белгілер орнатылған. «Әзірге елді мекендерге қауіп жоқ» дейді төтеншеліктер. Жергілікті әкімдіктердің 45 қызметкері мен 13 техникасы, полиция департаментінің 6 қызметкері мен 3 көлігі, «Орал жолдары» мекемесінің 4 өкілі мен 1 көлігі қауіпті аймақтарда кезекшілікте тұр.

Түнгі сағат 12:00-де облыстық жедел штаб бастығы, облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен жиын өтіп, аудан басшыларының су тасқынының алдын алу бойынша есебі тыңдалды. Жоғарыда айтылған әлеуметтік мекемелер мен тұрғын үйлердің жертөлесіне кірген су тоқтатылып, төнген қауіптің беті қайтқан.

Қаратөбе мен Сырым аудандарында қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты қосымша күш жұмылдырылып жатыр.

6

«Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне қарағанда Тасқала ауданында Екінші Шежін және Деркөл өзеніндегі су деңгейі көтерілгені байқалған. Жол-жөнекей қосылған сулардың әсерінен өзен кемерінен асып кетуі мүмкін. Екінші Шежіннің қауіпті деңгейі 780 см болса, қазір ол 739 см-ге жетіп қалған. Жергілікті әкімдік 5000 дана қапшық, 100 тонна инертті материал даярлап, сақадай сай отыр. Ауылда қауіпті жағдай туса, тұрғындарды көшіріп орналастыру үшін 2 бекет әзірленген.

«Өңір бойынша жағдай күрделі, бірақ барлық деңгейде сақтық шаралары жасалған, жедел штаб жұмыс істеп отыр, жергілікті билік орындары, азаматтық қорғаныс қызметі жедел көмек көрсетуге әзір», деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Жоғарыда айтылғандай, облыс әкімінің бұйрығымен барлық маңызды қызмет орындары тәулік бойы жұмыс режіміне көшкен.

Соңғы мәліметтерге қарағанда облыс аумағында 131616 м3 су сорылып, құм салынған қапшықтың 5730 данасы қауіпті жерлерге төселген. Бір мезгілде түрлі қызметтен 990 адам, 222 техника, 153 мотосорғы тасқынның бетін қайтаруға жұмылып жатыр. Айта кетейік, құтқару жұмыстарының алғы шебінде әскери бөлім сарбаздары да жүр.

Кей жерде автожолдардың үстінен су өткенін айтқан едік. Олар Ақжайық ауданы, Қурайлысай ауылдық округіндегі Әтібек қыстағы маңынан өтетін «Жұбан-Сайқұдық» автожолының 7-інші шақырымы, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылдық округіндегі «Жәнібек-Таловка-Кіші өзен» автожолының 3 ойпатты учаскесі, Теректі ауданы, Шалқар ауылдық округіндегі Сарыөмір ауылынан 9 шақырым жерде, «Сарыөмір-Дуана» автожолының 2 ойпатты учаскесі, осы ауданның Аңқаты ауылдық округіндегі Қандық ауылы маңындағы «Сарыөмір-Аңқаты» автожолы және «Теректі-Ақсай» автожолының 19 шақырымы. Қазір Дуана ауылымен көлік байланысы жоқ. Қалған елді мекендерге айналма жолдар бар, тұрғындарға қауіп төнбеген. Жолдың қауіпті тұстарына арнайы белгі орнатылып, кезекші қойылған.

 

Батыс Қазақстан облысы