Қазақстан • 21 Наурыз, 2018

Серікбай қажы Ораз: Наурыз – ізгілік пен игіліктің мерекесі

405 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шуақты көктемнің келгенін біл­ді­ретін нау­рыз – халқымыз үшін мерекелі һәм бе­ре­келі ай. Елімізде тұратын барша ұлт өкіл­дері 1 наурызды алғыс айтудан бас­тай­ды.

Серікбай қажы Ораз: Наурыз – ізгілік пен игіліктің мерекесі

8 наурызда асыл аналарымызға ерек­ше сый-құрмет көрсетеміз. Қыстан шы­ғып, көңілі көлдей шалқыған көшпелі жұрт­тың тұрмысында ерекше орын алған ұлттық мейрамымыз да осы айдың еншісінде.

Ұлыстың ұлы күнінде жасалатын ұлттық әдет-ғұрыптардың ұрпаққа берер тәрбиесі мен тағылымы мол. Асыл діні­мізбен үйлескен ұлттық мерекеміз адамзат баласын бауырмалдық пен татулыққа, мейірбандық пен достыққа үндейді.

Жасқа жақсылық тілеу – жасамыстың мызғымас міндеті. Үмбетей жырау: «Ақсақалға жарасар, тілеуқорлық айла­сы», деп жырлайды. Мерейлі мереке күн­­дері абыз ақсақал мен батагөй қария­ның «Көсегең көгерсін», «Жасың ұзақ болсын», «Қатарыңның алды бол», деген бата-тілегін алған бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» болады. Бала­ға бата беру, ол үшін Жаратқаннан жарыл­қау тілеу – пайғамбарлар заманынан бері келе жатқан сауабы мол сүннет амал.

Ақ самайлы дұғагөй әжелердің түрлі дән-дақылдан жасаған наурыз көжесі – мерекенің мәнін келтіретін нышан. Шын көңіл, шынайы ниет­пен жасалған ас адамдар арасында мейірімділік пен кешірімділік сынды асыл қасиеттерді қалыптастырады. Садақаның абзалы – халыққа ас беру.
Көкпар тартып, жамбы ату, ат шаптырып, балуан күрестіру – Наурыз мерекесінің сәнін арттыратын игі шаралар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баланы атқа мінгізіп, садақ атуға, суда жүзуді үйретіп, күрестіруді өсиет еткен. Өскелең ұрпақты батырлық пен ба­тыл­дыққа тәрбиелейтін ұлттық спорт­тық ойын­дарымыз Алла Елшісінің сүнне­тімен үндесіп, көркем үйлесім тапқан.

Біз «Бір тал кессең, он тал ек» деген мақалды тіршіліктің қағидасына айналдырған халықпыз. Үлкеннен үлгі болып, ұрпаққа жалғасқан өнегелі өмірлік дағдыларымыздың бірі – ата мен баланың ағаш отырғызуы. Наурызда көрініс табатын осынау игі амалдың мәні ерекше. «Қиямет боларын біліп тұрсаң да қолыңдағы бір түп ағашты отырғызып қал», деген хадистің тәрбиелік мағынасы тереңде жатыр.

Наурыз мерекесінде көрші-қолаң, құда-жекжат, ағайын-туысты аралап, аман-саулық сұрасып, мәре-сәре күй кешеміз. Ер кісілер төс қағыстырып, бір-бі­рі­мізге ізгі тілектерімізді айтамыз. Ренжіс­кендер татуласып, кешірім жолын ұстана­ды. Туысқанды зиярат ету, кешірім жасап, мейір­бандық таныту – пайғамбар сүннетінен. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», «араласпаса ағайын жат», деген нақыл бар. Қасиетті Құран мен хадис ағайынға қарайласып, көршінің ақы­сын беруді, кешірім жасауды талап етеді.

Наурыз – қайырымдылықтың мере­кесі. Бұл күндері халқымыз жетім мен же­сір­ді жа­быр­қап, кембағал мен мүгедекке қа­йы­рымдылық көрсеткен. Жұтқа ұшы­раған жандарға жұмылып, жылу жинап берген. 

Бүгінде еліміздің шығыс аймағында су тасқынынан үйсіз-күйсіз қалған бауыр­ларымызға барынша қолдау көр­сетіп, ата-баба дәстүрінен жаңылмай, мұ­сыл­мандық әрі азаматтық міндетін ат­қарып жатқан ағайынға Алла разы болсын де­гім келеді. Осынау ортақ сауапты істе дін қызметкерлері де белсенділік танытуда.

Қадірлі бауырлар!
Баршаңызды ұлтымыздың ұлық мейрамы – Наурыз мерекесімен құттық­таймын! Күллі түркі жұртының төл тойы – әз-Наурыз еліміздегі түрлі ұлтты ұйымшылдыққа ұйыстырып, кешірім мен мейірімнің мерекесіне айналып келеді. 

Достық пен татулықтың, бауыр­мал­дықтың, игілік һәм бірліктің, ізгілік пен ізеттіліктің мейрамы құтты болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Алла Тағала халқымызға әрқашан аман­дық, жұртымызға тыныштық нәсіп еткей! Тәуел­сіз­дігіміз баянды болғай! 
Баршаңызға Жаратқанның өзі жар болғай! Әмин! 

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы,
Бас мүфти