Қазіргі күні республикамыздың барлық өңірлерінде құрылған агросервистік кәсіпорындар осы мақсатты көздейді. Ақтөбе аймағында бұдан 12 жыл бұрын ашылған «Ақтөбе-агросервис» ЖШС мен «Ақтөбе ауыл микрокредит» микроқаржылық ұйымы (МҚҰ) қосымша жауапкершіліктегі серіктестігі (ҚЖС) еліміздегі сервистік кәсіпорындардың қатарын толықтыра түсті.
Сервистік құрылымдар алдын ала бекітілген жарғыға сәйкес жұмыс істейді. Яғни, бұлар үшін жарғыда көрсетілген шарттар мен талаптардан ауытқу – істі ақсатумен немесе оны біржола тұңғиыққа батырумен тең болып шығады. Мәселенің мәнісі мынада. Сервистік ұйымдар ең алдымен жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жарғылық капиталын құрады. Содан соң материалымыздың басында айтылғандай, «Ақтөбе-агросервис» секілді серіктестіктер өз мақсаттарына жету үшін рентабельді қызметке қол жеткізуі тиіс. Осы орайда кәсіпорын таза кірістер мен инвестициялар тарту арқылы жарғылық капиталдың мөлшерін және айналымын көбейтуге ұмтылмаса, – жұмысы алысқа бара қоймайды. Мұндай жағдайда ауылшаруашылық субъектілеріне лизинг пен несие түрінде берілген активтердің, қаражаттың уақытында қайтарыла қоюы екіталай.
Айтайын дегеніміз, қазіргі кезде «Ақтөбе-агросервис» ЖШС мен «Ақтөбе ауыл микрокредит» МҚҰ» ҚЖС тап осындай жағдайға тап болып отыр. Аталған қос кәсіпорын да квазимемлекеттік, яғни мемлекеттің үлесі бар сектор субъектілерінің активтерін басқарудың тиімділігі 2014-2017 жылдар аралығында өте төмен күйінде қалып қойған. Екеуінің рәсімдік және қаржылық бұзушылықтарының жалпы сомасы 2 миллиард 268 миллион теңгеге жуықтаған. Бұл Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы жүргізген аудиттік іс-шараларда қамтылған жалпы соманың 58 пайызына тең.
Сонда көрсетілген кезеңде осы серіктестіктердің құрылтайшысы Ақтөбе облысының қаржы басқармасы мен олардың жарғылық капиталына мемлекеттік қатысу үлесіне иелік ету және пайдалану құқығы берілген Ақтөбе облысының ауылшаруашылық басқармасы қайда қараған деген заңды сауал туындайды. Сондай-ақ соңғы 3 жыл ішінде «Ақтөбе-агросервис» ЖШС жарғыда көрсетілген қызметтер аясында жұмыс жүргізуді қажет деп таппаған. Сөйтіп өз жарғыларын өздері белден басқан. Қазіргі кезде оның қаржылық жағдайы құлдырап, несие портфелінің бүйірі қабысып қалған. Серіктестіктің мұндай мүшкіл күйге ұшырауына Ақтөбе облыстық бұрынғы ауылшаруашылық басқармасының басшысы Қаржаубай Ыбырайымұлының 2015 жылдың 30 желтоқсанында және 2016 жылдың 23 ақпаны мен 26 қазанындағы №173, №19, сондай-ақ №129 бұйрықтары да салқынын тигізгені байқалады. Мұнда мәселенің бір ұшы сот шешімі бойынша банкрот болып танылған өңірдегі ауылшаруашылық кәсіпорындарына бөлінген қаражатқа келіп тіреледі. Міне, «Ақтөбе-агросервистің» жарғылық капиталы соның салдарынан 135 миллион теңгеге азайған. Яғни, осындай мөлшердегі қомақты сома қайтарымсыз күйінде қалып қойған.
Бұл жағдай өз кезегінде жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражаттың елу пайызы немес 774,5 миллион тенгесінің қайтарылмай қалу қаупін туындатты. Өйткені тауарлық несиелер лизингке ауылшаруашылық субъектілерінің төлем қабілеттері мен қаржылық мүмкіндіктері толық зерттелмеген жағдайда берілген деді Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Қуантқан Әлімов.
