Әлем • 27 Қараша, 2017

«АСТАНА ПРОЦЕСІ»: Сирия бұлтын сейілтетін сәуле

404 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы кезде Ресей ис­теб­лишменті бірқатар маңызды саяси шараларды Мәскеу мен Санкт-Петербургте емес, Қара теңіздің сол­түс­тік-шығысындағы Сочи қаласында өткізетін болып жүр. 2014 жылғы қысқы Олимпия ойындарының өтуіне байланысты бұл курортты қаланың дамуы мен инфрақұрылымын жетілдіруге 500 млрд рубльдей орасан зор қаражат жұмсалған екен. 

«АСТАНА ПРОЦЕСІ»: Сирия бұлтын сейілтетін сәуле

Міне, осы қалада соңғы кездері ТМД елдері басшы­ларының саммиті, «Валдай» пікірсайыс клубының отырысы сияқты маңызды саяси шаралар өткен еді. «Астана процесінің» соңғы, жетінші раундында Сирия халықтарының ұлттық конгресі – жалпысириялық форумын өткізуге де Ресей өкілі осы Сочи қаласын ұсын­ған. Ал жақында Сирия дағ­дарысын реттеуге арналған Иран, Түркия, Ресей елдері пре­зи­денттерінің қатысуымен сам­мит те осы қалада өтті.

Аталған саммиттен екі күн бұрын ғана Сирияның прези­денті Башар Асад та Ресей­ге жасаған жұмыс сапарын Сочи­де өткізіп, Владимир Пу­тин­мен осында кездескен. Ресей президентінің «Кремлин ру» сайтында жарияланған ресми ақпараттарға қарағанда, В.Путин Сирия дағдарысын аяқ­тау фазасына шығуға бет алған сияқты.

В.Путин Б.Асадпен болған кездесудегі сөзінде «Астана процесіне» жоғары баға бере келіп, осы келіссөздердің нәти­жесінде деэскалация аймақ­тарын құруға, оппозициямен алғаш рет ашық үнқатысу ор­натуға қол жеткізілгендігін қадап айтты. Сонымен бірге ол Эр-Риядта екі күннен ке­йін оппозициялық топпен өзі­нің өкілі Лаврентьевтің кез­десетінін де құлаққағыс етті. Яғни, алда екі жақтың да ың­ғайын табу тұрғанына емеу­рін білдірді. Ал Башар Асад өзінің сөзінде Ресейді Си­рия­ның тұтастығын сақтап қал­ған ел ретінде жоғары баға­лай­тынын жеткізді. Сөзінің қоры­тындысында В.Путин: «Тер­роризм проблемасы ғаламдық сипатқа ие. Оны толық жеңуге әлі көп уақыт керек. Ал Сирия аумағындағы террористерге қарсы біздің бірлескен күрес­теріміз туралы айтар болсақ, соғыс операциялары іс жүзінде аяқталды», деді. Одан әрі сайтта В.Путиннің Б.Асадты Ресейдің Қорғаныс министрлігі және Бас штабының басшыларымен кездестіріп, «Сирияны құтқаруға еңбек сіңірген адамдар осылар» деп таныстырғаны айтылады.

Ресей мен Сирия басшы­ларының мәлімдемесіне қара­ғанда, соғыс толықтай аяқтал­маса да тоқырауға бет алғандай. Бірақ мұнымен оппозиция келісе ме, террористік деп та­ныл­ған қарулы жасақтардың топ­тары мақұлдай ма, ол жағы әлі де күмәнді сияқты.

Башар Асадпен келіссөздер аяқталған соң Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамп­пен телефон арқылы сөй­лес­кен. АҚШ президенті бас­па­сөз қызметінің хабарлауынша, әңгіме бір сағаттан артық уақытқа созылған. Жеті жылға ұласып, 400 мың­дай адамның өмірін жал­маған текетірестің жеңіл аяқтал­май­тындығы сөзсіз, бұл соғыс­тан қатысушы және араласушы жақтардың бәрі де өздері­нің мүдделерінің ұтып шық­қа­нын қалайды, әрине. Сирия өкі­метін Ресей мен Иран қол­даса, оппозицияның бір бөлі­гін Түркия сүйейді. Ал Түр­кия НАТО-ның мүшесі болған­дықтан оны АҚШ қолдайды. Сонымен бірге АҚШ «Сирия­ның демократиялық күштері» деп аталатын араб-күрд отрядына жәрдем береді. Соны­мен шым-шытырыққа айнал­ған түйіннің шешімі қандай болмақ?

Қаншама түйіндер өздері­не келіп тірелетін екі алып мемлекет те бұл мәселені бірден шеше алмасы белгілі. Сон­дық­тан АҚШ президентінің бас­па­сөз қызметі жақауратып, екі көшбасшының мәселені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарының шеңберін­де шешілетіндігіне келіске­нін мәлімдеді. Бірақ АҚШ-тың Мемлекеттік департа­менті Ресеймен арадағы қа­рым-қатынас әлі де күрделі жағдайда қала беретіндігін жариялады. Өйткені «бейбіт адамдардың өлімі мен адам құқықтарының аяққа басылуы» әлі де жалғасуда делін­ген олардың мәлімдемесін­де. Сонымен бірге АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті аймақтағы дағдарысты реттеу тек кикілжіңге қатысу­шы барлық тараптардың келісі­мімен ғана шешіледі деп түйген. Осы ведомствоның өкілі Хизер Нойерт өткізген бри­фингте: «Біз фотография­дан В.Путиннің Б.Асадты құ­шақтағанын көрдік, бұл бей­біт тұрғындарға қарсы хи­мия­лық қару қолданған адамды қолдағандықтың дәлелі, сондықтан ол да Сирия­ға көмектескені үшін белгілі мөл­­шерде жауапкершілік тарта­ды», деді дипломат.

Осыдан кейін Сочиде Вла­ди­мир Путин өзінің иран­дық және түркиялық әріптес­тері Хасан Рухани және Ре­жеп Ердоғанмен кездесіп, Си­рия дағдарысының шешілуін одан әрі талқылады. Кез­десу барысында В.Путин Сирия дағдарысын реттеудегі «Астана процесіне» жоға­ры баға беріп, осындай үнқа­тысу алаңына мүмкіндік ту­дыр­­ғаны үшін Қазақстан бас­шы­лығына алғысын біл­дір­ді. «Астана процесі» бір жылға жетпейтін уақыт ішін­де біздің келісімдеріміздің іске асуына жағдай туғызды. Бір үстелдің басына алғаш рет өкімет пен қарулы оппо­зи­цияның өкілдерін отырғызуға қол жеткізілді. Бұл іске ықпал еткен Түркия мен Иран президенттеріне де риза­шы­лығымды білдіремін. Сіздер­дің оң позицияларыңыз болмаса «Астана процесін» өт­кізу қиын еді деді ол өзінің сөзінде. Сонымен бірге ол «Астана процесіндегі» келі­сім­дермен Сирияның маңыз­ды аймақтарында төрт деэс­калация аумағының құрыл­ғанын, атысты тоқтату режі­мі сақталатынын қанағат­пен атап өтіп, «Біз енді дағ­да­рысты реттеудің нақты саяси процесіне өтудің мүмкін­дік­терін ашатын жаңа кезеңге жеттік деп сеніммен айта аламыз», деді.

Х.Рухани мен Р.Ердоған да Астана форматын ұйым­дастырғаны үшін Қазақстан басшылығына және Ресей президентіне алғыстарын айтты. Р.Ердоған өзінің сөзінде «Астана процесіне» кеңірек тоқталып, оның барлық Таяу Шығыс аймағына пайдалы болғанын атап өтті. «Бүкіл әлем Сирия мәселесінде Түркия, Ресей және Иран елдері арасында болған жұмыстардың куәгері болды. Астанада болған кездесулер барлық аймақ­қа пайдалы екенін көрсетті. Қол жеткізілген нәтижелер де айтарлықтай, бірақ біз оған толық қанағаттанбаймыз», деді ол.

Сочидегі келіссөздер аяқталған соң президенттер үшжақты саммиттің қоры­тындысы туралы бірлес­кен мәлімдеме жасады. «Қол жеткізілген келісімдер жаңа ки­кіл­жіңдердің туу, этнос­ара­лық және конфессияаралық тайталастардың шиеленісу тәуекелдерін төмендетеді», деді В.Путин. Сонымен бірге ол Ресей, Иран және Түркия көшбасшылары терроризмге қарсы бірлескен күресте айтарлықтай табысқа қол жеткізілгені мойындалғанын атап өтіп, осы экстремистік топтарға қарсы күресте өзара белсенділікті арттыра түсе­тіндігін қуаттады деді.

Қол жеткізген келісімдер­дің қатарында «Астана про­цесінің» жетінші раундында айтылған Сирия халқының ұлттық диалогының конгресі өткізілетіні болған. Тараптар осы конгреске Сирияның өкі­меті мен барлық оппози­ция­лық күштерді қатысуға шақыр­ды. «Сыртқы істер министрлік­тері мен арнаулы қызмет­терге, қорғаныс ведомстволарына осы маңызды шараға қатысатындардың құрамы мен мерзімін анықтау тапсырылады», деді В.Путин өзінің сөзінде.

­Астанада айтылған ұсы­ныс­тар осылай шешімін тауып, Сирия дағдарысын реттеуге қыз­мет етуде. Сөйтіп «Астана про­цесі» Сирия дағдарысын сейіл­­туге түскен сәуле болып отыр.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»