Салтанат Ахметова: Опера – өре талғайтын өнер

Салтанат Ахметова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі

Егемен Қазақстан
13.07.2018 5804
2

– Салтанат, сіз Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырайдай алты Алаштың ардағы атанған сал-серілер асқақ­тата ән салып өткен Көкше өңірінде туып-өскендіктен өнерпаз болмасқа қақыңыз да жоқ сияқты ма, қалай өзі?

– Қайдан білейін, жаңағы айтқан жақсы-жайсаңдар аунаған топырақтан ма­ған да бірдеңе жұққан шығар. Оның үстіне Арқа ақиық­тарының әндері үлкен той-жиындарда, отбасылық дас­тарқан басындағы отырыс­тарда үлкендердің орындауында жиі шырқалатын. Осының бәрі әсер етті ме, әйтеуір өнерге құштарлығым тым ерте оянды. Көзімді жұмсам сахна төрінде сансыз қошеметке бөленген әртіс кейпіндегі өзімді көретінмін. Жан-дүниемді арбаған сол сиқырдың күшін сезді білем, анам қолымнан жетектеп апарып Көкшетау қаласындағы шығармашылық үйіндегі балалар студиясына кіргізіп жіберді. Одан соң тәй-тәй басқан талабымды ұштау үшін музыка мектебіне берді. Пианино сыныбында оқып жүрсем де мұғалімдерім әу дейтін қабілетімнің барын байқап қалыпты. Сөйтсек, менің дауысым кішкентай кезімнен-ақ академиялық вокалға бейім болған көрінеді.

– Сонда о бастан опера­ның ауылына баратын жол­ға түскен болдыңыз ғой. Көп­теген құрбыларыңыз се­кілді эстрадаға құмарт­па­ғаныңыз «қызық» екен.

– Сөздің шыны керек, онда мен операңыздың не екенін білмейтінмін. Елден қалмай сол уақытта кеңінен тараған эстрадалық әндерді айтатынбыз. Бірақ неге екенін қайдам, күміс көмей Бибігүл Төлегенованың «Бұлбұлын» тыңдағанда радионың ішіне кіріп кете жаздайтынмын. Кей тұстарында тіпті, қосыла кетіп, әліме қарамай жоғары ноталарды алуға талпынатынымды қайтерсіз. Күрмеуі қиын күрделі әннің иірімдері икеміме көнсе төбем көкке екі-ақ елі жетпей қуанатынмын. Сірә, әлдебір ішкі түйсікпен клас­сикалық жанрдың жаны­ма жа­қындығын түсінсем керек.

Бірде бізге облыстық фи­лар­­монияның әртістері келіп концерт қойды. Сонда бір тенор дауысын көкте тербеп тұрып алған сәтте кереметтей ғажайып күй кешкенім есімнен кетпейді.

Тура сол жолы маған тұң­ғыш рет әншілікке бет бұру туралы ой келді-ау деймін. Әл­гінде әңгіме барысында баян­­далғандай дауысым ака­демиялық әндерді айтуға ла­йық­талып қойылғандықтан эстраданың «әләулайларын» әуелетуге әдеттене алмадым.

– Сонымен мектеп бітір­ген соң консерваторияға түстіңіз...

– Жоқ. Оған дейінгі «Одис­сей оқиғаларын» қайда қоясыз. Асықпай соларды айтайын.

– Екі құлағым өзіңізде ендеше.

– Мен орта білім жөніндегі аттестатты он төрт жасымда алдым емес пе.

– Ойпырмай, онда вундеркинд болдыңыз ғой...

– Мектеп-лицейді жедел­детілген бағдарламамен оқып бітіргенім болмаса, ерек қабі­летпен ерекшеленетіндей еште­ңем жоқ.

Жарайды, ең бастысы бұл емес. Қуанышым қойныма сыймай, жүрегім алып-ұшып жүргенде көншулі көңілімді су сепкендей басқан жағымсыз жаңалық естідік. Жоғары оқу орындарына вокалистер он жетіге толғаннан кейін ғана қабылдайды екен.

– Мына қырсықты қара­ңыз.

