Қазақстан • 03 Шілде, 2018

Жай оғындай Жанбек

1036 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көзі тірі болғанда Жанбек Сау­ран­баев бұл күндері 78 жасқа то­ла­­тын еді. Алайда 2016 жылдың қа­­зан айында Алаш жұрты абзал аза­матынан көз жазып қал­ды. Ата­ғы алысқа жайылған Алма­ты­ның «Буревестнигі» мен КСРО құрамасының сапында өнер көр­сет­кен қазақтың жалынды жігі­ті ке­зінде әлемдегі теңдессіз волей­бол­­шылардың бірі әрі бірегейі бол­ға­нына ешкімнің күмәні жоқ. 

Жай оғындай Жанбек

Жанбектің де ғылым жолына түсуіне болар еді. Олай деуге негіз, ол зиялылар отбасында тәрбиеленді. Әкесі Нығмет Сау­ранбаев – филология саласы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы, академик, орысша-қазақша сөздікті құрастырып, жарыққа шығарған білікті маман және де күні бүгінге дейін мәні мен маңызын жоғалтпаған аса құнды 100-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Кейіннен ҚазКСР Ғы­лым академиясының вице-президенті болды. Анасы – Ма­рия Иосифовна шет тілдер инс­титутының түлегі. 

Тағы бір айта кетерлік жайт, әкелі-балалы Сауранбаевтар бір күнде туған екен. Нығмет Тінәлұлы 1910 жылдың 5 мамы­рын­да Жамбыл облысының Қор­дай ауданында өмірге келсе, арада тура 30 жыл өткеннен соң дәл сол күні Жанбек Нығметұлы Алматы қаласында жарық дүние­нің есігін ашты. 
Әкеге тартқан ұл мектепте жақсы оқып, өз қатарының ал­ды болды. Барлық пәннен әр­кез үздік баға алып жүрді. Әсі­ресе химияға келгенде ол алды­на жан салмайтын. Оның үсті­не, зиялы отбасында өскен­дік­тен Жанбек сол кездегі қа­зақтың игі жақсыларының тү­гел­ге жуығының жүзін көрді. Қа­зақ­станның бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтан бас­тап, басқа да лауазым ие­ле­рі Сауранбаевтардың ша­ңы­ра­ғына ара-тұра ат басын бұ­рып тұ­ра­тын. Ғалымдар мен жазу­шы­лар­дың да қарасы үзілмейтін. Әсі­ресе Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ісмет Ке­ңесбаевтар сол үйге жиі ке­ле­тін. Осындай ортада өс­кен ба­ла­ның да ғылым жолына түскісі ке­ле­тіні белгілі ғой. Әу баста Жан­бек химия саласының маманы болуды армандады. Баланың таң­дауын ата-анасы құптады. Сол мамандық бойынша Каз ГУ-ге оқуға да түсті. 

Жанбек ағамыз айтатын: Ме­­­нің волейболмен шұғыл­да­нуы­­ма тікелей септігін тигізген – Геннадий Паршин. Уақыт оза атақ­ты ойыншы және майталман ма­манға айналған ол  менің досым еді. Бір күні Гена мені өзімен бір­ге үйірмеге ертіп апарды. Сол кезден бастап, волейболға аң­са­­рым ауды. Басқа шаруаның бар­­лығын ысырып қойып, үне­мі жаттығу залына асығатын әдет шығардым. Осылайша бұл өнер­дің қыр-сырына әбден қа­нық­тым. Оның үстіне, 1958 жы­лы әкем өмірден озды. Ол не­бәрі 48 жасында ба­қилық бол­ды. Сол кезде мемлекет тарапы­нан бе­рілетін жеңіл­дік­тердің бар­лы­ғынан айрылдық. Тіптен бұрынғы М.Горький кө­ше­сінің бойындағы Ғалымдар үйін­дегі 7 бөлмелі кең пәтерімізді шағын баспанаға айырбастауға тура келді. Өйт­кені пәтерақыны төлеудің өзі от­басымызға қиын соқты. Содан мен КазГУ-ден Де­не шынықтыру институтына ауыс­­тым. Аталмыш білім орда­сында тәуір өнер көрсеткен спорт­­­шыларға арнайы стипендия берілетін және басқа да же­ңіл­діктер болатын. Сөйтіп анама қолғабыс тигізу үшін осы соқпақ­қа түсуге тура келді. 

Ойын алаңында жайдың оғын­дай қимылдайтын Жанбек көп кешікпей еліміздің маң­дай­алды ойыншыларының бірі­не айналды. Алматының «Бу­ре­вестник» клубының сапына қабылданып, әйгілі бапкер Октябрь Жарыл­ғаповтан тәлім-тәрбие алды. Ғұ­ла­ма ұстаз өзінің ең үздік шәкір­тіне бар білгенін үйретті. Қазақ­станның волейболшылары арасынан КСРО құрамасына алғашқы болып қабылданған да сол Жан­бек Сауранбаев еді. Тіптен кейін­нен олимпия ойында­рын­да алтын тұ­ғыр­ға көтерілген Валерий Кравченко мен Олег Ан­тропов сын­ды саңлақтардың өздері қазақ­­­тың өр мінезді ұлынан кейін ғана сол команданың жей­десін киді. Жанбек бақандай бес жыл бойы КСРО құрама сапын­да үйлес­тіруші (связующий) мін­детін ат­қар­ды. Ондай жау­ап­кершілік екінің біріне жүктеле бермейтіні бар­шаға мәлім.

