Бизнес • 24 Сәуір, 2024

Ботагөздің берекелі бизнесі

12 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің елең-алаңында бұрынғы қоғамдағы экономикалық байланыстың бауы күн сайын бырт-бырт үзіліп жатқанын көре тұра көңілдері сенбей «Үкімет өлтірмейді» деген әлсіз үмітті малданып, аяқтарының басын қайқайтып жатып алған талайларды көріп едік. Енді сол масылдық міндетті кейінгі кезде туған балалардың бойынан байқағанда жаның түршігеді. Мемлекет оқытып, кәсіпке баулуға мүмкіндік беріп отырғанда миындағы миллиондарды ойша санап, саусағын қимылдатпай теңге тапқысы келетіндер көбейгені ойлантады.

Ботагөздің берекелі бизнесі

Осыдан да қазір елге шыға қал­ғанда болар істің басында жүрген жастарды көрсең, кәдім­гідей қуанып қаласың. «Шиелідегі Жақаев ауылында бала­бақ­шадағы қызметімен қоса, ешкі өсіріп, кәсіп бастап отырған Ботагөз деген талапты жас бар» дегенді бұрын да естіп жүретінбіз. Жақында Мемлекет басшысы Ботагөз Арқашбаеваға халықаралық әйелдер күніне орай Астанада өткен салтанатты жиында «Ару-ана» байқауының «Агробизнес саласындағы үздік жоба» аталымы жеңімпазы ретінде марапат тапсырды. 

Ботагөз Қазанғап атындағы музыка­лық колледжді хореограф мамандығы бойынша бітіріп шыққан жас. Қазір Жақаев ауылындағы балабақшада же­тек­ші ретінде балдырғандарды биге бау­лып жүр. 

«Күнделікті жұмысыма барып-келіп, ке­сімді айлығымды алып жүре берсем де болатын еді. Бірақ бірде анам Ләззат Пәрменқұлова «ешкі бағып көр­сек қалай болады?» деген ой тастады. Әуел­гіде кәдімгі қазақы ешкі ұстадық. Асып кеткенде 1 литр сүт беретін. Бұл сүт­ті ешкілер жөнінде ізденіске жол ашт­ы. Қолдағы бар малды сатып, асыл тұқымды 5-6 ешкі алғанда бізге күл­гендер де болды. Бірақ қарапайым тұқым­дастарына қарағанда, сүтті 5 есе көп бере­тін бұлар көңілден шықты. Шама­лы қор жиналғасын таза қанды теке алдырып, тұқым тазалауға кірістік», дейді Ботагөз.

Бастапқыда әрине, оңай болған жоқ. Сырттан келген Сексек ата тұқымының арасында Сырдың аптабын көтере алмай ауырғандар да болды. Ботагөздің анасы Ресейдегі мамандармен байланысты жолға қойып, емін іздеді. Жергілікті ветеринарлар арқылы қажетті екпесін салдырып, талдамасын тапсырып, малдың бар жағдайын жасады. Осының арқасында қазір мұндағы заанин, англо-нубиялық және француздық альпі ешкілерінің саны 100-ден асады. Айына 2 тоннаға дейін сүт сауып, оны сатудан бөлек май шайқап, құрт, брынза жасайды. 

Осы бағытта ізденіп жүріп білгені – ешкі сүтіндегі май түйіршіктері сиыр сүтіне қарағанда өте ұсақ болғандықтан, ағзаға тез сіңеді екен. Құрамындағы кальций көп сүт балаларға өте пайдалы. Одан бөлек, асқазаны ауыратындар, химиотерапия алғандар басынан келіп, саумал сияқты ішіп кетіп тұрады. Операция жасатар алдында иммунитет көтеру үшін ішетіндер де аз емес. Лақтар алдында сауынды тоқтатқан сәтте кезекке жазылып қоятындар көп. Өнімдерін біздің облыстан бөлек Алматы, Ақтөбе, Шымкент пен Жамбыл өңірінен арнайы алдыратындар бар.

«Мал басын көбейту үшін мемлекет субсидия берді. Бизнесті қолдау бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алып, сауу аппараттарын алдым. Елімізде осындай шаруашылықпен айналысатындармен тұрақты байланыс жасап тұрамыз. Орта Азия деңгейінде өткен сайыстардан ешкілеріміз сүтінің майлылығы, құнарлылығы жағынан 2 мәрте жүлделі орындардан көрінгенде бейнетіміздің бір биікке шығарғанына қуандық. Бастаған ісімнің болашағына сенемін. Алда етті бағыттағы бур, жүні бағалы ангор тұқымдастарын өсіріп көрмек ойым бар. Мемлекеттік қолдауды пайдаланып, ешкі сүтін, сүт өнімдерін дайындайтын шағын зауыт ашқым келеді», дейді кейіпкеріміз.

Нағашы атасы Мелден жанды да, малды кісі болған екен. Балаларының басы қосылған жерде «Есің кетсе, ешкі жи» деген қазақтың көне нақылын жиі айтатын көрінеді. Қазына кеуде қарияның сол бір бата-тілегі кенже қызының перзенті Ботагөзге құт болған секілді.

 

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы,

Жақаев ауылы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024