Үкімет • 26 Сәуір, 2024

Тарихи тамырластық баянды бауырластыққа жетелейді

41 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, күн тәртібіне шығарылған бірқатар заң қаралды. Соның бірі – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды сенаторлар талқылап, мақұлдады.

Тарихи тамырластық баянды бауырластыққа жетелейді

«Айбын» ордені батырлар есімімен берілмек

Бұл заң Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасын орындау аясында Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді. Қабылданған шаралар көздейтін маңызды міндеттердің бірі – тарихи сананы жаңғыртуға, ел азаматтарының ұлттық біре­гейлігін нығайтуға және әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға ықпал ету екенін атап өткен жөн.

Жаңа нормаларға сәйкес «Айбын» орденінің түрлі дәре­жесіне Сағадат Нұрма­ғам­бетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерін беру қарастырылған. «Мақұлданған заң Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша әзірленді. Мемлекет басшысы «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне халқымыздың даңқты батырларының есімдерін беруді ұсынған еді. Мұндай шешім көрнекті тарихи тұлғаларымызды дәріптеуге, жастардың әс­кери-патриоттық рухын көтеріп, оларды отаншылдыққа тәр­биелеуге ықпал етері анық», деді Палата спикері.

 

Өзара сенімге негізделген диалог

Сондай-ақ Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы ара­сындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификация­лау туралы» заңды қарап, мақұл­дады. Шарт негізгі бағыттар бо­йынша ынтымақтастықты кеңей­туге арналған. М.Әшімбаев атап өткендей, Қазақстан мен Өзбек­станның одақтастық қарым-қатынасы тарихи бауырластыққа, өзара сенімге және ортақ құн­ды­лықтарға табан тірейді. Құжаттың ережелері бойынша тараптар екі мемлекеттің Парламенттері, сая­си партиялары және қоғамдық ұйымдары арасындағы байланыс­ты нығайтуға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан Мемлекет басшылары басқаратын Жоғары мем­лекет­аралық кеңес құрады. Ол Кеңестің қызметін үйлестіру Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне жүктеледі.

«Өзбекстан – Қазақстанның сенімді одақтасы әрі маңызды серіктесі. Екі ел басшыларының өзара мемлекеттік сапарлары мен келісімдері екіжақты қарым-қатынастарға үнемі тың серпін береді. Бүгін қаралған заң – өзара сенімге негізделген осындай диалогтің нәтижесі. Бұл құжат мем­­лекеттеріміз арасындағы ық­пал­дастық мәселелерінің кең ауқы­мын қамтиды және көптеген сала­д­ағы стратегиялық ынтымақ­тас­тық­ты нығайта түседі. Алдағы уа­қытта Шарт бауырлас қазақ-өзбек қарым-қатынасын сапалы жаңа деңгейге шығаруға ық­пал етеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Зияткерлік меншік құқығының сауда аспектілері

Сонымен қатар отырыс ба­ры­сында «Тәуелсіз Мем­ле­кет­­тер Достастығына қатысу­шы мемлекеттердің қоғам­дық ден­саулық сақтау сала­сын­­дағы санитарлық-эпи­де­миологиялық си­пат­тағы төтен­ше жағ­дай­лар­дың алдын алу және олар­ға ден қою жөнін­дегі ынтымақ­тастығы туралы келісімді рати­фикациялау туралы» және «Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңдар қаралып, мақұлданды. Келісімде ТМД елдерінде санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлармен тиім­ді күресу үшін тиісті шаралар қарастырылған. Ал Хаттама мұқтаж елдердің дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді. Аталған құжат Дү­ниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге патенттелген дәрілік заттардың авторлық құқық иесінің рұқсатынсыз дәрілік заттарды әрі қарай экспортқа міндетті лицензиялар бойын­ша өндіруге құқық береді. Алайда дәрі-дәрмек өндірісі тек денсаулық сақтау мақсатымен ғана жүргізілуі керек.

 

Шаруалар шығынына кім алаңдайды?

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Арман Өтеғұлов су тасқынының салдарына назар аударып, егіс нау­қанына дайындық барысына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты депутат Премьер-министрге шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы ұйым­дарының алдында тұрған мәсе­лелерді жедел шешудің маңызды екенін айтты.

«Су басқан жерлер астық еге­тін өңірлерге тиесілі болғандық­тан, көктемгі егіс науқанын дұрыс өткізуге қатысты мәселелер туын­дап отыр. Қазірдің өзінде егін салу мерзімінің ұзарып кету қаупі бар. Ал бау-бақша, көкө­ніс өсірушілердің, саяжай серіктес­тіктерінің жағдайы өте нашар. Олардың техникалары, суару жүйелері мен трансформаторлары зақымдалды, жылыжайлар бұзылды, алқаптары су астында қалды. Жедел деректер бойынша Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 200 тоннаға жуық тұқым қоймаларын су басқан. Өкінішке қарай, Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінгі күнге дейін еліміздегі су астында қалған егістік туралы нақты мәлімет берген жоқ», деді А.Өтеғұлов.

Сенатор мал шаруашылы­ғы­ның шығыны мен аса қауіп­ті инфекциялардың пайда болу қатеріне, су тапшылығының алдын алуға қатысты мәселелер­ге алаңдаушылық білдірді. А.Өтеғұлов осыған байланысты еліміздің Премьер-министрінен ағымдағы мәселелер бойынша ақпарат беруді сұрады.

«Бүгінгі күні су басқан өңір­лердегі зардап шеккен егістік­тің көлемі қандай? Қанша егістік тасқынның салдарынан айналымнан шықты? Фермерлер биыл егін егуге үлгере ме? Егіс егіп үлгермеген шаруаларға алатын пайдасы қалай өтеледі? Шығын болған мал басын толтырудың тетігі бар ма? Қанша ауыл шаруашылығы техникасы суға кетіп, істен шықты, оларды қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіледі?», деп сауал тастады сенатор.

 

Жол бойында жасыл желек неге аз?

Сенатор Нұртөре Жүсіп жол бойындағы аумақтарды абат­тандырудың жеткіліксіз деңгейде екеніне тоқталып, мәселеге Үкі­меттің назарын аударды. Сена­тор «ҚазАвтоЖол» ұлттық ком­паниясының 5 облыстық филиалында ғана ағаш отырғызу учаскелері бар екенін, басқа өңірлерде бұл жұмыстар жүр­гізілмейтінін атап өтті.

Сенатордың айтуынша, халық­­аралық және респуб­лика­лық маңызы бар автокөлік жол­дарының желісі 25 мың шақы­рымды құрайды. Алайда оның 6,3 мың шақырымы ғана жасыл желекпен қамтылған. Тәуел­­сіздік алған сәттен бастап, елде логис­тикалық әлеуетті арттыру мақ­сатында әлемдік стандарттарға сәйкес автомагистральдар салынды. Дегенмен қазіргі кезде жол бойын көгал­дандыру мәселесі тиісті деңгейде дамымай отыр.

«Бүгінгі таңда республикалық ма­ңызы бар автокөлік жол­дарының барлық желісі бойынша «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының тек Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстық филиалдарында 5 ағаш отырғызу учаскесі бар. Қалған аймақтарда бұл да жоқ. Аталған мекемелер бұрын егілген орманды баптау жұмыстарымен ғана шектеліп отыр. 2021-2023 жылдары республикалық маңызы бар автокөлік жолдарына 3 мың түп ағаш пен көшет отырғызылған. Атап айтқанда, Алматы облысында 253 шақырым жолға 1,2 мың түп, Қарағанды облысында 982 шақырым жолға 1,6 мың түп тиіп отыр. Алайда бұл жалпы көлемге шаққанда тым мардымсыз», деп атап өтті сенатор.

Сенатор жол бойын көгал­дан­­дыру жұмысының кенже қалуының тағы бір ықтимал себе­бін атап өтті. Ол – көгал­дандыру ұйымдарымен, ғылыми институттармен, ботаникалық бақтармен ынтымақтастықтың жоқтығы. Осыған байланысты Үкімет атына бірқатар нақты сауал жолдады.

«Ботаникалық бақтар­дың ғылыми әлеуетін пайда­лануға Үкі­мет ниетті ме? Респуб­ли­ка­дағы автокөлік жолдары мен теміржолдарға жауапты мекемелер, сондай-ақ елді мекендер мен қалаларды көгал­дандыруға жа­уапты ұйымдар өз қызметтері­не еліміздің осындай әлеуетті ғылыми ұйым­дарын қашан тартады? Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын елдің барлық ай­мағында жедел жүзеге асыру үшін Үкімет қандай нақты шараларды қолға алғалы отыр?», деді сенатор.