– Ойламаған жерден ома­қаса құлағандай қатты абыржып қалдым. Енді не істеу керек? Айналамдағылармен әрі-бері ақылдасып, универ­ситеттің шет тілдер факуль­тетіне құжат тапсыру жөнін­де шешім қабылдадым. Екі-үш жыл ермек қыла тұ­­райын. Сосын өзімнің өне­­рімді өрістетемін. Алай­да әке-шешем менің ересек қыз-жігіттермен бірге оқығанымды қаламапты. Өйт­кені мен сол кезде ауладан алыс ұзамайтын ойын баласы едім.

Ақыры мамам амалын тауып, Көкшетаудағы Бір­жан атындағы музыкалық колледждің босағасынан аттатты. Мектепті үздік бітір­гендіктен және музыкалық сауатым болғандықтан мұнда­ғылар емтихан алып қинамады. Тек берілген музыкалық шы­ғар­маны шырайын шыға­рып орындағанымды қанағат тұтты.

Колледжде қанатымды қатайтқан ұстаздарымның қатарынан Жақып Мұха­ма­диұлы Көшкінбаевты бөле-жара атағаным абзал. Талант­тың тайын мінген тұста дәл осындай жайсаң жанның кездескеніне шүкіршілік ете­мін. Өкінішке қарай, қазір арамызда жоқ. Парасатты педагогім кәсіби шеберлігімді ұштап қана қоймай, адами асыл қасиеттерді бойыма сіңіріп баққанын қайтіп ұмытайын.

Жақып ағам Астанада өт­кен конкурсқа келгенімізде қа­зылар алқасының төр­айы­мы болып отырған бел­гілі опера әншісі Хорлан Қа­лиламбековамен таныстырып, мені тыңдап көруін өтінді. Сондай-ақ келесі жы­лы осы Ас­танадағы музыка академия­сына оқуға түскім келетінін ескертті.

Ақыры оның айтуымен Хорлан апайдың класына қабылдандым. Тиісті сы­нақтардан сүрінбей өткен­нен кейін, әрине. Сахналық тәжірибесі мол саңлақтың тәрбиесін алу өз алдына бір бақыт. Студенттеріне көр­сетер өнегесі көп. Вокал тех­никасын жетік біледі. Образға ену тәсілдерін мең­геруге, шә­кірт­терінің өздері не жа­йын­да әндетіп тұрғанын түсіне бі­луге баулиды. Жалпы, өзімді тә­лімгерлер жағынан жолы бол­­ған­дардың санатына қосамын.

– Қазіргі эстрада өкіл­деріне қарағанда опера әншілерінің қарапайым халық арасындағы таны­малдығы аздау екені жасы­рын сыр емес. Стадион толы көрермен жинайтын да, теледидар экранынан түс­пейтін де, шоу-бизнестің қызығын көретін де солар. Қазақ­тың той-томалағында қалта томпайтатын да осы дауыс диапазоны екі октавадан аспайтын жұлдызсымақтар шеруі жүйкеңізді жүндей түтпей ме?

– Үйреншікті үрдіс болған­дықтан бәлендей бас ауыртып жатпаймын. Дегенмен ептеп өкінетін сәттерімнің бо­латынын мойындауға тиіс­пін. Тамағымызды жыртып ақ таңнан қара кешке дейін әзірлік жасаймыз. Одан көпшіліктің алдында жанды дауыспен ауыр партияларды орындайсың. Ал эстрададағы әріптестеріміз фонограммамен ауыздарын жыбырлатып қана қанжығаларын майлап қайтады. Бізде неліктен екенін білмеймін, классикалық өнер өз дәрежесінде баға­лан­бай­ды. Бұл сала кө­рер­­меннің көкірек көзі ашық, интеллектуалдық дең­­­гейі жоғары болғанын сү­йе­ді. Расымен де опера өре талғайтын өнер. Осыдан ба­рып ол біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды.

– Мүмкін қазақтың қа­нына сіңбеген ойын-са­уық түрі болғандықтан жа­тырқайтын шығармыз.

– Еуропадан енгендіктен төл мәдениетіміздің төрін ұсынуға ұмтылмайтынымыз байқалады. Бәлкім, түбінде жағдай түзелер.

– Үлкен сахнаға алғаш қашан шықтыңыз?

– Балалар шығарма­шы­лығына арналған конкурс­тарға қатысып жүргенімде Көкшетаудағы Мәдениет сарайының сахнасына көте­рілгенімді мәртебе санадым. Колледждің соңғы курсында біз жоғарыда еске алып өткен Жақып Мұхамадиұлының жетекшілігімен «Алтын кілт» атты операны сахналадық. Соның арқасында атымыз біраз жерге барды. Бірде кол­леджімізге Астанадағы Күләш Байсейітова атын­дағы опера және балет теа­трының бас дирижері Абзал Мұхиддинов келіп, спек­таклімізді көрді. Сірә, ұнаған болуы керек, шығар­машылық тобымызды елор­даға шақырды. Бұл енді өңіміз түгіл түсімізге кірмеген жағдай-тұғын. Бақыттан басымыз айналды. Үлкен толқу үстінде бас шаһарға бардық. Оркестрдің сүйемелдеуімен ойын қойдық. Көрермендер ықыласы көңілімізді көкке өрлетті. Зал толы өрімдей өрендер бізге гүл орнына тәп-тәтті торт сыйлағандарын әлі ұмытпаймын.

– Айтпақшы, анау балет бишілері қатаң диета ұстайды. Тәтті-тәпсер же­­мейді. Артық ауқат ауыр тиеді. Дене сымбаты бұ­зы­лады дегенді жиі ести­міз. Осының жайы опера ән­шілерінде қалай?

– Ал мен сізге дәл осы балет әртістері тамақты талға­май соғады десем сенесіз бе?! Өйткені жанкешті жат­ты­ғулардан соң арандары ашылмай қайтеді. Шоколадты да жейді, газ­далған сусындарды да іше­ді. Өйткені кейін бұл калориялар репетицияларда шелектеп төгілген термен шығып кететінін біледі.

Әрине тамақтану мен дауыс арасында байланыс бары анық. Егер етжеңділеу болсаңыз, ән шырқау әлеуе­тіңіз де артады. Оны былтыр ораза ұстағанда байқадым. Ішпесең, жемесең күшті қай­дан аласың дегендей. Кей­бі­реулердің пайымдауынша, әншілер ауыздарын ашса болды әдемі әуендер құйқылжи жөнелетін тәрізді. Мүлдем олай емес екенін қайдан білсін. Қаншама қуат қажет. Оның үстіне операда ария айтып қана қоймай, образға еніп ойнайсың ғой. Қыруар қимыл-қозғалыс жасайсың. Спектакльде киген көйлегің сығып алардай су болатынынан былайғы жұрт бейхабар. Бұрындары опера әншілері негізінен ірі болатын. Бүгінде сәл басқашалау. Режиссерлер басты рөлдегілердің қыпша белдері қиылып, қуыршақтай құл­пырып көрермен көз­айы­мына айналғанын қа­лайды. Дұрыс қой. Бірақ сырт­қы сұлулыққа баса мән беріліп, дауыс диапазоны еске­рілмей қалмаса болғаны да.

– «Астана-Опера» теат­­ры­на қалай келіп қалды­ңыз?

– Музыка академиясының үшінші курсын бітіргенде Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрына қабылданып, алдымен стажер, сосын солист болып жұ­мысқа орналастым. Мұндағы орындаған бірінші партия­м – Қыз Жібек. Екі жылдан кейін Италияға оқуға аттандым. Соны бітірген соң 2013 жылы арнайы іріктеуден өтіп «Астана Операның» шаңы­рағына кірдім.

– Италиядағы оқу өз ба­сыңызға не берді?

– Ой, оны бір ауыз сөзбен түйіндеу қиын. Талай пайда таптым. Қанша айт­­қан­мен операның отаны емес пе, көрген-білгенім мен кө­ңілге түйгенім ұшан-те­ңіз. Италияның қақ ор­та­сын­­­дағы Озимо қаласын­да­ғы же­кеменшік академия өнер­баянымда өшпес із қал­дырғанын мақтан тұтамын.

– Осы театрдың сах­на­­сында қандай қойы­лым­дарға қатыстыңыз?

