Өнер • 29 Қараша, 2018

Бояуға сіңген боздала

1403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада суретші Серікжан Ысқақбекұлының «Бояуға сіңген боздала» атты көрмесі өтті. Өзара үйлесім тапқан ауыл мен дала табиғатының шартты көріністері жалпыға ортақ кең панорамаға айналғандай.

Бояуға сіңген боздала

Көрмеге суретшінің пей­­заж жанрындағы 75-ке жу­ық туындысы қойылды. Се­рік­жан Ысқақбекұлының на­турасындағы пейзаждық этюд­­тарына адам мен табиғат­тың ажырамас бірлігі арқау етілген. Әсіресе кескіндемеші назарына көк аспан мен асқа­ра­лы шың биіктері көбірек іліккенін байқар едіңіз.

– Менің шығармаларымда кең-байтақ даламыздың дар­хандығы мен кеңдігін жыр­лаған табиғат көріністері басым келеді. Өйткені өзім ауыл­да туып-өскен соң ба, асқар таулар мен биік шыңдарды салуға ерекше құштармын, – дейді суретшінің өзі.

Жалпы пейзаждың дербес жанр ретінде Қытай­да XV ғасырда пайда бол­ғандығы айтылады. Ақын­дық шабыт басым келетін қытай суретшілерінің кескін­демесіндегі кеңістік мұнартқан тұманмен ұласып жататын шексіздікке негізделеді. Ал Серікжанның кескіндемелік туындыларындағы шексіз­дік­ке баланатын аспан бірде әне-міне жауардай болып түнеріп төбеңнен төнсе, бір­де ұшы-қиыры жоқ көк­жиек­пен момақан астасып жатады. Суретшінің сезімі, көңіл күйі, табиғатқа деген көзқарасы айрықша көрінетін «Бояуға сіңген боздала», «Ыстықкөл», «Үшқоз ауы­лы», «Қара жон», «Лапас үй» кар­тиналары суретші шы­ғар­ма­шылығындағы шоқтығы биік туындылар. «Лапас үй» туындысында ойнақы жылы түстердің өзара байланысы мамыражай көңіл күй тудырады. Композиция құрылымы орталық бөлікке негізделіп, айқара ашық жатқан есіктен бірден ішке көзіңіз түседі. Мұрныңызға қышқылтым құрт иісі келгендей ме, әлде қазан-ошақтың маңында ұзақты күн күйбеңдеп апаңыз жүргендей ме, әйтеуір дәл бала күнгідей қамсыз қарап тұрғандай боласың. 

– Пейзаж қандай да бір жерді айнытпай бейнелей салу емес, онда суретшінің ішкі толғанысын берудің тамаша мүм­кіндігі жатыр. Табиғат өте құбылмалы, сол сәтті ұстап қалу үшін барыңды салып, ыстыққа күйіп, суыққа тоңасың. Ал салған суретің тамаша шығып жатса барлық қиындықты ұмытып, көңіліңіз жадырап кетеді. Бұл ретте Ыстықкөлге сапар кезінде салынған композицияларымды ерекше айтар едім, – дейді Серікжан.

1978 жылы Қытайдың Іле-қазақ автономиялы облысына қарайтын Кеңсу ауылында туған Серікжан Шыңжаң көркемөнер акаде­миясының сурет факуль­те­тінде оқыған. «Ымырт» атты жұмысы Қы­тай ұлттық музейінің «Алтын қо­рына» сақталған.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»