Қазақстан • 04 Сәуір, 2018

Дональд Трамп тарту еткен гольф добы мен таяғы Елбасы кітапханасында сақтаулы

821 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы кітапханасы музей жинақтары топтамасын таныстыруды жалғастырады. Музей қорының әрбір жаңа жәдігері Мемлекет басшысының белсенді сыртқы саяси қызметінің жарқын көрінісін айқындайды.

Дональд Трамп тарту еткен гольф добы мен таяғы Елбасы кітапханасында сақтаулы

Биыл Қазақстан мен Америка арасындағы дипломатиялық қатынастар тарихының маңызды оқиғаларының бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің АҚШ-қа сапарынан басталды. Үстіміздегі жылдың 16–18 қаңтарында Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапар барысында АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесті. Бұған қоса, Қазақстан Президенті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына төрағалық етті.

Сапар барысында 20-дан астам авиация және ғарышты зерттеу, мұнай-химия және ауылшаруашылық салаларындағы жобаларды, сонымен қатар құны 7 млрд-ты құрайтын инфрақұрылымды дамыту саласының жобаларын жүзеге асыруға бағытталған инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Мемлекет басшысы АҚШ-қа ресми сапар аясындағы кездесулерді қорытындылай келе:

– Сапар сәтті болды. Ең бастысы – нақты мәселелер бойынша нақты келісімдер жасалды.

АҚШ Президенті Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесуден естелік ретінде гольф спортының добы мен таяғын тарту етті. Дональд Трамптың гольф спортының танымал жанкүйері және бірнеше гольф клубының қожайыны екені баршаға мәлім. Америка Президенті гольф ойыны – өмірінің ажырамас бөлігі екенін талай рет айтқан болатын:

– Әр адам бос уақытын өзінше өткізеді. Қауырт жұмыс арасында шаршағаныңды басып, ойыңды жинақтаған дұрыс. Сондықтан да гольф ойынын жақсы көремін. Бұл – ойға шомумен бірге өзіңді еркін ұстап, бойыңды сергітуге арналған ойын. Гольф менің шығармашылығымды оятып, өміріме қатысты мәселелерді оңтайлы шешуіме мүмкіндік береді. Бұл – ғажайып спорт түрі.

Америка президенттерінің барлығы дерлік осы ойынның жанкүйерлері. Соңғы 130 жылдың ішінде Американы басқарған екі президент қана гольф ойнамаған екен. Тарихта ең алғаш гольф таяғын қолына алған Америка президенті – АҚШ-тың 25-ші президенті Уильям Мак-Кинли (1897–1901 жж.) болды. Гольфтің ең жылдам ойыншысы атағына 41-ші президент үлкен Джордж Буш (1989–1993 жж.) ие болған. Д. Буш – гольф даңқы залына енгізілген жалғыз президент. Ақ Үйдің ең нәтижелі гольф ойыншысы деп АҚШ-тың 42-ші президенті Билл Клинтонді (1993–2001 жж.) атайды.

Дүниежүзі бойынша гольфпен 70 миллионға жуық адам шұғылданады. Мұның өзі ресми ойыншылар – спортшылар және федерация мен гольф клубтарының мүшелері.

Гольфтің заманауи ойыны мен алғашқы гольф клубтары Шотландиядан шыққан. Мұнда ойынның алғашқы жазбасы және 18 шұңқырлы жүйе ережелері жасалған. Алдын ала ойластырылған құрылымдық алғашқы турнирлер Шотландияның түрлі қалаларында өткізілген. Көп ұзамай гольф ойыны жаппай Англияның аумағына, содан соң бүкіл әлемге таралған. Бүгінде Масселборо ипподромында орналасқан Old Links алаңы гольфтің ең көне алаңы болып саналады.

Қазақстан Республикасындағы гольфтің даму тарихы азды-көпті 20 жылды қамтиды. Гольф ойыны Қазақстанда еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы мен белсенді атсалысуының арқасында пайда болып, дамып келеді деп нық сеніммен айта аламыз.

Жыл сайын Алматы қаласында Қазақстан Президентінің Кубогіне Гольфтен халықаралық турнир өткізіледі. Жылдан-жылға ойыншылар саны артып, ауқымы кеңейіп, бәсекелестік күшеюде. Оған қоса ойыншылардың шеберлігі шыңдалып келеді.