Қалай дегенде де дебиторлық берешек қайтарылуы тиіс. Соған қарамастан «Ақтөбе-агросервис» ЖШС-ның директоры Мұрат Қадыров оны қайтару мәселесіне қатысты ешқандай шара алмаған. Сонымен бірге серіктестік жетекшілері тарапынан біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы деген көзқарас үстем түсіп отырған. Айталық «Восток» шаруа қожалығы мен «Тоқмансай» ЖШС-ға 8 дүркін 64,6 миллион теңге көлемінде несие берілген. Оның 53,1 миллионы кешегі бір күндерге дейін өндірілмей келіпті. «Жұмырбай» шаруа қожалығы 13,2 миллион теңге несиесінің 5,9 миллион теңгелік үлесін ғана қайтарған. Ал «Саха» ЖШС сонау 2010 жылы алған 16 миллион теңге несиесінің бірде-бір теңгесін әлі күнге дейін қайтармаған. Мұндай мысалдар жеткілікті.
Тұтастай алғанда аудиттік тексерулер кезінде облыстағы 39 ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің 408 миллион несиелік қаражаттың 191,9 миллионын қайтарғаны белгілі болыпты. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» дегендей, несиені қайтару міндеттерін орындамаған өндірісшілерге жаңа несие беру одан әрі жалғасқан. Олардың мемлекеттің үлесі бар кәсіпорыннан алған қарыздары көбейіп кетсе де, ешқандай шара қолданылмаған. Мұндай жағдайда «Ақтөбе-агросервистің» қаржылық жағдайы құлдырамағанда қайтеді?
Рас, бүгінгі әңгімеміздің басты арқауына айналған екі мекеменің тапқан табыстары біраз бар екен. Әйтсе де оны серіктестік басшылары әкімшілік шығыстарға және тиімсіз іс-шараларға жұмсаған. Тағы бір қызығы, кәсіпорынның қаржылық жағдайы нашар бола тұрса да серіктестік жетекшілері бекітілген смета сомасынан екі есе артық сыйақы тағайындаған. Сөйтіп оның көлемі 40,5 миллион теңгені құрапты. Соның ішінде 2017 жылдың наурыз айында «Ақтөбе-агросервистің» бас бухгалтері М.Ештаева мен экономист Н.Ершова 200 000 теңгеден астам сыйақыны негізсіз алғаны белгілі болып отыр. Өйткені оларға осы кезеңде есепке алу және есептілікке қатысты жұмыстарды салақсытып жібергені үшін тәртіптік жаза берілген екен.
Сонымен бірге серіктестікте бірқатар іссапар шығындары да негізсіз төленген. Сондай-ақ шетелдік «Субару форестер» автокөлігін 2,2 миллион теңгеге сатып алған А.Жартыбаеваның қарызы әлі күнге дейін қайтарылмаған.
«Ақтөбе-агросервис» ЖШС жөнінде айтқан кезде Ақтөбе облыстық қаржы басқармасы өткен жылы оны бәсекелес ортаға беру жөнінде шешім алғанын назардан тыс қалдыруға болмайды. Соған сәйкес кәсіпорын жекешелендіру тізіміне енгізілген. Соның негізінде оның активтерін бағалау рәсімдері жүргізіліп, бұл материалдар облыстық қаржы басқармасына тапсырылған.
Шынтуайтына келгенде «Ақтөбе-агросервистің» нақты құны 2 миллиард 300 миллион теңгеден кем тұрмайтыны талас туғызбайды. Өйткені ақшалай түрде қайтаруға жататын қарыздарды қосқанда осындай сома шығады. Алайда ақшалай қаражаттар мүлік есебінде бағаланып кеткендіктен, тек 492,7 миллион теңгенің сатуға ұсынылғанын қандай қисынға сыйғызуға болады? Бір таңғаларлығы, бұл бағалау материалдарының қорытындыларына және «Ақтөбе-агросервис» ЖШС басқармасы директоры Мұрат Қадыровтың ұйғарымы мен шешіміне облыстық қаржы және ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары қарсылық көрсетпепті. Мемлекеттің қаржылай үлесі бар кәсіпорынның құнын негізсіз арзандатып, сауда-саттыққа шығару әрекетінің арғы астарында не сыр бар?! Мұны қазіргі күні тап басып айту қиын-ақ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы бағалау материалдарындағы көрсетілген деректер бойынша Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның атына хат жолдаған екен. Әйтеуір орынды ұсыныс басқарма басшысының тарапынан түсіністікпен қабыл алынып, бүгінгі кезде сауда-саттық үдерісі тоқтатылған.
Енді «Ақтөбе-агросервис» ЖШС мен «Ақтөбе ауыл микрокредит» МҚҰ» ҚЖС-тың алдағы тағдыры не болмақ? Бұл сауалға әзірге кесіп-пішіп жауап қайтару ертерек секілді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