2016 жылдың қараша айында Қазақстан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының конференциясында қол қойылған Париж келісімін ратификациялаған болатын. Ал Париж келісімін ратификациялаған елдер парник газын шығару көлемін барынша азайтуға үлес қосып, осыған қатысты тиісті міндеттемелерді орындап, қол жеткізген нәтижелер туралы бес жыл сайын есеп беріп отыруға тиіс.
– Республикамыз парник газын шығаруды 2030 жылға қарай 1990 жылмен салыстырғанда 15 процентке дейін азайту туралы міндеттеме алды. 1990 жылы оның көлемі 389 CO2-эквивалентті құраса, 2015 жылы көрсеткіш 301 миллион тоннаға төмендеді. 2030 жылға қарай Қазақстан шығарылатын CO2 көлемін 330 миллион тоннадан асырмауы керек. Осы міндеттемені жүзеге асыру үшін елімізде парник газдарын шығаруды азайтуға ықпал ететін жобаларды қолдау, қалдықтар шығаруға квотаны сату, «жасыл» қаржы нарығын дамыту сынды шаралар қолға алынуда. Еуропалық тәжірибені назарға ала отырып, 2013 жылы Қазақстан өзінің ұлттық көміртегі нарығын – қалдықтарды саудалау жүйесін жолға қойды. Бұл жүйе парник газдарын шығаруды реттеп отыруға және көміртегі аз шығатын технологияларды дамытуды қолдауға, жаңғырмалы энергия көздерін жетілдіруге мүмкіндік береді, – дейді Энергетика министрі Қ.Бозымбаев.
2016 жылы осы жүйенің тетіктерін 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізу туралы шешім қабылданған болатын. Былтыр энергетика, мұнай және өндіріс салаларына арналған парник газдарын шығарудың 52 дербес коэффициенті бекітілді. Қалдықтар шығаруға квотаны реттеудің 2020 жылға дейінгі ұлттық жоспары да бекітілді.
Париж келісімі бойынша, дамыған елдердің технологияларын дамушы елдерге тарату – климаттық өзгерістермен күресудің негізгі тетігі саналады. Бұл халықаралық құжатта қол қойылғанға дейін Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын құру жөніндегі бағдарламасы БҰҰ тұрақты даму жөніндегі РИО-20 конференциясында қолдау тауып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясында қабылданған болатын. Бүгінгі таңда 16 мемлекет пен 16 үкіметтік емес ұйым «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы жөніндегі хартияның мүшесі болып табылады. Соңғы 3 жыл ішінде жаңғырмалы энергия, қалдықтарды басқару, энергияны үнемдеу және тиімді пайдалану технологияларын трансферттеуге байланысты 70-тен астам меморандумға қол қойылды.
– «Жасыл көпір» бағдарламасының жалғасы ретінде сарапшылық топ ЭКСПО-2017 көрмесінің мұраларын отандық экономикаға енгізу үшін 105 шетелдік және 28 отандық жобаны іріктеп алды, сәуір айында Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы құрылды. Бұл орталық «жасыл» технологияларды трансферттеуге, елімізде көміртегі аз бөлінетін жобаларды жүзеге асыруға қажетті шетелдік инвесторлармен байланыс орнатады. Бүгінгі таңда Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ, БАӘ, Қытай және басқа да елдердің мемлекеттік және жеке ұйымдарымен арада белсенді ынтымақтастық және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімдерге қол жеткізілді,– дейді Энергетика министрі.
Оның айтуынша, елімізде балама және жаңғырмалы энергия көздерін дамыту жұмыстары табысты жүргізілуде. Мәселен, Жаңғырмалы энергия көздерін дамытуды қолдау туралы арнайы заң қабылданған, оған қол жеткізудің нақты мақсатты индикаторлары мен атқарылатын шаралар айқындалған. Қазақстанның «Жасыл» экономикаға көшу конвенциясында көрсетілгендей, еліміздің энергиялық балансындағы балама энергияның үлесі 2020 жылға қарай 3 процентке, 2030 жылы – 30, 2050 жылы 50 процентке жетуі керек.
Қазір Қазақстанда жаңғырмалы энергия өндіретін 65 нысан, нақты айтқанда 12 жел стансасы, 19 күн стансасы, 33 гидроэлектрстанса, 1 биогаз қондырғысы жұмыс істеп тұр. Соның арқасында Париж келісімі бойынша міндеттемелерді орындауға мүмкіндік артып келеді. Өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, пайдаланылған энергия ресурстарының 68 проценттен астамы көмірден, 20 проценттен астамы газдан алыныпты. Гидроэлектрстансалардан алынған энергияның үлесі 10 процент шамасында.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жаңғырмалы энергетиканы дамыту жобаларының барлығы шетелдік инвесторлардың займдары есебінен, сондай-ақ республикалық бюджеттен және жеке қаражат көздерінен қаржыландырылады. Мемлекет жаңғырмалы қуат көздерінен алынған электр энергиясын тариф бойынша немесе аукциондағы баға бойынша сатып алуға кепілдік береді. 2009 жылы «Жаңғырмалы энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заң қабылданғаннан бері бұл секторға 58,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Қазақстан көмір қорының көлемі бойынша Қытай, Ресей, Аустралия сынды мемлекеттермен бірге дүние жүзінде алғашқы ондыққа кіретіні белгілі. Тәуелсіздік жылдарында өндіруші кәсіпорындар барлығы 2,3 миллиард тоннаға жуық қатты отын өндіріп, оның 600 миллион тоннадан астамы экспортқа шығарылыпты. Өткен жылдың өзінде 106,7 миллион тонна көмір өндіріліп, 2016 жылғы көрсеткіш 8,3 процентке артығымен орындалған. Қысқасы, елімізде көмір қоры жеткілікті, жүздеген жылға еркін жететін қор бар. Дегенмен бүгінгі таңда көмірді тереңдетіп өңдеу, сапасын сұранысқа сай көтеру, нарықтағы бағасын арттыру қажеттігі туындап отыр. Ең бастысы, көмір химиясы секторын дамытуға баса көңіл бөлінбек. Бұл мәселеге қатысты Қ.Бозымбаев:
– Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және энергия өндіруші компаниялармен бірлесіп энергия көздерін газға көшіру мүмкіндіктерін қарастыруда. Биыл елорданы, орталық және солтүстік аймақтарды газдандыру үшін «Сарыарқа» газ құбырын салу жұмыстары басталады, – дейді.
Соған орай, таяу болашақта электр стансаларының құрылғылары газтектес отындарды жағуға көшетін болады. Мәселен, Астанада жаңа нысандарды жобалау мен салу кезінде қатты отынмен жұмыс істейтін автономды қазандықтарға
тыйым салынады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар табиғи немесе ілеспе газға көшеді.
Жаңғырмалы энергия көздеріне көшуге байланысты қандай нақты құқықтық, экономикалық шаралар қабылданды? Бұл сауалға Энергетика министрі:
– Премьер-Министрдің өкімімен жаңғырмалы энергия көздері секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылды. Инвестициялар және даму министрлігі, Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп Американың Қазақстандағы Сауда палатасымен, Еуропа қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен бірқатар кездесу өткізілді. Энергетика министрлігі барлық ұсыныстарды қабылдап, оны тиісті нормативтік-құқықты құжаттарға енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр, – деп жауап берді.
Жаңғырмалы энергия көздерінің үлесін 2020 жылға қарай 3 процентке жеткізу ірі жобаларға қатысып жатқан инвесторлардың осындай қуат көздерінен алынған энергияны сатып алу туралы келісімшарт-
тарының есебінен жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда мұндай нысандардың жалпы қуаты 2 мың МВт-ты құрайды.
Жаңғырмалы энергия көздерін дамытуды мемлекет тарапынан қолдау 2009 жылы қабылданған заңнамада бекітілген. Аталған құжатта осы секторға инвестиция тарту мәселесі де қарастырылған.
Бұған дейін Жасыл климат қоры Еуропа қайта құру және даму банкінің тиісті бағдарламасының аясында Қазақстандағы Жаңғырмалы қуат көздерін дамыту жобаларына 110 миллион доллар қаражат бөлгенін ерекше атап өткен жөн. Ел Үкіметі Сауд Арабиясы корольдігінің Энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрлігімен, General Electric және Eni сынды алпауыт компаниялармен арадағы меморандум аясында Қазақстан аумағында «жасыл» жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылуда.
– Жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру арқылы Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі стратегиялық мақсатына қол жеткізетініне сенімдімін, – дейді Қ.Бозымбаев.
Басқа да дамушы елдер сияқты Қазақстан бертінге дейін негізінен дәстүрлі энергия көздеріне иек артқан, энергия тасымалдаушы шикізаттарды экспорттаумен айналысқан ел екені белгілі. Алайда болашақ әлемдік қоғамдастық алдындағы жауапкершілікті түсіне отырып, еліміз «жасыл» экономиканы мемлекеттік даму стратегиясы ретінде айқындады. Оны жүзеге асыру үшін қолға алынған шаралар еліміздің Париж келісімінің аясындағы парниктік газдарды шығару көлемін азайту және шектеу жөніндегі халықаралық міндеттемелердің үдесінен шығуына жол ашуға тиіс.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»