–  Бұл театрдағы қада­мым­­ды Дж.Пуччинидің «Бо­ге­масынан» бастадым. Сонд­ай-ақ Мұқан Төле­баев­тың «Біржан-Сара­сын­да» Алтынайдың, Ахмет Жұ­банов пен Латиф Хами­дидің «Абайында» Ажардың партияларын орындадым. Қазір «Турандотқа» дайындық үстіндемін. Бұлардың сыр­тын­да басқа театрларда ойнаған рөлдерім де бар­шылық. Әсіресе Абай атын­дағы опера және балет теат­рының репертуарындағы Г.Доницеттидің «Махаббат шы­рыны» операсында Ади­­наның партиясын айт­қа­нымды абырой көремін. Бұл өзі тура менің дауысыма лайықтап жазылғандай ға­жап дүние. Қазіргідей жан-жақтан қаптаған қиындықтар қыспаққа алған заманда адамдардың бір сәтке рахаттанып демалуына жағдай тудыратын комедиялар керек секілді. Себебі көңіл көтеретін сюжеттер жаныңды жай таптырады. Мынау «Махаббат шырыны» сондай мөлдір сезім сыйлайтын күлкілі оқиғаға құрылған. Мен осынау тамаша туындының өзіміздің театрда да қойылуын тілеймін.

– «Астана Операға» сырт­тан шақыртылған атақ­ты режиссерлердің арасынан кімдермен жұмыс істедіңіз?

– «Абайды» қойған ита­лиялық режиссер Джанкарло дель Монаконың шеберлігіне тәнтімін. Талант! Ол маған Ажардың партиясын бірінші премьерада айту мүмкіндігін берді. Жасының ұлғайғанына қарамай тепсініп тұрған қа­жыр-қайратына қайран қал­­­­дым. Бойына сыймай буыр­­қанған эмоциясы қан­дай!? Темпераменті сұм­­дық те­геурінді. Өзінің жү­регіне ота жасалыпты. Со­ған қарамай қашан көрсең де жұлқынып жү­­реді. Әри­не оның «Абайы­на» қа­тыс­ты әртүрлі пікір білді­рілді. Базбіреулер «Абай­­дың үйін алтынмен аптап жіберіпті. Қазақтың киіз үйін­­де ондай сән-салтанат бол­­маған» деген сыңайдағы сыңаржақ ойларын ортаға салып үлгерді. Әлгіндей сынампаздар режиссердің Абайдың жайлы тұрмысын емес, рухани байлығын көрсеткісі келгенін түсіне алмаса керек. Ұлттық жауһарларымызды жаһанға таныту орайын­да еуропалықтар да ұға­тындай ептеген өзгерістер жасағанның еш айыбы жоқ сияқты. Ба­жай­лап қара­сақ, қазақтың ұлттық тақы­рып­тағы опералары бір-бірінен аумайды. Ал грузин Михаил Панживидзе «Бір­жан-Сараны» жаңа редак­цияда басқаша сөйлетті. «Турандотты» қойған Давид Левор Мордың да қол­таң­басы өзгеше. Актерлік ше­бер­лігімізді айшықтай түсті.

– Кезекті рөліңізге қай­тіп дайындаласыз?

– Сюжетпен дұрыстап та­нысамын. Мәтінді миыма сіңіремін. Музыкалық ма­териалдың мән-мағынасын түсінуге тырысамын. Опера­лардың көбісі шет тілдерінде жазылғандықтан біраз еңбек­тенуге тура келді.

– Өзіңіз неше тіл білесіз?

– Қазақшаға қара жаяу емеспін. Орысшаға ағып тұр­мын. Ағылшынша және итальянша еркін сөйлеймін. Французша түсінісуге жараймын. Қиындау тиетіні – немісше.

– Өнер жолындағы біраз биіктерді бағындыр­ға­ны­ңызды білеміз. Көптеген ха­лықаралық конкурстарда топ жардыңыз. Әсіресе Мәс­кеудегі айтулы «Үлкен опе­ра» тележобасының үшін­ші мау­сымында бас жүл­­дені ием­денуіңіз атақ-даң­қы­ңыз­дың жаһанға жайы­луы­на септігін тигізгені талассыз.

– Ол рас енді. Егер шын­дығын айтсам, бұл өнер додасына кездейсоқ жағдайда кіріп кеттім. Қашанда қанатының астына алудан шаршамайтын қамқоршым Хорлан Қа­лиламбекова телебәйгеге қатысуымды қалап, қолқа салды. Бірақ оған құлақ асуға құлықты болмадым. «Мәскеу мені қайтсін, бірінен-бірі өткен өз әншілері жыртылып айырылады» деп жүре бердім.

