Аймақтар • 08 Қазан, 2018

«Жамбыл» қонақүйіндегі шағын музей

541 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда ғана үшінші жұлдызын алған Тараз қаласының орталығындағы «Жамбыл» қонақүйі талай жылдан бері мыңдаған қонақтарға сапалы қызмет көрсетіп келеді.

«Жамбыл» қонақүйіндегі шағын музей

Осыдан алпыс жылға жуық уақыт бұрын алғашқы қонақтарын қабылдаған қонақүйге әр жылдары қазақтың майталман өнер шеберлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері сынды көрнекті тұлғалар аялдаған. Өткен күндердің естелігі ретінде «Жамбыл» қонақүйінде «Кеңес кезеңіндегі «Жамбыл» қонақүйі» атты шағын музей ашылды. Көптің қызығушылығын тудырып отырған бұл музей – Әулиеата өңіріндегі қонақүйлердегі алғашқы бастама. 

Шағын музейдің ашылу салтанатында сөз алған Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова соңғы жылдары көптеген туристердің музейлік туризм саласына қызығушылық танытып отырғандығын атап өтті. «Талай тарихи сәттерді есте қалдыру мақсатында қонақүй жанынан шағын музейдің ашылуы құптарлық іс. Қазіргі туристер қай өңірге келсе де, сол жердегі тарихи орындармен танысуға құштар. Енді Әулиеата өңіріне келген туристер «Жамбыл» қонақүйіне аялдап қана қоймай, өңір тарихымен де жақсы таныса алады», деді ол.

Сонымен қатар шара барысында «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досым­беков тарихи деректер негізінде сөз сөйлеп, «Жамбыл» қонақүйі мен Тараз қаласы Төле би көшесінің бойындағы Жамбыл Жабаев ескерткішінің жыр алыбының 115 жылдығына орай бір күнде ашылғанын айтты. 

Жуырда ашылған шағын музей кеңестік үлгіде жабдықталған қонақүй бөлмесінде ұйым­дастырылған. Бөлмедегі аспалы шамдар, төсек орындары мен жазу үстелінің өзі өт­кен күннің естелігіндей болып тұр. Бір сөз­бен айтқан­да, көне шаһардың кешегі келбеті бейнелен­ген шағын музей ендігі жерде көптеген ту­ристердің қызығушылығын оятып, көне Тараз ту­ралы мағлұмат алатын орнына айналатын болады.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы