Қазақстан • 16 Ақпан, 2022

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев өмірден озды

1548 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін, 16 ақпан күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» балет труппасының директоры Тұрсынбек Нұрқалиев 71 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев өмірден озды

Ол Қазақстан астанасындағы хореография өнерінің негізін қалаушылардың бірі болды.

«Оның әлемнің түрлі сахналарында жасаған бейнелерінің жарқын галереясы жанкүйерлерінің жадында ұзақ уақыт сақталады. Ал қазақстандық әртістердің саңлақтары шеберлердің кәсіби тәжірибесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын болады», деп жазды «Астана Опера» МОБТ баспасөз қызметі.

Тұрсынбек Нұрқалиев Алматы мемлекеттік хореографиялық училищесінде кәсіби балетпен айналыса бастады. 1970 жылдан 2000 жылға дейін ол Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының солисті болды.

2002 жылы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясын «режиссер-хореограф» мамандығы бойынша бітірген.

2000-2013 жылдары - К. Байсейітова атындағы НТБҰ бас балетмейстері болған.

2013-2015 жылдары – «Астана Опера» МОБТ балетінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарды.

2015 жылдан бастап балет труппасының директоры болды.

Тұрсынбек Нұрқалиев Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», П. Чайковскийдің «Щелкунчик» және «Аққу көлі», Л. Минкустың «Баядерка», А. Аданның «Жизель» балеттерін қойды.