Содан сол 2014 жылғы тамыздың аяғына таман біздің театрға қоңырау соғылыпты. Мәскеуден. Осылай да осы­­лай Ахметоваларыңыз «Үл­кен операға» қатысуы қаже­т. Енді екі аптадан кейін Мәс­кеуге келсін. Бәйгені ұйымдастырушылар тыңдап көреді. Ал керек болса! Мен бол­сам еңбек демалысынан екі-үш күн бұрын ғана кел­генмін. Дауысым да «орнында» емес. Ұятқа қалуым мүмкін. Ақыры баруға бел будым. Аталарымыз айтпақшы, «Шапанымды шешіп алмас. Нартәуекел! Жығылсам жер көтерер. Неден ұтыламын? Ең болмаса Мәскеудің музей­лерін аралап бой сергітіп қайтармын», дедім де дереу ұшаққа міндім.

Беделді комиссия алдында «Түн патшайымынан» ария айттым. Іріктеуге қатысқан Дми­трий Бертман үсті-үстіне тапсырмалар беріп есімнен тандырды. Кәнігі кәсіби режиссерлігіне салып біресе жылайтын, біресе күлетін кейіп­керлердің бейнесін талап етті. Айтқанына көніп, айдауына жүргендей болдым. Бірақ өз-өзіме көңілім толмады. Ойдағыдай нәтиже көрсетпеген сияқтымын. Кү­дік көп, үміт жоқ. Есесіне ар­мансыз қыдырып, елордама көтеріңкі көңіл күймен қайттым.

Артынан арнайы ірік­теуден аман-есен өтке­німді естігенде аң-таң болдым. Сөйтіп оза шап­қан он үміт­кердің бірі ретін­де бәйгеге қатысып, ба­ғымды сынадым.

Мұнайда кедергілердің кесе-көлденеңдейтін әдетін қойсаңшы бұл. Тележобаның бел ортасына жақындағанда «Астана Опера» ұжымының дүниежүзілік турнесі басталды. Соған қатысуым керек болатын. Мәскеуліктерге мән-жайды түсіндіріп, жарысты жалғастырудан бас тарттым. Ондағылар жатып кеп жалынады, бір амалын табуымды сұрап. Сонымен қойшы, тығырықтан шығар жолды жан-жақтан іздеп таптық-ау әйтеуір. Ақыр соңында абыройым асып, жеңімпаз атанғанымды білесіздер.

– Бұл мәртебелі өнер марафоны несімен есіңізде қалды? Шығармашылығыңызға тигізген пайдасы қандай?

– Негізінен кез келген бәсеке жігеріңді жанып, намысыңды қайрайды. Ша­бытыңның шама-шарқын байқайсың. Қазылар алқа­сында қаздай тізіліп қатар отырған Образцова, Холднер, Калинина, Бертман секілді беделді тұлғалардың алдында аламанға түсу оңай болған жоқ. Опера жұлдызы Елена Образцованың жылы лебізін естуім және оны миллиондаған телекөрермен алдында айтуы білгенге аз олжа емес. Танымалдығымды арт­тыр­ған аталмыш конкурс­тан кейін Ресейдің бірсыпыра қаласында концерт бердім. Шақырып жатқан жерлер әлі де жетерлік.

– Әлемнің әйгілі опера театрларында ән салғың келе ме?

– Ол әртіс біткеннің арманы ғой. Бұйырған жақ­сылықтарды көре жатармыз.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.01.2019

Франциядан Англияға бет алған ұшақ Ла-Манш бұғазында жоғалып кетті

22.01.2019

Жастар жылының логотипі бекітілді

22.01.2019

Жол азабына ұшырағандарға шекарашылар көмекке келді

22.01.2019

Р.Бекетаев: мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін салық төлеу керек

22.01.2019

Жаңақала ауданында жоғалған адам табылды

22.01.2019

Сенатта халықаралық құжаттар қаралды

22.01.2019

Федерация кубогында ел намысын кімдер қорғайды?

