Аймақтар • 10 Қаңтар, 2019

БҚО колледждері заңбұзушылыққа барған

578 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Батыс Қазақстан облысында 29 колледжде тексеріс жүргізіліп, мемлекеттік білім беру тапсырысын жүзеге асыру, техникалық, кәсіптік білімі бар маман даярлау барысында анықталған заңбұзушылықтар бойынша 72 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды» деп хабарлайды Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы.

БҚО колледждері заңбұзушылыққа барған

Мәселен, Ақсай техникалық колледжі контингентті негізсіз 116 тұлғаға көбейтіп, бюджеттен заңсыз 3 млн теңге алған. Қаражатты алу үшін оқудан шығарылған және оқуын аяқтаған тұлғалар жалпы тізімге әдейі енгізілген.

Бөкейорда, Жалпақтал, Қаратөбе, Теректі, Сырым және Шыңғырлау аудандарының колледждерінде сабаққа қатыспай, әр жерде жұмыс жасаған студенттерге шәкіртақы төлеу фактілері анықталыпты.

Мысалы, С. есімді студент 2016-2017 жылдары Теректі колледжінде оқи тұра, «Шыңғырлау ауданының ветеринариялық станциясы» МКК-да тұрақты жұмыс жасаған. Және ай сайын шәкіртақысын алып тұрған.

Тексерілген колледждердің бәрінде оқуын аяқтаған колледж түлектерінің жұмыспен қамтылуы жөніндегі мәлімет шындыққа сай емес, яғни асыра көрсетілген.

«Атап айтсақ, Жалпақтал ауданының колледжінде 2017 жылы жұмысқа орналасу көрсеткіші қағаз жүзінде 92%-ды құраған. Тексеріс көрсеткіштің іс жүзінде 48% екендігін көрсетті, өйткені 41 студент жұмысқа орналасу туралы өтірік мәлімет тапсырған» - дейді прокуратура.

Орал қаласының газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің кейбір студенттеріне оқу журналына белгі қойылғанмен, олар сол күндері шетелде болғаны анықталды.

Тасқала ауданының колледжінде басқа жерден келіп оқитын студенттерге жазғы және қысқы мерзімде жеңілдікпен жол жүруіне бөлінген 75 мың. теңге берілмей, шәкірттердің құқығы бұзылған.

Заң бұзушылықтың бір парасы жатақхана мәселесіне орай анықталған. Мәселен, тексерілген алты колледжде басқа қаладан келіп оқитын студенттерге арналған жатақхана жоқтығы анықталды. Олар – Орал ақпараттық-технологиялық, Орал политехникалық, Батыс Қазақстан индустриалдық, Ақсай техникалық, Экономика және ақпараттық технологиялар, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледждері. Ал мемлекеттік тапсырысты алу үшін жатақхананың болуы – міндетті шарт.

Батыс Қазақстан облысындағы жоғары және арнаулы оқу орындарында жатақхана жетіспеушілігі бұрын да айтылып келеді. Өңір басшысы Алтай Көлгінов өткен жылдың соңында облыстық мәслихат депутаттары алдында Елбасының бес әлеуметтік бастама бағдарламасы бойынша 1800 студентке арналған 5 жатақхана салу бойынша дайындық жұмыстары басталғанын хабарлаған болатын.

Прокурорлық тексеріс нәтижесінде бюджетке барлығы 8 млн. теңгеден астам қаражат қайтарылды және жауапкершілікке 72 лауазымды тұлға тартылды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан