Үкімет • 16 Тамыз, 2017

АӨК дамыту бағдарламасы арқылы 500-ден аса ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды – ҚР АШМ

653 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыру Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің пайда болуына және жалпы ауыл шаруашылығының одан әрі дамуына қажетті жағдай жасады. Бұл туралы ҚР Үкіметінде өткен брифинг барысында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті, деп хабарлайды primeminister.kz

АӨК дамыту бағдарламасы арқылы 500-ден аса ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды – ҚР АШМ

Вице-министр Мемлекет басшысының аграрлық секторды еліміздің экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналдыру бойынша алға қойған міндетін орындау үшін АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар қажетті шаралар қабылданғанын баяндады.

Осылайша, субсидиялардың барлық 65 түрі қайта қаралды, нәтижесінде тиімсіз 11-і алынып тасталды, 40 бойынша – қағидаттар өзгертілді. Нәтижесінде жыл сайынғы үнемдеу шамамен 25 млрд теңгені құрайды, ал өзгертілген қағидаттар өнім өндірісін бюджетті ұлғайтусыз орта есеппен алғанда 29%-ға арттырады.

Инвестициялық субсидиялаудың алдыңғы үлгісінде қолданылған қағидаттар ұсақ және орта ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бағдарламаға қатысуға мүмкіндік берген жоқ. Аталған «қателіктер» жойылды, ағымдағы жылы ұсақ және орта өндірушілерді қамту 2 есеге артты.

Субсидиялармен қатар «ҚазАгро» ҰБХ несие саясаты қайта қаралды. Алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына несиелер соңғы қарыз алушыға жылдық 6%-бен ұсынылды. Салыстыратын болсақ, өткен жылдары пайыздық мөлшерлеме 9-10% құрады. Оған қоса, несиелеу бір ай ерте басталды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы берілетін шағын несиелер 6%-бен ұсынылады, ал бұған дейін бұл көрсеткіш 14% дейін жететін.

Бұдан өзге, өткен жылдан бастап ұсақ және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперациясына тарту бойынша кешенді шараларды іске асыру басталды. Жыл басынан бері 1 тамыздағы жағдай бойынша 53,5 мың астам өзіндік қосалқы шаруашылықты, ұсақ және орта шаруашылықтарды және отбасылық бордақылау алаңдарын қамтумен 517 кооператив құрылды.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және еңбекпен қамтылмаған азаматтар 110 572 ірі қара мал басы үшін 10 286 отбасылық бордақылау алаңын құрды. Барлық 160 ауылдық ауданда кооперация негіздері бойынша семинарлар өткізілді.

Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне кепілсіз және бастапқы жарнасыз модульдік сүт қабылдау және мал сою пункттерін сатып алудың схемасы енгізілді, сондай-ақ кооперативтердің мүшелері үшін несиелерді кепілдендіру тетігі қарастырылған. Қабылданған шаралар нәтижесінде 36 мың тонна сүт және 10 мың тонна ет әзірленді.

Бұдан өзге, өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарын әртараптандыру жүргізілуде. Сұранысқа ие дақылдар алқаптары 905,5 мың га ұлғайтылды. Жүргізілген әртараптандыру биылғы жылдың өзінде құрама жем өндірісін 1,2 есеге, майлы дақылдарды – 1,3 есеге, отандық қантты – 1,4 есеге арттыруға мүмкіндік береді.