 

Көші-қонды реттеудің маңызы

Сенатор Дархан Қыдырәлі ішкі және сыртқы көші-қон саласын­дағы жағдайға тоқталды. Депу­тат отандастарымызды оңтүстік­тен сол­түстікке көшіру бағдарла­ма­сына бірқатар өзгеріс енгізуді, сон­дай-ақ қандастар үшін квота­лардың санын көбей­туді ұсынды.

Мәскеу облысындағы концерт залында болған қайғылы жағ­дайдан кейін елімізге ағы­латын еңбек мигранттарының саны артатыны болжанып отыр. Сенатор өзінің депутаттық сауалында олардың елімізге заң­сыз келуіне байланысты ұлт­тық қауіпсіздікке әсер ететін проб­лемаларды көтерді. «Миг­­рант­тар туралы жүйелі әлеу­мет­тік зерттеулер жүргізу қажет. Миг­­рация – адамдардың бейбе­ре­­кет қозғалысының меха­ни­ка­­лық үрдісі ғана емес. Ол – ең ал­дымен бейімделу үрдісі, әлеу­мет­тік жағдай мен өмір салты­ның өзгеруі. Сондықтан еңбек миг­ранттары мен қоныс аудару­шы­ларға ақпараттық, заңнамалық, тілдік, мәдени қызмет көрсететін арнайы бейім­деу орталықтары болуы керек», деп атап өтті.

Сенатор сондай-ақ қандас­тарды көшіру және олар үшін квоталарды ұлғайту мәселесін де қозғады. Депутат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Ата жолы» картасын қандастар мәртебесімен теңестіру қажет деп санайды.

«Ата жолы» картасының мүм­кін­діктері заңды түрде бекітілуге тиіс. Бұл карта этностық қазақ­тарға берілетін қандас мәр­тебесімен теңестірілуі керек. Қандастарға берілетін квотаны да көбейту қажет. Мәселен, Ақмола облысына бөлінген 285 квота қаңтар айында, Рудныйға бөлінген 200 квота ақпан айын­да игеріліп қойылған. Елге кел­гендердің басым бөлігі Маң­ғыстау өңіріне тұрақтағанын ескерсек, солтүстікке қоныс аудару бағдарламасына оңтүстік­пен бірге батыс аймақтарды да қосқан абзал. Сонымен қатар солтүстік өңір әкімдіктері халық көбірек көшетін аудандарда фронт-кеңсе түрінде өкілдіктер ашып, түсіндіру жұмыстарын арттырғаны жөн», деді Дархан Қыдырәлі. Сенатор Үкімет басшысы Олжас Бектеновке осы проблемаларға назар аударуды және оларды шешу үшін тиісті шара қабылдауды сұрады.

 

Жер мәселесін көтерді

Сенатор Талғат Жүнісов адал еңбек етіп жүрген шаруалардың жерді жалға беру мерзімін ұзарту мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, жер телімдерінің шекті өлшемдері бойынша нормативтердің болуына байланысты шаруалар учаскелерінің бір бөлігін жоғалтуы мүмкін.

Ол бірнеше жыл бұрын фермерлерге жер тапшылығын шешу үшін шаруаларға жалға алуға болатын жер учаскелерінің барынша үлкен көлемі белгілен­генін атап өтті. Алайда бұл ережелер қазіргі кезде жер көлемі белгіленген шектен асатын адал жер пайдаланушыларға кері әсерін тигізіп жатыр. Олар көп­теген жыл бойы жерді ретімен адал пайдаланды, жердің құнар­лылығын сақтауға қаржы салды, бірақ енді іс жүзінде жалдау құқығын ұзарта алмай отыр.

«Жер учаскелерінің шекті мөл­шері туралы талап Үкі­мет­тің осы шешіміне дейін жер аумағына иелік еткен адал жер пайдаланушыларға қолданыл­мауға тиіс. Жерді ұзақ мерзімге жалға алуды ұзарту барысында белгіленген шекті мөлшерден асатын жер учаскелерінің бір бөлігін алып қоймай жүзеге асуға тиіс. Астық өндірушілердің өндірістік шығындары, сондай-ақ олар­дың материалдық-техникалық базасын қалыптастыру және жаңарту жедел басқарудағы жер учаскелерінің алаңына негіз­деледі. Қазіргі кездегі кедергілерді уақтылы жою, атап айтқанда, Үкі­мет­тің қолданыстағы қаулы­сына тиісті толықтыру енгізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беру аса маңызды», деді Т.Жүнісов. 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024