22.01.2019

Төсек тартқан науқасты үйде күтетін «Үйдегі Хоспис» жобасын қолға алу керек

22.01.2019

Қарағанды облысында адасқандар құтқарылды

22.01.2019

Іскер әйелдер қауымдастығы – қайырымдылық бастамашысы

22.01.2019

Батыс Қазақстан облысында «Сыбайлас жемқорлықтың  алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

22.01.2019

Алуа Балқыбекова: Қазақтың боксшы қыздарымен әлемде барлығы да санасады

22.01.2019

Қасиетті қамшы

22.01.2019

Соңғы төрт күнде шығыс өңірінің теміржолшылары шамамен 2 мыңнан астам шақырым жолды қардан тазартты

22.01.2019

«Шымкент - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жаңа жобаны таныстырды

22.01.2019

Ақырзаман жақын ба?

22.01.2019

Шымкенттің орталық аудандарындағы балалар әлі күнге дейін үш ауысымды мектепте білім алып жүр

22.01.2019

«Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы тағайындалды

22.01.2019

«Қызылорда облысы әкімдігінің іс басқармасы» КММ директоры тағайындалды

22.01.2019

Астана әкімдігінің аппараттық жиыны бұдан былай ашық форматта өтеді

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Jaýapkershilik joq jerde...

Sońǵy jyldary elimizde bosaný úshin aýrýhanaǵa kelgen analardyń qaitys bolý jaǵdaıy jıilep barady. О́tken jazda medısınasy jetilgen qalalar sanatyndaǵy Astananyń ózinde tórt birdeı qaıǵyly oqıǵanyń oryn alýy osy sózimizge dálel. Al Qazaqstan boıynsha 2018 jyldyń segiz aıynda ǵana ana óliminiń 40 faktisi tirkelgen eken. Onyń sebebi nede? Bul jóninde oılanyp, belgili bir sharalar qabyldap jatqan adam bar ma? Shynyn aıtsaq, bul jaǵy óte kúmándi. Eger adamdar jumysta jibergen kemshiligi úshin jazalanbaıtyn bolsa, ondaı jaǵdaıdyń qaıtalana bermesine kim kepil?

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Sóz salmaǵy

Baıaǵynyń bıleri taý qulatyp, jer terbetpese de, eldi ıitip, teli-tentekti tıyp, kem basqandy ilgeri ozdyryp, asqynǵandy tejep, órshigendi órelep, ata ǵuryppen, ana úlgisimen bárin jónge saldy. Ul men qyzdyń eteginen tartpaı, aýzynan qaqpaı, qyrandaı túletip otyrǵan. Sodan da shyǵar, «Aýzym jetkenshe sóıleımin, qolym jetkenshe sermeımin, aıaǵym jetkenshe júremin» dep 14 jasynda aýzynan ot shashyp: «El ebelek emes, er kebenek emes, dat!» dep dara tanylǵan Qazybek bıdiń Qońtajynyń tilin baılap, qatty sastyrǵany. Jeteli sózge jetesiz ǵana des bermeıdi.

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Durystyq joly

Jaqsy kisi ataný, tirshilik-turmys, ómir qubylystaryna oı júgirtý, saralap zerdeleý, fılosofıalyq mádenıet qalyptastyrý, tájirıbe jınaqtaý, durystyq, adamshylyq, izgilik, ádildik, degdarlyq jolynda meıirlenip, berekeli qyzmet jasaý, ulttyń ádebi men qaǵıdattaryn jan-tánińmen qabyldaý – naǵyz tabıǵı abzal qasıet.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Bızneske ıkemdilik qaıdan shyǵady?

Adamnyń bızneske ıkemdiligi qaıdan týady degen suraq kóp adamdy oılandyrady. Árıne, motıvasıa kúshti, ol − aqshany kóp tabý. Isker adamdar eshkimniń aldynda ıilmeıdi, «malyń bolsa syılamaı tura almas el» dep Abaı aıtpaqshy, jurtqa da syıly bolady.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Bas paıda algorıtmi

Bas paıdany oılaý – búkil adam balasyna tán dúnıe. Ár adam balasynyń «ózim degende ógiz qara kúshim bar» degen qaǵıdat boıynsha tirshilik quratyny túsinikti. Biraq adam balasy qoǵam ishinde ómir súretindikten ár adamǵa tán osy qasıetti shektep ustaýǵa, ony qoǵamdyq múddege nemese qoǵamdyq ortada qalyptasqan tártipke baǵyndyrýǵa týra keledi. О́ıtkeni munsyz qoǵam damı almaıdy.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу