Қазақстан • 17 Сәуір, 2018

Қазақстанда 44 мың мигрант туберкулезге тексерілді

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында «Көшіп-қонушылар арасындағы туберкулезді және көптеген дәрілерге көнбейтін туберкулезді (КДК ТБ) және ТБ/АИТВ-ны трансшекаралық бақылау мен емдеуге арналған іс-шара» бағдарламасына қорытынды жасау бойынша дөңгелек үстел өткізілді.

Қазақстанда 44 мың мигрант туберкулезге тексерілді

Дүйсенбі күні «Project HOPE – The People-to-People Health Foundation, Inc.» (Project HOPE) халықаралық үкіметтік емес гуманитарлық ұйымның қолдауымен үш жылдың ішінде 44 000 астам еңбек етуші көшіп-қонушы Қазақстанда туберкулезге зерттеліп, қаралғаны жайлы мәлімет таратты.

Іс-шара уақытында «Қазақстан Республикасындағы туберкулез күрестің 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары» бағдарламасының нәтижелері ұсынылды.

Жоғарыдағы көрсеткіштерден бөлек, үкіметтік құрылымдармен, халықаралық ұйымдармен, Үкіметтік емес ұйымдармен және медициналық мекемелермен тиімді ынтымақтастық тәжірибесі ортаға салынды. Бағдарламаға тартылған дәрігерлер мен серіктестік ҮЕҰ өкілдері елімізде еңбек етіп жүрген көшіп-қонушылармен жұмыстың ерекшеліктері туралы баяндады.

«Бағдарламаның негізгі мақсаты – туберкулез диагностикасы мен емдеуге қолжетімділікті шектейтін кедергілерді жою. Еңбек етуші көшіп-қонушылар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету, туберкулезді трансшекаралық бақылау мен емдеу бойынша тиімді тетіктер құру. Атап айтқанда, көшіп-қонушылар үшін туберкулезге тексерілудің қолжетімділікті қамтамасыз ету есебінен 1600-ден астам өкпе аурына шалдыққан науқастар анықталды. Екінші нәтиже де маңызды – бұл жоба барлық серіктестерінің арасында қалыптасқан конструктивті ынтымақтастық пен аталмыш мәселені анағұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді», – деді Жаһандық Қор бағдарламасының менеджері, Қазақстандағы Project HOPE өкілі Бахтияр Бабамурадов.

Бағдарлама барысында 60-тан астам емхана мен 10 туберкулезге қарсы диспансерлерде көшіп-қонушыларға қайырымды медициналық ұйымдар желісі қалыптастырылды.

Сондай-ақ 44 мыңнан астам мигрант үшін туберкулезге тексерілуге қолжетімділік қамтамасыз етілді және 1600-ден астам өкпе ауры айқындалды.

Бағдарламаны енгізу тәжірибесі негізінде «ҚР көшіп-қонушыларының арасында туберкулезді бақылау бойынша нұсқаулық» әзірленіп, ресми түрде бекітілді.

Project HOPE ұйымдастырған іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы, ІІМ көші-қон қызметі, Жаһандық Қор, Халықаралық көші-қон ұйымы, USAID, STOP TB серіктестігінің және басқа да халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ серіктес ҮЕҰ мен медициналық мекемелердің өкілдері қатысты.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»