Құрамында Сауранбаевтай сер­кесі бар КСРО құрамасы 1965 жы­лы Польшада әлем кубо­­­гын олжалады. 1966 жылы Че­хо­словакияда әлем чем­пи­о­на­ты­ның қола медалін мой­нына ілді. 1967 жылы Түр­кия­да Еуропа чем­пионы атанды. Дүниежүзілік Уни­версиадада екі рет топ жарды. Көптеген ха­лық­аралық жарыс­­тарда жеңіс тұғ­ы­рына көтерілді. 

Ойын алаңында жасындай жар­қырап, КСРО құрамасының бай­рақты бәсекелерде орасан зор табысқа жетуіне елеулі үлес қосса да, Жанбекке олимпия ойын­дарында бақ сынау бақыты бұйырмады. 

Жанбек ағамыз айтатын: Сол кездегі құрамадағы ойын­шы­лар­дың талайынан шоқ­ты­ғым биік болды. Оны мен нық се­­німмен айта аламын. Сол се­беп­ті 1964 жылғы Токио Олим­п­и­­адасында негізгі құрамда ойнауым керек еді. Барлық бәле мы­на­дан басталды: бір күні коман­да капитаны Юрий Чесноков мені үйіне қонаққа шақырды. КСРО волейболының басы-қасында жүргендер арасында ол кезде одан беделді тұлға жоқ еді. Тіптен бас бапкер Юрий Кле­щовтың өзі Чесноковтың айт­қа­ны­мен жүретін. Дастарқан ба­сын­да ол: «Алматыны қайтесің, одан да Мәскеуге кел, ЦСКА-ның сапында ойнасаң, байрақты бәсе­келердің барлығына қатысасың. Сендей ойыншы бізге қажет», – деп үгіттей бастады. Оның бұл ұсы­нысынан мен бас тарттым. Со­дан кейін КСРО құрамасының жат­тықтырушылары маған себеп-салдарсыз киліге бастады. Ақымақ емеспіз ғой, бұл Чес­но­ковтың айтақтауымен істеліп отыр­ған «тірлік» екенін лезде аңғардым. Ақыры Токиоға аттанарға бiр апта ғана қалғанда бас бапкердiң атқосшылары: «Жанбек, айыпқа бұйырма, сен тi­зiмде 13-шi болып тұрсың, ал Олим­пиадаға тек 12-ақ ойын­шы­ның баратынын өзің де жақсы бі­лесің», – деген «суыт» хабар жет­кізді. Осылайша мен елде қал­дым.

Жапониядағы ойындардан КСРО волейболшылары бас жүл­демен оралды. Өз несібесінен қа­ғы­лған қазақтың ұлының өкі­ніштен өзегі өртенді. Бірақ қол­дан келер еш дәрмен жоқ. Бұл опасыздыққа да көнуге тура кел­ді. Содан Жанбек жан­кеш­ті жаттығуларын қайта жал­ғас­тырды. Ойын алаңында барын салып, дүбірлі додаларда Одақ құрамасын өрге сүйреді. Оның ендігі арманы – 1968 жы­лы Мехико Олимпиадасында өнер көрсету еді. Бірақ тағы да қи­тұр­­­қы ойынның құрбаны болды. Бұл жолы да түрлі желеуді алға тарт­қан бапкерлер Жанбекті ұлы дүр­мекке қатыстырмаудың жолын тапты.
Жанбек ағамыз айтатын: КСРО құрамасынан кеткеннен кейін барлық күш-жігерімді «Буревестниктің» өсіп-өрлеуі үшін жұмсадым. 1967 жылы біз КСРО біріншілігінде қола медальді иеленіп, келесі маусымда күміс жүлдені еншіледік. Ал 1969 жы­лы КСРО чемпионы деген аса мәр­тебелі атаққа қол жеткіздік. 1970 және 1971 жыл­дары қатарынан екі рет Еуропа чемпиондары кубогын ол­жа­ладық. Екі ретінде де фи­нал­да Чехословакияның атақты «Зетор Збройовка» клубын қапы қал­­дырдық. Осының барлығы да әйгілі бапкер Октябрь Жарыл­­ға­повтың біліктілігі мен көре­ген­дігінің арқасы екенін айту­дан еш­уақытта жалыққан емеспін. Шын мәнінде ол өз дәуірінің ғұла­ма бапкері, теңдессіз тұлғасы еді. Іргетасы қаланғанына аса көп уа­қыт бола қоймаған «Буре­вес­т­ник­тің» биікке самғай алатынына ол өзі де сенді, бізді де сендірді. Оның үстіне, алматылық клуб­тың сапында негізінен жер­гі­лікті ойыншылар өнер көр­сет­ті. Октябрь Тәжікстанда тұ­­рып жат­қан Валерий Крав­чен­ко­­ны ғана командаға алдыр­ды. Ол кезде Кравченко ортаң­қол ойын­шы болатын. Қазақ­стан­ға қоныс аударғаннан кейін ғана оның деңгейі өсті. Ал Геннадий Гон­чаров жоғары оқу орнын аяқ­тағаннан соң Алма­тыға жолдамамен келген. Бас­қа­лар­дың бар­лығы өзіміздің төл тү­лек­те­рі­міз. Осылайша бар­лы­ғымыз бір жұ­дырық болып ж­ұ­мылып, биік бе­лестерді бағын­дыр­дық. 

32 жасында үлкен спортпен қош айтысқан Жанбек Сау­ран­баев біраз уақыт Алматыдағы «Дорож­ник» клубының бас бап­­ке­рі болды.1980 жылы келі­сім­­шартпен Кувейтке кетті. Одан кейінгі ғұ­мы­рының бар­лығын еліміздің сту­денттер спортын өркендетуге ар­нады. 1988 жылдан бастап өмі­рінің соң­ғы күндеріне дейін даңқ­ты волей­болшы Қаныш Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық тех­ника­лық университетінің дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі болып еңбек етті. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